Accessibility links

Оразалы Ержановтың ұсталуының жай-жапсары белгілі болды

Оразалы Ержанов "Елге қайтару" қорының жиынында. 2023 жыл.
Оразалы Ержанов "Елге қайтару" қорының жиынында. 2023 жыл.

Facebook және Instagram парақшалары бұғатталған журналист Вадим Борейкоға сүйенген Адам құқығын қорғау бюросы қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың ұсталуының жай-жапсарын жазды. Вадим Борейко Facebook-тағы парақшасында қоғам белсендісінің әйелі Аида Ержанованың сөзіне сүйене отырып, Ержановтың ұсталу хронологиясын көрсеткен. Бұған қоса, тағы бірнеше пост жариялаған журналистің парақшасы кейін бұғатталғаны белгілі болды.

Журналист жариялаған хронологияға қарағанда, Оразалы Ержановтың ұсталғанын тергеушілер жұбайы Аида Ержановаға 23 ақпанда кешке хабарлаған. 25 ақпанда Алматы қаласының тергеу соты оны күдік жарияланғанға дейін 10 тәулікке (5 наурызға дейін) қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындаған.

Оразалы Ержанов қазір Алматы қаласында уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Оның адвокаты Виталий Воронов журналистке сотқа дейінгі тергеу деректерін жария ете алмайтынын, себебі жария етпеу туралы қолхат бергенін және істен шеттетілу қаупіне байланысты қорғауындағы адамды қорғаныссыз қалдыра алмайтынын айтып түсіндірді. Воронов Ержановтың ұсталғаны және оған күдік жарияланбай 10 тәулікке қамауға алынғаны туралы жұбайының мәліметін растаған.

Жаңа Конституция жобасын қатаң сынап жүрген Оразалы Ержановтың ұсталғаны 26 ақпанда айтыла бастаған еді. Журналист Гүлжан Ерғалиева тінту де болғанын жазды.

Алматы полициясы 26 ақпанда түстен кейін хабарлама таратып, Ержанов ұсталғанын растады.

"Әлеуметтік желілерде шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірін пайдалану арқылы шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар, референдумды бойкоттауға шақырулар және азаматтарды жаңылыстыруға бағытталған өзге де мәліметтер жарияланғаны анықталды. Аталған дерек бойынша сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Оның әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесінде, заңсыз жарияланымдардың себептері мен мән-жайлары толық анықталғаннан кейін берілетін болады" деп жазылған полиция хабарламасында.

Оразалы Ержанов – заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры. 1990-жылдардың соңында Ұлттық банк төрағасының орынбасары және қаржы министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген қоғам белсендісі жуырда ол референдумға “ақылды бойкот” жариялау идеясын ұсынған еді. Ержановтың Facebook-тағы парақшасы кейінгі кезде "тазаланып", қазір соңғы жазба ретінде 8 ақпан күнгі пост болып тұр.

XS
SM
MD
LG