Accessibility links

Рахмон қымбат көлікпен оқу орнына келуге тыйым салды


Тәжікстандағы үйлену тойы кезіндегі автокөліктер кортежі. Наурыз, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон оқу орнына өз көлігімен келетін ауқатты отбасылар балаларын сөкті. Студенттердің университетке көлікпен келуі дұрыс еместігі жайлы бұған дейін айтылған, бірақ оны елеп жатқандар шамалы.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мамырдың 13-і күні жиында сөйлеген сөзінде елдегі үш мыңға жуық жол-көлік апатының жартысы жас және тәжірибесіз жүргізушілердің кінәсінен болған деп мәлімдеді. Елде соңғы екі жылда жол-көлік апатынан бір мың адам қазасы тіркелген.

ШЕНЕУНІК БАЛАЛАРЫН ШЕКТЕУ

Президент балаларына «өте қымбат» көлік әперген шенеуніктер мен жеке кәсіпкерлерді сынады, «оқу орнына әлгіндей көлікпен барған жастар өздерінің де, басқалардың да өміріне қатер төндіреді» деді Рахмон.

Жол-көлік апатының санын азайту және байлығын мақтан қылатындарға тыйым салу үшін Рахмон университетке қымбат көлік теуіп келген студенттер «оқудан шығарылсын және басқа ешбір оқу орнына қабылданбасын» деп бұйырды.

Душанбе көшесіндегі көліктер. (Көрнекі сурет.)
Душанбе көшесіндегі көліктер. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстан президенті бір айға толар-толмас уақытта осымен екінші мәрте «қымбат көлік айдайтын жас жүргізушілерге» шүйлігіп отыр. Оның айтуынша, жол-көлік апатына көбінесе әлгіндей жастар кінәлі және олардың басым көбі мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің балалары.

Эмомали Рахмон сәуірдің соңында үкімет отырысында шенеуніктерге ескерту жасап, балалары заңды бұзса оқудан шығарылатынын айтқан еді. Осыдан соң ішкі істер министрлігі бұрын-соңды болмаған әрекетке барып, «2017 жылдың алғашқы 4 айында жеке көлігімен жүріп, жол ережесін бұзған 313 студенттің тізімін» жариялады.

Ол тізімде студенттердің аты-жөні мен оқу орны, көлік құралы көрсетілген, олардың жылдамдықты арттырғаны, сақтандыру құжатынсыз немесе қауіпсіздік белбеуін тақпай көлік айдап, жол қауіпсіздік ережелерін бұзғаны баяндалған.

ШЫҒЫНДЫ АЗАЙТУ ЖОЛДАРЫ

Соңғы жылдары Душанбеде адам қазасына апарып соққан жол-көлік оқиғаларының біразын жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары жасаған. Сондай ең шулы оқиғалардың бірінде – қазан айында түн мезгілінде BMW маркалы көлігі басқа көлікпен соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тапты. Апатқа ұшыраған көліктің рөлінде мемлекеттік теміржол компаниясының ықпалды жетекшісінің 16 жастағы ұлы отырғаны анықталды. Жасөспірімнің анасына «Ата-ана жауапкершілігі» туралы Тәжікстан заңы бойынша айыппұл салынды, бірақ кейін полиция жас жүргізушіні ақтап алды.

Осы оқиғадан соң үш апта өткенде Душанбеде «Қауіпсіз қала» науқаны басталды, президенттің баспасөз қызметі қала көшелеріне қозғалысты бақылайтын 850 бейнебақылау камерасы орнатылғанын мәлімдеген. Ол камералар көшедегі көптеген тәртіп бұзу оқиғалары мен «шенеуніктер және ауқатты азаматтардың балаларының қатысуымен болатын жол-көлік апаттарының алдын алуға» арналғаны хабарланды.

2017 жылы Тәжікстан тәжірибесіз жүргізушілердің кесірінен болатын жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін студенттердің мектепке көлікпен баруына және оқу орындарында эгалитарлық орта құруына тыйым салған. Бұған дейін Эмомали Рахмон Жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік агенттікке қымбат көлік мініп жүрген студенттердің табысын тексеруді бұйырған еді. Осы жылы Тәжікстанда студенттердің қымбат әшекейлер тағуына, университет қалашықтарында ұялы телефондар ұстауына тыйым салынды.

Некелесу рәсімін күтіп тұрған тәжік жастары. (Көрнекі сурет.)
Некелесу рәсімін күтіп тұрған тәжік жастары. (Көрнекі сурет.)

Сонымен қатар Рахмонның бастамасы бойынша отбасылардың үйлену тойы, жаназа және т.б. шараларды өткізгенде шығынды шектеу қоятын заң қабылданды. Жергілікті тілде «реттеу» деп аталатын заң дәстүрлі той-томалақтар өткізгенде артық шығынға жол бермеуді көздейді.

Адам басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 3000 доллардан келетін Тәжікстан Орталық Азияның ең кедей мемлекеті саналады, тұрғындардың дені негізінен шетелде жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттарының аударған ақшасына күн көреді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG