Accessibility links

Наурыз мейрамын Орталық Азия елдері жаңа жыл ретінде тойлайды. Бірақ әр елде бұл мейрамды атап өту дәстүрі мен арнайы дайындалатын тағамдар бір-біріне ұқсамайды.

Иранда тұратын этникалық қазақ Мехран Пилтан наурыздың 21-і күні Иран күнтізбесі бойынша 1397 жыл кіретінін айтады. Наурыз мейрамын тойлау шаралары күн шыққан сәттен, яғни таңғы жетіден басталады.

- Мерекеде дастарханға жеті түрлі ас қойылады. Одан бөлек "с" әрпінен басталатын дән қоямыз. Мысалы алма, жидек, жүгері мен бидай сияқты дәндер. Бұлардың барлығы парсы тілінде "с" әрпінен басталады, - дейді Иран қазағы.

Фотогалерея: Иран мәдениеті мен өнеріндегі Наурыз бейнесі

Мехран Пилтанның айтуынша, ирандықтар Наурыз мерекесін ұлттық мерекесі деп біледі және 14 күн тойлайды. Ал мемлекеттік қызметкерлерге бес күн демалыс беріледі. Наным-сенімі осы мерекемен байланысты жергілікті халық мейрамның 13-күні бидай дәнін егістікке апарып шашады.

- Он үшінші күні жаппай сыртқа шығып, басқа халыққа қосылу, табиғат аясына бару, көк өскіндерді суға лақтыру, қызыл балықты суға жіберу сияқты рәсімдер өткізеді. Оны өздері "он үшінші күні үйде болсаң, ауру-сырқау болып қаласың" деп түсіндіреді. Сол себепті үйде ешкім қалмауға тырысады. Бұл – оларда өте ертеден келе жатқан сенім. Соңғы күні наурызды далада атап өткен жұрт ертеңінде жұмыстарына кірісіп кетеді, - дейді ол.

Иран жұрты Наурыз мейрамы кезінде келін түсіру тойын, пайғамбар жасына (63 жас) толу мерейтойын жасап, дастарқан жаяды.

Наурыз мейрамы алдындағы сауда. Тегеран. 19 наурыз 2018 жыл.
Наурыз мейрамы алдындағы сауда. Тегеран. 19 наурыз 2018 жыл.

"САМАНАК" пен "СУМАЛАК"

Ал Ауғанстанның Кабул қаласында тұратын Абдулрахиб Мүсілімбектің айтуынша, бұл елде Наурыз мерекесін үш күн тойлайды. Мейрамда ұлттық тағамдарын пісіреді.

- Ауғанстанда наурыздың 21-і күні жаңа жыл басталады. Ауғандардың "саманак" деген тағамы бар. Соны жасаймыз. Жаңа өсіп келе жатқан бидайдың өскінін қайнатады. Қазанға салып, белгілі мөлшерде су құйып, суы сарқылғанша қайнатады. Ең соңында қызарып піскен саманакты бөліп, туыс-туғандарына таратады. Мүмкіндігі барлар тауға барып, мал сояды. Ал ондай мүмкіндігі жоқтар бір-біріне қонаққа барып, туған-туыстарын аралайды, - дейді ауғанстандық қазақ.

Абдулрахибтің сөзінше, ауғанстандық қазақтар Наурыз көже қайнатпайды. Оның орнына мал сойып, қамыр жаяды.

Өзбекстанда ұзақ уақыт басшылық қызмет атқарған, қазір Қазақстанда тұратын Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Өзбекстан қазақтары наурызда "сумалак" деп аталатын тағам жасап, шырындық қайнатады.

- Студент күнімізде соларды жедік. Сумалакты пісіру үшін бидайды бір апта бұрын суға салып, өсіреді. Жаңа өсіп келе жатқан бидай көгін қазанға салады да, оған қант пен май қосып бір күн қайнатады. Ал шырындықты дайындау үшін жұмыртқа, қант және бал қосады. Сумалакты жеген, жұмыртқа мен қант араласқан балды жеген адам күні бойы тоқ жүреді, - дейді Өзбекстан қазағы.

Өзбекстан бұл мейрамды наурыздың 21-інен бастап тойлайды. Жобаев Ислам Каримовтің билігі тұсында Ташкенттегі үлкен саябақтардың біріне "Наурыз" деген атау берілгенін, осы саябаққа жыл сайын ел президенті келіп арнайы сөз сөйлеп, мерекелік шаралар өткізетінін айтады.

"НАУРЫЗ КӨЖЕ" мен"СҮМЕЛЕК"

Қырғызстанда туып өскен этникалық қазақ Нұрсыдық Жақсығұлов:

- Наурызды тойлауда қазақ пен қырғыздың арасында аса көп айырмашылық жоқ. Қырғыздарда "наурыз көже" деген атау жоқ. Оны "сүмелек" деп атайды. Ауғанстан мен Иранда наурыз мерекесі ежелден тойланып келе жатқанымен советтік елдердің құрамында болған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан ресми түрде 1990 жылдардан бастап атап өтеді, - дейді.

Бішкектегі Наурыз мейрамы.
Бішкектегі Наурыз мейрамы.

Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланған Наурыз мейрамы айдың 21-інен бастап үш күн қатарынан тойланады.

Наурыз мерекесіне Қазақстанда 1926 жылы діни мейрам ретінде тыйым салынған. Ал 1988 жылдан бері қайта тойлана бастаған.

2010 жылы мамырдың 10-ы күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз "Халықаралық Наурыз мейрамы" деп белгіленген. Бас ассамблеяның қарарында "Наурыз көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста тойланған" деп жазылған. 2009 жылғы қыркүйектің 30-ы күні ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG