Accessibility links

Халық санағындағы "қисынсыз" сұрақтар адам құқығын бұза ма?


Қазақстанда 1-30 қазан аралығында ұлттық халық санағы өтеді. Интервьюерлер үйме-үй аралап, халық арасында сауалнама жүргізеді. Ресми дерек бойынша, 6,4 миллионнан астам адам (халықтың 33,8 пайызы) сауалнама сұрақтарына онлайн жауап берген. Респонденттер әлеуметтік желіде сауалнамада «тірі туып, кейін шетінеген» балалар немесе шетелге көшу ниеті туралы қисынсыз сұрақтар кездесетінін айтып, шағымданған. Азаттық халық санағы төңірегіндегі даулы мәселелер туралы сарапшылардың ойын білді.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші халық санағы. 2009 жылғы екінші санақ жемқорлық дауымен есте қалған. Ол кезде статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаева халық санағына бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген айыппен сотқа тартылған.

Биылғы халық санағында сұрақтар саны артып, сауалнаманы онлайн толтыру мүмкіндігі пайда болды. 2009 жылғы сауалнамада 71 сұрақ болса, биыл оған тағы 20 сауал қосылған. Халық санағынан кейін ұлттық статистика бюросы жиналған деректер негізінде статистикалық жинақ шығарып, қорытынды ақпаратты желіге жарияламақ.

Статистика агенттігі халық санағына дайындық үстінде. Астана (Нұр-Сұлтанның бұрынғы атауы), 25 ақпан 2009 жыл.
Статистика агенттігі халық санағына дайындық үстінде. Астана (Нұр-Сұлтанның бұрынғы атауы), 25 ақпан 2009 жыл.

"КЕЙ СҰРАҚТАР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАРАҚАТ САЛУЫ МҮМКІН"

Солтүстік Қазақстанда тұратын екі балалы ана Гүлайым Бижігітова (кейіпкердің сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) сауда орталығында есепші болып істейді. Азаттық тілшісі Гүлайымға онлайн-сауалнамадан өтуді ұсынды. Бірақ бірнеше минуттан кейін-ақ респонденттің сауалнама авторларына сұрағы көбейе бастады.

– Жеке табысым туралы ақпараттың не қажеті бар? Олар бұл туралы ай сайын жеке шотыма түсетін ақша мен зейнетақы жарнасынан-ақ біліп отыр емес пе? Дәл сол сияқты "Шетелде болдыңыз ба?" деген сұрақ та артық. Шекара қызметі онсыз да елге кіріп-шыққан азаматтарды тіркеп отырады. Мемлекет объективті деректер жинаудың орнына адамның рас не өтірік айтатынын тексергісі келетін сияқты, – дейді Гүлайым Бижігітова.

Гүлайымға "Жақын арада шетелге кету ойыңызда бар ма?" деген сұрақ та ұнамаған.

– Мүмкіндік болса, кез келген азамат сияқты бұл жақтан жақын арада кеткім келеді. Бірақ "жоқ" деп жауап беретін шығармын, – дейді Гүлайым.

Гүлайым "Бірінші балаңыздың туған күнін көрсетіңіз? (тұңғышыңыз қайтыс болған немесе сізбен бірге тұрмайтын болса да)" деген сұрақтан шошып, "Құдай, сақтасын!" деді.

– Шынымды айтсам, мына сұрақтан жүрегің су ете қалады екен. Жағымсыз сұрақ. Мұндай сұрақ баласынан айырылған әйелдерге психологиялық жарақат салуы мүмкін. Сұрақты басқалай қойса жарар еді. "Тағы да бала туу жоспарыңызда бар ма?" деген сұрақ та орынсыз деп ойлаймын, – дейді ол.

Сауалнаманың жартысына келгенде сайт істемей қалды. Гүлайым қалған сұрақтарға телефон арқылы жауап беріп, бір сағаттан кейін жұмысын толық бітірді. Телефонына халық санағынан өткені туралы бес цифр мен бір латын қарпінен тұратын смс-хабарлама келді. Хабарламада респонденттер саны көрсетілген: Гүлайым отбасы мүшелерінің атынан да сауалнама толтырған.

– Елден кету жоспары мен балаларға қатысты сұрақтар ұнамады. Қалғандары жаман емес. Бірақ бәрібір үйіме бөтен адамдар келіп, "Бала туу жоспарыңызда бар ма?" деп сұраса, дұрыс түсінбей қалар едім, – дейді ол.

30 қазанға дейін Гүлайымның үйіне интервьюрер келіп, оның шынымен халық санағынан өткенін тексеріп кетеді. Гүлайым оған онлайн халық санағынан өткенін растайтын кодты көрсетуі керек.

"БАЛАЛАР ТУРАЛЫ СҰРАУҒА ЕШКІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ!"

Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры Марат Башимов сауалнама Конституцияның "азаматтардың бостандығы мен тұрғын үйіне қол сұғуға болмайды" деген нормасын бұзады деп есептейді. Ол бұл пікірін 1 қазанда орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің өзіне де айтты.

Марат Башимов.
Марат Башимов.

– Бұл нормативті-құқықтық акт конституцияға қайшы келеді. Сауалнама мәжбүрлі сипатқа ие, ол азаматтардың құқығын бұзады. Азаматтарды мәжбүрлеуге болмайды. Конституцияға қайшы келетін нормалар мен мәжбүрлеу сипатын енгізуге құқықтарыңыз жоқ еді. Мәжбүрлеу сипатын енгізген болсаңыздар, прокуратураның неге еш шара қолданбай, үнсіз отырғанына таңғаламын. Неге қоғамға халық санағын қоймай тықпалап жатырсыздар? Бір сұраққа жауап бермесең, жүйе автоматты түрде келесі сұраққа жауап беруге мүмкіндік бермейді, – деді ол.

Башимовтың пікірінше, халық санағы әуел бастан-ақ сәтсіздікке ұшыраған. Ол Айдапкеловтен "Деректер базасында барлық ақпарат тұр, ал сауалнамада "Қанша бала өлді?", "Үй қандай материалдан салынған?" деген сұрақтар кездеседі. Ақылға қонбайтын сұрақтар. Шетінеп кеткен балалар туралы сұрауға ешкімнің құқығы жоқ! Неге сұрақтар алдын-ала әділет министрлігімен және ғылыми қауымдастықпен келісілмеген?" деп сұрады.

Башимов өз сөзін "сауалнама таратып, елді дүрліктірмес бұрын, сұрақтарды белгілі сарапшылармен талқылап алған дұрыс" деген ұсыныспен аяқтады.

Нұрболат Айдапкелов ведомствоның әрекеті мен халық санағы құқықтық нормаларды бұзбайды деп түсіндіруге тырысты.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов баспасөз мәслихатында. Нұр-Сұлтан, 1 қазан 2021 жыл.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов баспасөз мәслихатында. Нұр-Сұлтан, 1 қазан 2021 жыл.

– Сауалнама нормативті-құқықтық актілермен бекітіледі. Бұйрыққа қол қойылмай тұрып, құжат бірнеше кезеңнен тұратын мақұлдаудан өтеді. Яғни, бұл құжат он күн бойы "Ашық нормативті-құқықтық актілер" порталында тұрады. Аккредитациядан өткен қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар мақұлдағаннан кейін ғана әділет министрлігі құжатты тіркейді. Конституцияға қайшы келсе не басқа да заңбұзушылықтар анықталса, құжатты бекітпес еді. Халық санағының бланкісі үш рет қайта қаралды. Барлық кезеңнен өттік. Ешкімді полицияны ертіп апарып, мәжбүрлемейміз. Тек азаматтар мен интервьюерлердің қауіпсіздігі туралы айтып отырмыз. Бұл кедей аудандар, саяжай қауымдастығы мен ішкі істер министрлігінің арнайы есебінде тұратын адамдарға қатысты, – дейді Айдапкелов.

– Азаматтардың рұқсатынсыз олардың үйіне кіруге ешкімнің құқығы жоқ,– деді баспасөз конференциясына қатысып отырған ІІМ әкімшілік полиция комитетінің инспекторы Азамат Куримбаев.

"САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІНЕ ТОЛЫҚ СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ"

Әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина сауалнамадағы жеке басқа қатысты сұрақтарды мәселе көрмей, "олардың ешқандай ерекшелігі жоқ" деген пікір білдірді.

– Тірі туған балаларыңыз бен олардың қазір бар-жоғына қатысты сұрақтардың өзі "тым жеке ақпарат" деуге келмейді. Қазір елде туу көрсеткіші жоғары. Бірақ әзірге мұның себебін не демографтар, не әлеуметтанушылар, не саясаттанушылар түсіндіре алмай отыр. Сондықтан халықтан жиналатын статистикалық деректер қазақстандық әйелдердің репродуктивті мінез-құлқын, өңірлік және этникалық ерекшеліктерін көрсетеді деп ойлаймын. Әйелдердің репродуктивті мінез-құлқына сәйкес, барлық сәби бірдей тірі туа бермейді. Кейде балалар сәби кезінде шетінеп кетеді. Яғни, мұнда халықаралық критерийлер, тірі туған сәбилер мен балалар өлімін ескеретін индекстер бар. Бұл әлеуметтік талдау үшін өте маңызды деректер, – дейді Татьяна Резвушкина.

Сарапшы азаматтардың елден кету жоспары туралы сұрақтар мемлекетке қоғамдағы миграциялық көңіл-күйді анықтауға көмектесетінін айтады.

– Бізде ішкі және сыртқы миграция белсенді жүріп жатыр. Сондықтан қазақстандықтардың миграциялық стратегиясы қиын. Мысалы, басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстанда тұратын адамдар бар, бұл олардың азаматтығы мен патриоттық сезіміне қатысты күмән туғызады. Кей адамдар керісінше, Қазақстан азаматы бола тұра, алдағы өмірін басқа елмен байланыстырады. Міне осындай стратегияларды түсініп, талдау керек. Сондықтан мұндай сұрақтардың болуы заңды нәрсе, – дейді әлеуметтанушы.

Сарапшы кей сұрақтардың бюрократиялық сипатқа ие екенін, олардың қарапайым азаматтарға дұрыс естіліп, түсінікті болуы үшін жұмыс істеу керегін ескертеді.

"АНОНИМДІЛІК ПЕН ДЕРЕКТЕР ҚҰПИЯЛЫҒЫН САҚТАУ ҚИЫН"

Әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина қазір анонимділік пен халық санағы кезінде жиналған деректердің құпиялығы туралы айту қиын екенін, өйткені мемлекеттің қолында барлық азамат туралы тіркелген ақпарат барын айтады.

Әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина.
Әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина.

– Халық санағы парағына онлайн тіркелген кезде ЖСН нөмерін жазсаңыз, аты-жөніңіз бен тұрғылықты мекенжайыңыз шығады. Яғни, мемлекеттің қолында барлық азамат тіркелген деректер базасы бары айтпаса да түсінікті. Әртүрлі мемлекеттік мекемелерге барамыз, салық төлейміз, жылжымайтын мүлік сатып аламыз. Анонимділік пен деректер құпиялығын сақтау қиын, өйткені деректер базасын бұзатын адамдар бар. Статистика бюросы сақтық шараларын жақсылап қолға алған шығар деп ойлаймын. Бюрода бұл деректердің бәрін сақтап қалатын мамандар болуы керек. Бірақ әрине, ешкім жүз пайыз кепілдік бере алмайды, – дейді ол.

Әлеуметтанушы сауалнаманы онлайн толтыруға күмәнмен қарайды.

– Кейінгі екі жылда коронавирус пандемиясына байланысты оқу мен жұмыс процесінің онлайн форматқа көшуі Қазақстанда цифрлық теңсіздік мәселесі барын, яғни, тұтас аудандарда интернет жоғын, болса да, істемейтінін көрсетті. Онлайн халық санағы да теңсіздік факторынан хабар береді. Ауылды елдімекендерде тұратын респонденттер онлайн халық санағына қатыса алмайды, сәйкесінше, біз Қазақстан қоғамы туралы толық ақпарат ала алмаймыз, – дейді Резвушкина.

Сарапшының пікірінше, респонденттердің жас ерекшелігі де ескерілуі керек. Әлеуметтанушы технологияның тілін түсінбейтін егде жастағы адамдар онлайн халық санағынан шет қалады деп алаңдайды.

– Қазір деректердің қалай шығатыны және оны ары қарай қалай пайдаланатымыз туралы бас қатыру керек сияқты, – дейді әлеуметтанушы.

Резвушкинаның айтуынша, сауалнама нәтижесіне толықтай сенудің қажеті жоқ, өйткені адамдар сауалнаманы белгілі бір уақытта сол кездегі көңіл-күйіне сай толтырады, сұрақтар әркімде әрқалай реакция туғызады, оны әр респондент өзінше түсінеді.

"АЗАМАТТАР ТУРАЛЫ АСА ҚҰПИЯ АҚПАРАТ КӨРМЕДІМ"

Әлеуметтанушы Тимур Айсауытов халық санағы кезінде мемлекеттік органдардың өзінде жоқ деректер жиналатынын айтады.

Әлеуметтанушы Тимур Айсауытов.
Әлеуметтанушы Тимур Айсауытов.

– Кей мәселелер бір де бір мемлекеттік органның бақылауына кірмейді. Сондықтан онда бұл мәселеге қатысты ақпарат болмайды. Бұған тұрғын үй жағдайына қатысты сұрақтар да кіреді. Тұрғын үй қоры бойынша демографиялық деректерге, тұрғын үйлерде тұратын халық санына, олардың тұрмыс жағдайына, табыс көздеріне негізделген деректер жоқ. Жалпы алғанда, халық санағына арналған сауалнама жаман емес. Сауалнама мазмұны тапсырыс берушінің мүддесіне сай жасалады, – дейді әлеуметтанушы.

Айсауытов халық санағында халықтан дерек жинауға қарағанда жиналған ақпаратты терең әрі жан-жақты талдап, соның негізінде үкіметке әлеуметтік-экономикалық және басқа да салаларда пайдалы болатын жүйелі ұсыныстар дайындау әлдеқайда қиын екенін айтады.

– Ұйымдастырушылар мен зерттеудің басқа да реципиенттерінің салмақты талдау жүргізіп, қорытынды жасап, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ұсыныс дайындау қабілеті алаңдатады, – дейді сарапшы.

Айсауытовтың пікірінше, қазіргі заманда халықтан жиналған ақпараттың жүз пайыз құпиялығын қамтамасыз ету мүмкін емес.

– Деректердің құпиялығы – шартты әрі қымбат дүние. Әсіресе, Қазақстан сияқты мемлекеттер үшін. Мемлекеттік цифрлық жүйелерде халық санағы кезінде жиналатын ақпараттан әлдеқайда көп дерек жатқанын ұмытпау керек. Сондықтан халық санағы кезіндегі деректердің құпиялығы мәселесі риторикалық сипатқа ие, – дейді Тимур Айсауытов.

Әлеуметтанушы халық санағын "жоспарлы және үйреншікті" шара деп бағалайды.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан 2009 жылғы халық санағына 6,5 миллиард теңге жұмсаған (16,09 миллион халыққа шаққанда бір азаматқа 2,9 доллардан келген). 2021 жылы халық санағына 9,1 миллиард теңге (19,05 миллион халыққа шаққанда адам басына 1,1 доллардан келеді) бөлініп отыр. Ведомство шығын көлемінің артуын инфляциямен және халық санының өсуімен түсіндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG