Accessibility links

Тәжікстанда тағы да доллар тапшы


Валюта айырбастайтын орында тұрған адамдар. Душанбе, 9 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Валюта айырбастайтын орында тұрған адамдар. Душанбе, 9 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жергілікті кәсіпкерлер Тәжікстан банктерінде АҚШ валютасын сатып алу мүлде мүмкін болмай кетті деп шағынады. Елдің несие мекемелерінің валюта айырбастау орындары «бізде доллар жоқ» дейді.

Душанбе қаласында тұратын кәсіпкер Курбон Сохибов 300 доллар іздеп, кейінгі екі күн бойы валюта айырбастау орындарының бәрін аралап шыққанын, бірақ босқа әуре болғанын айтады. «Маған шұғыл доллар керек, бірақ мен барған банктердің бәрі «Доллар жоқ, егер долларыңыз болса, қуана-қуана сатып аламыз» деп жауап береді. Енді не істерімді білмеймін» деп уайымдайды ол.

Жергілікті кәсіпкерлердің сөзінше, олар тауарларының көп бөлігін шетелден қолма-қол долларға сатып алады, сондықтан амеиркалықвалюта тапшылығынан бизнес үлкен зиян шегіп жатыр.

Бұған қоса, кейінгі апталарда Тәжікстанның ұлттық валютасы - сомонидің АҚШ долларына шаққандағы құны арзандап барады. Наурыздың 18-і күні таңертең Азаттық тілшісі аралап шыққан кей банктердің айырбас орындарында «100 доллар сатып алу – 823 сомони, сату – 825 сомони» деп жазылған, бірақ қызметкерлері сатуға америкалық валюта жоғын айтты.

АҚШ доллары мен Тәжікстан сомониі суреттерінен коллаж.
АҚШ доллары мен Тәжікстан сомониі суреттерінен коллаж.

Елге компьютерлер мен қазіргі заман технологияларын шетелден әкелумен айналысатын Курбон Холовтың Азаттыққа айтуынша, алдыңғы айда доллар бағамының қымбаттауы жұрттың бәріне жайсыз тиген тосын сый болған. Оның сөзінше, қазір америкалық валютаның заңға қайшы бағамы ресми бағамнан әлдеқайда жоғары және бір доллардың құны 8,5-8,6 сомониге жеткен.

Тәжікстанның валюта нарығында доллар бағамы күрт қымбаттағанын ертеректе Азаттыққа Тәжікстан ұлттық банкінің валюта бағамы саясаты және халықаралық қорлар басқармасы бастығы Мирзомуддин Мавлонов та растаған болатын. Оның сөзінше, доллар бағамының қымбаттауы – «қара нарықтағы әлдебір топтардың арандатуы». «Елде былтыр да осындай жағдай қалыптасып, АҚШ-тың бір доллары Душанбедегі қара базарда 8 сомони 30 дирамға жеткен болатын. Бірақ ол кезде ұлттық банк сомони бағамының одан әрі құлдырауына жол бермеген болатын. Сондықтан доллар бағамының қазіргі күрт шарықтауы – уақытша құбылыс» деген еді Мирзомуддин Мавлонов.

Мирзомуддин Мавлонов доллардың күрт қымбаттауы жапа-тармағай америкалық валюта сатып алуға асығатын бизнесмендер мен кәсіпкерлер арасында дүрбелең тудыруы мүмкін деп санайды.

Душанбедегі Тәжікстан ұлттық банкі ғимараты.
Душанбедегі Тәжікстан ұлттық банкі ғимараты.

Ал бір жағынан, оның сөзінше, бұл қымбаттаудың қисынды себептері де бар. «Қаңтарда Тәжікстанда электр қуатын таратуға салынған лимитті алып тастағаннан кейін кәсіпорындардың көбі қайта жұмыс істей бастады. Сондықтан америкалық валютаға сұраныс та артты, өйткені кәсіпорындарымыз техника мен өзге қажет жабдықтарды шетелден сатып алады ғой. Екінші себебі – әдетте осы маусымда елге валюта түседі, оның ішінде еңбек мигранттарынан түседі» деп санайды Мирзомуддин Мавлонов.

2015 жылдың басында доллар бағамының күрт қымбаттауы мен америкалық валютаның тапшылығы Тәжікстан ұлттық банкінің доллар сату-сатып алу операцияларын қатал бақылауға алуға ұласқаны есте. Мысалы, жеке меншік айырбас орындарының бәрін жапқан болатын. Ұлттық банк дерегінше, 2015 жылғы сәуірдің 1-індегі есеп бойынша, Тәжікстан территориясында жұмыс істейтін 1 мың 581 валюта айырбастау орнының 818-і жеке меншік, қалған 763-і түрлі несие ұйымдарына тиесілі болған.

Валюта сату орындарында болған тәртіпсіздіктердің кесірінен ол кезде наурызда Тәжікстанның ұлттық банкі халыққа валютаны тікелей сатуды тоқтатқан болатын. Сол сәттен бастап қолма-қол ақша нарығына қосымша валюта елдің коммерциялық банктері арқылы түсетін болған. Тәжікстан үкіметі валютаға қатысты банктен тыс жүргізілген операциялардың бәріне тыйым салып, мысалы баспана мен көлікті долларға сатқаны үшін үлкен айыппұлдар салу тіпті түрмеге қамауға дейінгі шаралар енгізген.

Тәжікстан валютасы - сомони.
Тәжікстан валютасы - сомони.

Әлгі шараларға қарамастан, 2016 жылдың бірінші тоқсанында сомонидің долларға шаққандағы бағамы тағы 12 пайызға құлдыраған, бірақ екінші тоқсанда Тәжікстанның ұлттық валютасы ТМД елдері валюталары арасында мүлде өзгермеген жалғыз валюта болған.

Қаңтардың 23-і Душанбедегі баспасөз жиынында Тәжікстан ұлттық банкі төрағасы Джамшед Нурмухаммадзода 2016 жыл қорытындылары бойынша ұлттық валюта - сомонидің долларға шаққандағы бағамы 10,8 пайызға, оның 10,3 пайызы былтырғы қаңтарда арзандады деп хабарлаған.

Айтпақшы, Тәжікстан банктерінде америкалық валюта бір жарым жылдан аса уақыт бойы $1 = 7 сомони 80 дирам бағаммен сатылған. Биыл ақпанда доллар бағамы күрт қымбаттағаннан кейін жағдай өзгерді.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласын орысшадан аударған - Айжан Оралғазы.)

XS
SM
MD
LG