Accessibility links

Жәдидтер мен Алаш қозғалысы. Орталық Азия елдері қуғын-сүргін құрбандарын дәріптеуге неге қорқады?


Өзбектің "Арман" деп аталған деректі фильміндегі кадр. Суретте қуған-сүргінге ұшыраған жәдидшіл азаматты сомдаған актер.
Өзбектің "Арман" деп аталған деректі фильміндегі кадр. Суретте қуған-сүргінге ұшыраған жәдидшіл азаматты сомдаған актер.

20-ғасырдың басында Орталық Азияда ағартушылықпен айналысып, Совет Одағы тұсында қудалау көріп, атылған ғұламалар көпшілікке қайта таныла бастады. "Бұған Өзбекстан мен Қазақстан сияқты Совет Одағынан тәуелсіздік алып шыққан мемлекеттер билігінің еш қатысы жоқ. Олар қуғын-сүргін көрген азаматтар санын растағаны болмаса, оларды ақтап, мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге көп күш салған жоқ" дейді сыншылар.

Орталық Азияның екі үлкен мемлекеті – Қазақстан мен Өзбекстанда Совет Одағы тұсында қуғын-сүргінге ұшыраған реформатор-модернистер туралы деректі фильмдер мен телехикаялар түсіріліп, осы тақырыпта ірі конференциялар ұйымдастырылады.

Бірақ авторитар билік халықтың өткен ғасыр ғұламаларына деген ықыласын аса құп көрмейтін сияқты. Бұл негізінен постсоветтік елдердің қазір Украинаның жарты территориясын тартып алу үшін қанды соғыс жүргізіп жатқан Мәскеудің қабағына жалтақтауымен байланысты. Дегенмен авторитар режимнің халық батырларын дәріптеу процесін жіті қадағалауға өз себебі де бар.

Жәдид жолын қуушы Осман Қожа. Ол ғұмыры қысқа болған Бұхара халықтық совет республикасын басқарған.
Жәдид жолын қуушы Осман Қожа. Ол ғұмыры қысқа болған Бұхара халықтық совет республикасын басқарған.

Өзбекстанда 20-ғасырда Ресей империясының түркітілдес өңірлерінде қалыптасқан мұсылман зиялыларының прогрессивті қозғалысы – жәдидтер туралы қайта айтыла бастады.

Өзбектердің көбі бұл топ өкілдерін мемлекеттің негізін қалаушы, үлгі тұтарлық азаматтар көреді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев те өз сөзінде жәдидтерді жиі мысалға келтіреді.

Кейінгі бірнеше айда президент жәдидтер қозғалысы мен олардың идеясын мақтап, үкімет өз месседждері қамтылған деректі фильм де түсірді. Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева конференцияда жәдидтер тақырыбында ұзақ баяндама оқыды.

– Жәдидтердің идеясы, арманы мен тілегі президент Шавкат Мирзияевтің саясатынан көрініс тапты. Президент бастаған Жаңа Өзбекстан өркениетті құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құру, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру, сөз еркіндігін қамтамасыз ету жолында келе жатыр, – деді Мирзияева 11 желтоқсанда өткен "Жәдидтер: ұлттық болмыс, тәуелсіздік пен мемлекеттік идеясы" атты конференцияда сөйлеген сөзінде.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

22 желтоқсанда Ташкентте өткен "Білім және руханият" жиынында Мирзияевтің өзі "Жаңа Өзбекстан" концепциясын жәдидтер идеясымен салыстырды.

Жәдидтер идеясын жалғастырушы неожәдидтерге президенттің салыстыруы ұнамады.

Қазақстанда жәдидтермен қатар құрылған "Алаш" қозғалысының өкілдері поп-мәдениеттегі танымал тұлғаларға айналды. Өткен жылдың екінші жартысында шыққан "Міржақып. Оян қазақ!" фильмі халық арасына кең тарап, биліктің өзін таңғалдырды.

"Алашорда" үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханов.
"Алашорда" үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханов.

Фильм мемлекеттік "Қазақстан" телеарнасының қолдауымен түсірілген. Сондықтан қазанның басында кинотеатрлардың фильмді көрсетілім кестесінен алып тастауы халықтың ашу-ызасын туғызды.

– Біз мұндай дүрлігу болады деп ойлаған жоқпыз. Шынында да, уақыты алдын ала таңдалды. Көрермендер осы фильмнің көрсетілімі одан әрі жалғасқанын қалаған соң, тағы бір аптаға ұзарттық, – деді ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева.

Балаеваның айтуынша, фильмнің көрсетілімі прокат уақыты аяқталған соң тоқтаған. Кинотеатрға барып үлгермегендер фильмді онлайн көре алады.

Бұл сәйкестік болуы мүмкін, бірақ "Міржақып. Оян қазақ!" фильмінің көрсетілімі Семейде бір көрермен кинотеатрда тұрып, халық алдында өз пікірін айтқаннан кейін тоқтады. Елдос Досанов фильмде көрсетілген қуғын-сүргін қазір де жалғасып жатқанын айтып, халықты "тарихтың қайталануына жол бермейік" деп үндеген.

Көп ұзамай Досанов әкімшілік қамауға алынды. Сот оның кинотеатрдағы сөзін рұқсат етілмеген митингіге шақыру деп бағалаған.

ҰЛТ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАР

"Алаш" партиясымен салыстырғанда, жәдидтер ұлттық қозғалыс болмаған. Қозғалыстың негізін қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы қалаған. Жәдидтер сол кездегі басқа пантүркілік ұйымдар сияқты еді.

20-ғасырдың басында жәдидтер Өзбекстанның қазіргі аумағында қызмет етті. Олар медреседен сауат ашып отырған қоғамды модернизациялап, білім бергісі келді.

Жүздеген жылдар бұрын Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар ислам діні орталықтарының бірі болған. Бірақ дүниежүзілік сауда теңіз қатынасы алға шығып, құрлықтағы Жібек жолында сауда тоқтап қалған.

Иосиф Сталин.
Иосиф Сталин.

19-ғасырдың соңында өңір Ресей империясының қол астында болды. Империя мұсылман халықтарын тікелей болмаса да, Бұхараның соңғы әмірі Мұхаммед Әлім хан сияқты басшылардың көмегімен басқарып отырды.

Ташкентте туған Абдулла Авлоний мен Мунавварқори Абдурашидхон сияқты жәдидтер мектеп салып, газет шығара бастады. Бұл әмірдің қолдауына сүйенген діни консерваторларға ұнаған жоқ.

1920-1930 жылдардағы сталиндік репрессия кезінде көп жәдидпен бірге Абдурашидхон да ату жазасына кесілді.

Сол жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш зиялылары мен басқа да диссиденттер сияқты жәдидтер қозғалысының өкілдері де 1980-жылдардың соңында Совет Одағының басшысы Михаил Горбачевтің қаулысымен ақталды.

2016 жылдан беріп Өзбекстанды басқарып келе жатқан Шавкат Мирзияев – Орталық Азия басшыларының арасында өзін сол дәуірдің зиялыларымен байланыстыратын жалғыз адам.

Жақында Өзбекстанда жәдидтер туралы "Арманшылдар" деп аталатын фильм түсірілді. Азаттықтың Өзбек қызметінің дерегінше, фильмді түсірген Blue White and Green Production компаниясы президенттің күйеубаласы Отабек Умаровтың отбасымен байланысты.

Қарашада жарық көрген фильм жәдидтер қозғалысының заманауи қолдаушылары арасында сынға ұшырады. Олардың пікірінше, билік жәдидтердің ислам дініне сіңірген еңбегін жоққа шығарып, қозғалысты өздеріне ұнайтын қалыпта танытуға тырысып жатыр.

Фильмді сынаған тағы бір топтың айтуынша, түсірілімге Eurovision байқауына қатысқан ұлты – тәжік, ресейлік әнші Манижаны шақыру империя мен сталиндік жүйе кезінде жәдидтерге қарсы қуғын-сүргін жүргізген Ресей билігіне оңай құтылып кетуге мүмкіндік береді.

Тәжікстан мен Ресейде өнер көрсететін әнші Манижа "Арман" фильмінде.
Тәжікстан мен Ресейде өнер көрсететін әнші Манижа "Арман" фильмінде.

Экономикалық сарапшы, жәдидтер қозғалысының қолдаушысы Жәмшит Мүслімов деректі фильмде Николай II патшаны Орталық Азияны модернизациялаушы тұлға етіп көрсету – үлкен қателік деп санайды.

– Деректі фильмде Сталин тұсында жәдидтерді қудалау олардың тәуелсіздік пен мемлекеттік алу жолындағы күресін басып-жаншу емес, сол кездегі заңдылық сияқты көрсетілген, – дейді Муслимов.

"АЛАШТЫҢ УАҚЫТЫ КЕЛЕДІ"

"Арман" деп аталған фильмнің президенттің әулетімен байланысы барын ескерсек, фильмде Мәскеудің кінәсін жұмсартып көрсету себебін түсінуге болады.

Жәдид қозғалысының негізін қалаған Қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы.
Жәдид қозғалысының негізін қалаған Қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы.

Мәскеу – Орталық Азия елдерінің негізгі серіктесі. Ресей царизм немесе коммунизм тұсындағы қылмыстары туралы сынды көтере алмайды.

2019 жылы Қазақстанда 1930-жылдары кемі 1 миллион қазақтың қырылуына әкелген аштық туралы тәуелсіз деректі фильм шықты. Ресейдің сыртқы істер министрлігі фильмдегі деректерді жоққа шығарып, Орталық Азия елдеріндегі ұлттық көзқарастағы азаматтарды айыптады.

– СССР халықтарына ортақ трагедияны жекелеген ұлт, дін немесе нәсіл өкілдерін қырып-жою үшін қасақана қолдан ұйымдастырылған саясат деп бағалауға негіз жоқ. Бұл орыстілді халық саны көп қос мемлекет арасына іріткі салып, ұлтаралық жеккөрініш туғызатын, орыстарға қарсы көңіл-күйге әсер ететін провокация, – деді министрлік өкілі.

Былтыр күзде кинотеатрдан көрсетілген "Міржақып. Оян қазақ!" фильмінде Ресейдің шамына тиетін ештеңе болған жоқ.

Фильмнің атауы алаш ақыны Міржақып Дулатұлының 1909 жылы патша үкіметі тыйым салған "Оян қазақ!" кітабынан алынған.

Міржақын Дулатұлы кейіннен Ресейдегі азаматтық соғыс кезінде құрылған Алашорда партиясына қосылды.

Кинотуынды алғашында телехикая ретінде түсіріліп, "Қазақстан" арнасынан көрсетілген. Кейін толық метражды фильмге айналды.

Омбы қаласындағы архивтен табылған мына видеода "Алаш" әскері көрсетіледі.
Омбы қаласындағы архивтен табылған мына видеода "Алаш" әскері көрсетіледі.

Алматыда тұратын тарихшы Хангелді Әбжановтың пікірінше, Алаш қозғалысының көп идеясы қазіргі биліктің саясатына сай келмейді.

– Алашордалықтар парламенттік басқару жүйесін қолдады. Ал бізде қазір суперпрезиденттік республика. Алаш әлемнің дамыған мемлекеттерімен байланысын нығайтқысы келді. Біздің үкімет постсоветтік елдерді жағалап жүр. Алаш қазақтың мүддесін жоғары қоятын, қазіргі шенеуніктер орыс тілін төбесіне көтеріп, Ресейге жақын болғысы келеді, – дейді тарихшы.

Бірақ қазақстандық шенеуніктер алашордалықтарды сөз жүзінде қолдауға шебер. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Әлихан Бөкейхановтың 155-жылдық мерейтойына орай сөйлеген сөзінде "Алаш" партиясы мемлекеттік үлгісін көрсеткенін айтқан.

2017 жылы "Алаш" партиясының құрылғанына 100 жыл толғанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев "Алаш – ата-бабамыздың еркіндік пен тәуелсіз мемлекет құру жолындағы арман-тілегі. Бүгін сол арман орындалды. Олар аңсаған еркіндікке біздің ұрпақ қол жеткізді", – деді.

Тарихшы Әбжанов алаш тақырыбына әлі де лайықты көңіл бөлініп отырған жоқ деп есептейді.

– Қазақстан билігі халықтың құрметіне бөленген Алаш зиялыларына лайықты баға бермесе, өзін орға жығады. Алаш тақырыбы көлеңкеде қалып келе жатыр. Бірақ Алаштың уақыты әлі келеді, – дейді Әбжанов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG