Accessibility links

ИМ содырлары Тәжікстанға сес көрсетті


Өзін "Абу Умариен" деп таныстырған адам (оң жақта) мен оның жанындағы серігі бейнеленген видеодан скриншот.
Өзін "Абу Умариен" деп таныстырған адам (оң жақта) мен оның жанындағы серігі бейнеленген видеодан скриншот.

Өздерін "Ислам мемлекеті" тобы құрамында соғысып жүргендерміз деп таныстырған біреулер Тәжікстанда "жиһад" жасауға басшыларынан рұқсат сұрағанын айтады.

Өздерін радикалды "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобы құрамында Иракта соғысып жүргендер ретінде таныстырған, тәжік тілінде сөйлейтін адамдар түскен видео әлеуметтік желі арқылы тарады. Онда ИМ содыры "халиф" Абубакр әл-Бағдадиден Тәжікстанда "жиһад" жасауға рұқсат сұрағанын мәлімдеген.

Видеожазбада жасы 30-дар шамасындағы сақалды ер адам өтініштерін Бағдадиге жеткізген "әмірлері" "әзірге күте тұру керектігін" жеткізгенін айтады.

"Ислам мемлекеті" тобының "әмірлері" Сирия мен Ирактың өздерінің бақылауындағы жекелеген аймақтарында содырларды басқарады. Видеоға түскен содырдың сөзінше, оларға "әмірлері" Бағдадидің рұқсатын күту қажеттігін айтып, тек рұқсат етілгеннен кейін ғана содырлар Тәжікстанға "жиһад" жасай алатынын жеткізген.

Жол бойында түсірілген видеодағы содырдың сөзіне қарағанда, ол жолаушылардың "қалаға темекі мен ішімдік кіргізбеуін" және әйелдердің хиджаб киіп жүруін қадағалайды. "Ислам мемлекеті" тобы басып алған аумақтарда шариғат заңдарын енгізіп тастаған.

Өзін "Абу Умариен" деп таныстырған ер адам видеода содырлар Бағдадиден Тәжікстанға барып, ондағы "Ансорулло" тобының моджахедтеріне қосылып "кәпірлермен" күрес жүргізуге рұқсат сұрағанын айтады.

Абу Умариен бұған дейін де басқа ондаған тәжік азаматтарымен бірге видеороликтерге түскен. Интернетте тараған ол видеоларда "жиһад" пен "Ислам мемлекеті" тобы жайлы айтылған. Абу Умариен өзін Тәжікстанның Рашт алқабы Нурабад ауданындағы Самсолик елді мекенінің тумасы ретінде таныстырған.

Бұл видеороликтің расымен Иракта жасалғанын анықтау мүмкін болмай отыр. Видеода Абу Умариен тоқтатқан көліктегі жолаушылардың араб тілінде акцентпен сөйлейтін тұсы бар. Жолаушылар өздерін тоқтатқандарға темекі әкеле жатпағандарын айтады.

Жазба түсіріліп жатқан кезде кадрда велосипед мінген екінші адам көзге шалынады. Ол Тәжікстан азаматтарын Түркия арқылы Иракқа немесе Сирияға келіп, жанкешті болуға шақырады. Сонымен бірге ол егер Түркия екі елге өтіп жатқан содырларға кедергі келтірсе, онда Түркия территориясында жарылыстар жасалатынын ескертеді.

Ирак пен Сирияда соғысып жүрміз дейтін жас тәжіктер әлеуметтік желілерде, әсіресе "Однокласники" мен Facebook-те өте белсенділік танытып жүр. Олардың парақшаларында "Ислам мемлекеті" содырлары жасаған жаппай қырғыннан түсірілген роликтер жетерлік.

Содырлардың бұл әрекетін Тәжікстандағы көптеген белгілі дін қайраткерлері айыптап, кісі өлтірудің исламға қайшы екенін және оның дін мен мұсылмандыққа еш қатысы жоқтығын мәлімдеген.

Радикалды "Ислам мемлекеті" тобы террористік "Әл-Қаида" ұйымынан бөлініп шыққан. Ұйым қысқа мерзімде Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігіне бақылау орнатып, ол аймақтарда "ислам халифатын" жариялаған. Өзін ИМ "халифымын" деп жариялаған Абубакр әл-Бағдади, кейбір деректер бойынша, Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн армиясында офицер болып қызмет атқарған.

ИМ тобы барлық мұсылман мемлекетін біріктіретін "ислам халифатын" құруды көксейді. Ұйым түзген картада "халифат" құрамына Орта Азия елдері, Иран, Ауғанстан, Пәкістан мен Үндістан "Хорасан" деген жалпы атаумен кіргізілген.

Тәжікстан билігінің дерегінше, қазір Ирак пен Сирияда "Ислам мемлекеті" қатарында 300-ге жуық тәжікстандық соғысып жүр. Бірақ, олардың өздері әлеуметтік желілерде Ирак пен Сирияда содырлар қатарында жүрген жас тәжік азаматтарының саны 1 мыңға дейін жетеді деп жазады.

XS
SM
MD
LG