Сайлауды бақылап жүрген “Еркіндік қанаты” ұйымы мәслихат сайлауына бір күн қалғанда, яғни 28 қарашада Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Ақкөл қаласындағы №99 сайлау учаскесінде сайлау учаскесі комиссиясының “бюллетеньдерді қолданып жатқаны көрінетін” видео келіп түскенін хабарлады.
Видеоны кандидаттардың бірі жіберген. Қордың айтуынша, Сайлау туралы заңның 37-бабы 5-тармағына сай бюллетеньдер сақталған бөлмеге мөр басылып, ішкі істер органдарының күзетіне берілуге тиіс. Бюллетеньдер учаскеге сайлауға 1-3 күн қалғанда жеткізіледі.
“Осы ретте көп сұрақ туындайды: комиссия нақты не істеп жатты? Егер бюллетеньдер полиция күзетіне тапсырылып, мөр басылып қойған болса, бөлмені не сейфті қайта ашып, оларды санауға не негіз болды? Оны ашып, қайта мөрлеу кезінде кімдер қатысты және бұл құжат жүзінде тіркелді ме? Аумақтық комиссия бюллетеньдердің сақталу талабы орындалғанын қалай тексермек? Бұл жағдай бойынша тексеру жүргізіп, ресми жауап беруді сұраймыз” деп жазды ұйым өкілдері.
Ақпаратқа Ақкөл аудандық аумақтық сайлау комиссиясы реакция білдірді. Сайлау комиссиясының хабарлауынша, “сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру күніне дайындық жұмыстарын жүргізген”.
“Дауыс беру күнінің қарсаңында учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлау бюллетеньдерін қайта санайды. Дауыс беру күні комиссия жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында учаскелік сайлау комиссиясы беруге дайындалған бюллетеньдерді сайлау учаскесінде тіркелген сайлаушылар санына қарай (мысалы, 10, 50 немесе 100 бюллетеньнен) алдын ала жеке-жеке топтап орналастырады. Бұдан кейін бюллетеньдердің саны аумақтық сайлау комиссиясынан алынғаны туралы актілердегі мәліметтермен салыстырылады. Сондай-ақ дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арасында бюллетеньдерді беру және қайтару ведомосін дайындау жұмыстары жүргізіледі” деп жауап берді комиссия өкілдері.
Сайлау комиссиясы өкілдері жауап бергеннен кейін қордың өкілі Елена Швецова оның жауабының астына " Олай болса, Сайлау туралы заңның қай бабы бойынша сайлау қарсаңында бюллетеньдерді есептеу жүргізілді" деп сұрады.
Әзірге, бұл сұраққа аумақтық сайлау комиссиясы өкілдері жауап берген жоқ.