Accessibility links

Ақтаудағы Каспий басқосуына Иран шақырылған жоқ


Солдан оңға қарай: Бердымұхаммедов, Медведев, Назарбаев, Әлиев. Ақтау, 11 қыркүйек, 2009 жыл.
Солдан оңға қарай: Бердымұхаммедов, Медведев, Назарбаев, Әлиев. Ақтау, 11 қыркүйек, 2009 жыл.

Қазақстанның Ақтау қаласында Каспий жағалауындағы мемлекеттердің жетекшілері бейресми саммитке жиналды. Бірақ бұл жолы осы басқосуға Иран шақырылмады. Сонымен Ақтауда не және қалай талқылануы мүмкін.


БЕЙРЕСМИ САММИТКЕ ШАҚЫРЫЛМАҒАН ИРАН ӨЗ НАРАЗЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ

Әзірбайжан, Қазақстан, Ресей мен Түркменстан басшыларының Каспий жағалауындағы Ақтау қаласындағы «бейресми» Каспий саммитіне қатысатындығы туралы ақпарат осыдан бір айдан аз уақыт бұрын жарияланған болатын. Бірақ оған Каспий жағалауындағы бесінші ел – Иран шақырылмады.

Италияда орналасқан equilibri.net талдаушылар тобының сарапшысы Федерико Бордонароның айтуынша, бұл кездесуге шақырылмағандығына байланысты Иран ашу шақырып отыр.

«Бұл өте қызықты жайт, себебі, Иран саммитке шақырылмағанына байланысты наразылығын білдірді. Егер сіз Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Газпром басшысы Алексей Миллердің арасында қыркүйектің 7-інде болған келіссөздері туралы хабарларды оқысаңыз, Медведевтің «бірер күннен кейін Каспий жағалауындағы бірнеше елмен, яғни, Әзірбайжан, Қазақстан және Түркменстан мемлекеттерімен кездесу болады» деп мәлімдегенін байқайсыз. Оның «бірнеше» деген сөзді таңдауы өте қызық болды. Себебі, ол Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттер емес дегенді білдіреді», - дейді сарапшы Бордонаро.

Қыркүйектің 9-ы күні Иран сыртқы істер министрі Манучехр Моттаки «бұл кездесу Иранның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді» деп атап көрсетті. Оның айтуынша, Ақтаудағы саммит «бұдан бұрынғы келісімдердің шарттарын бұзады». Ол келісімдерде Каспий жағалауындағы 5 ел су жолындағы кез-келген шешім көршілес мемлекеттердің бәрінің қатысуымен жасалуы тиіс деген түсінушілікке қол жеткізген болатын деді Моттаки. Сарапшы Бордонароның айтуынша, Моттакидің пікірі дұрыс болуы мүмкін.

Қазақстан, Әзірбайжан, Түркменстан, Ресей басшылары Ақтаудағы бейресми саммитте, 11 қыркүйек, 2009 жыл.

«Ирандықтар Ресей Каспийде Мәскеу жетекшілігіндегі блок құрмақшы деп қауіптенеді. Оған Ресей мен бұрынғы советтік республикалар кіруі мүмкін. Бұл өз кезегінде Иранның араласуынсыз осы елдердің Каспийдегі ережелерді қалыптастыруына мүмкіндік береді. Иранның бұл кездесуге шақырылмауының тағы бір себебі бар болуы мүмкін, яғни дипломатиялық тілмен айтқанда, Иранның жағдайы қазір оңай емес», - деді Бордонаро.


ТЕҢІЗ БЕ, ӘЛДЕ КӨЛ МЕ?

Даулы сұрақтардың арасында "Каспий теңіз бе, жоқ әлде басқа теңіздерге шыға алмайтын көл ме?" деген сауал тұр. Бұл екі атаудың айырмашылығы Каспийдің бай көмірсутегі қорларын бөлуде өте маңызды деп есептеледі.

Егер тараптар Каспийді теңіз деп атауға келіссе, онда Каспий ұлттық секторларға бөлініп, жеке бір елдердің жағалаулары сызықтармен белгіленеді. Қазақстан сияқты Каспий жағалауындағы ұзын сызық бойындағы мемлекеттер Каспийдің үлкен бір бөлігіне ие болады.

Егер оны көл деп атаса, Каспий «бірлесіп иелену» мәртебесін алып, ондағы табиғи байлықтар елдер арасында тең бөлінуі керек. Каспий теңіз деп аталған жағдайда оның тек 13 пайызына ғана ие болатын Иран әрине, Каспийдің көл деп аталуын қалайды.

Қыркүйектің 7-інде Қазақстан сыртқы істер министрлігі ТМД-ның 4 елінің жетекшілері Каспийдің заңды мәртебесін талқыламайды деп мәлімдеді.

Бұған қарамастан осы мәселеге Теһранның күмән келтіруіне себеп бар дейді Бордонаро.

«Каспий аймағында Иранның тең құқыққа ие еместігіне, әрине тарихи себеп бар. Ресейдің бұрынғы совет республикаларымен қарым-қатынасы ерекше», - дейді Бордонаро.

БЕЙРЕСМИ САММИТТЕ НАБУККО ЖӘНЕ ӨЗГЕ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ЖАЙЛЫ СӨЗ БОЛМАҚ

Төрт елдің президенттері тағы басқа бірқатар мәселелерді талқылауы мүмкін. Мәселен, құбырлар мәселесіне көп назар аударылуы ықтимал. Еуропа Одағы, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Сирия, Түркия және тағы басқа елдер Каспийдің энергия ресурстарына қол жеткізгісі келеді. Сонымен қатар аймақтағы табиғи газ қорларына да қызығушылық танытып отырғандар аз емес.

Әзірбайжан мен Қазақстан және Түркменстан елдері жақсы жағдайда десе болады. Себебі олар экспорт жолдарын мейлінше түрлендіруді қалайды. Бірақ Ресей үшін бұл тиімді емес.

Еуропа Одағы қолдап отырған Набукко газ құбыры жобасы Әзірбайжан мен Түркменстаннан және бәлки, Қазақстан мен Өзбекстаннан газ алуды көздейді. Яғни бұл жоба арқылы Еуропаға жылына шамамен 31 миллиард текше метр газ тасымалдануы мүмкін деген болжам жасалып отыр. Набукко жобасы арқылы ЕуроОдақ Ресейдің газына деген тәуелділігін азайтқысы келеді.

Набукко жобасының картасы


Бұл жоспар жүзеге асуы үшін Әзірбайжан мен Түркменстан Каспий жағалауы бойынша өтетін құбырдың салынуында ынтымақтасуы керек болады. Бірақ бұл екі мемлекеттің арасында көмірсутегі жерлеріне байланысты бұрыннан келе жатқан дау таяуда өрши түсті. Сөйтіп Набукко жобасының дамуына үміт азайды.

Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев пен оның түркмен әріптесі Гурбангұлы Бердымұхаммедов әлгі проблемаларын Ақтаудағы саммитте шешуге тырысып көрмекші. Бірақ Ресей президенті Дмитрий Медведев алдында бұл мәселені шешу қиын болуы мүмкін.

Ресейдің «Газпром» компаниясы газды ресейлік құбырлар арқылы Еуропаға экспорттау үшін Әзірбайжан мен Түркменстаннан көгілдір отынның бәрін сатып алуға ниет білдірді.

Ақтаудағы саммитте сондай-ақ Медведев Бердымұхаммедовпен және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Каспийдің солтүстік-шығысында құбыр жобасының салынуы мәселесін талқылауы мүмкін. Бұл үш мемлекет пен Өзбекстан 2007 жылы құбырды салуға келіскен болатын, бірақ содан бері осы жобаға қатысты жұмыстар бәсеңдеп қалды.

Сонымен қатар басқосуда Медведев Бердымұхаммедовпен газ тасымалы мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Кремль ресмилерінің айтуынша, Ақтауда сондай-ақ газ бағасы сөз болуы ықтимал.

XS
SM
MD
LG