Accessibility links

Арқадағтың әскери өнері


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери жаттығуда нысана көздеп тұрған сәті. (Мемлекеттік телеарна видеосынан скриншот.)
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери жаттығуда нысана көздеп тұрған сәті. (Мемлекеттік телеарна видеосынан скриншот.)

Түркіменстанның автократ басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов сан қырлы "талантының" тағы бірін жұртқа паш етті – бұл жолы мемлекеттік БАҚ президенттің әскерилерге тапанша мен мылтықтан дәлдеп атып, қанжарды қалай қадауды үйреткенін көрсетті.

Түркіменстан халқы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің балладалар жазатын ақындығы, оны музыкалық аспаптарда өзі орындайтын әншілігі, сәйгүлікпен самғайтын шабандоздығы, автокөлікті шебер басқаратындығы, спорт түрлерін жақсы көретіндігі, ондаған кітап жазатын жазушылығы және басқа да көптеген өнерінен хабардар. Түркіменстанда "Арқадағ" атағын иеленген президент енді жаңа қырынан танылды – бұл жолы оның тапанша мен мылтықтан нысананы көздеп атып, қанжарды дәл қадауды жақсы меңгергені мемлекеттік телеарнадан көрсетілді.

Автократ басшының қару-жарақты қалай меңгергенін сипаттайтын кадрларда сапқа тізіліп тұрған әскери қызметкерлердің "сайыпқыран" президенттің шеберлігіне сүйсініп, қол соғып тұрғаны көрсетілген.

Президент кеңсесінің хабарлауынша, Бердімұхамедов Ашғабаттың оңтүстігіндегі әскери бөлімдегі "заманауи әскери техникаларды" тексерген. "Көрсетілген әскери қарулардың ең жаңа түрін қолына алған ел басшысы нысананы дәлдеп атып, әскери дайындығының жоғары деңгейде екенін көрсетті", - делінген мәлімдемеде. Түркіменстан басшысының жаттығу атысын көрсеткен ресми есептің толық нұсқасы еш жерде жарияланбады.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери өнері жайлы видео:

Түркіменстан президенті қарудан атып, қанжар қадауды үйретті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

Оппозициялық chrono-tm.org сайты Бердімұхамедовтің қатысуымен өткен жаттығудан түсірілген, "Алтын асыр" (Алтын ғасыр) мемлекеттік телеарнасының логотипі бар бейнекөріністердің әсіреленген нұсқасын жариялады. Президенттің әскери жаттығу кезіндегі іс-қимылы жайлы кадрлерге Голливуд киножұлдызы Арнольд Шварценеггер басты рольде ойнаған 1985 жылғы "Коммандо" фильмінен үзінділер мен соның музыкасын қосып жасаған видеомонтажда Бердімұхамедовті "сайыпқыран жігіт" бейнесінде көрсетіп, әжуалаған.

Оппозициялық сайттың ақпараты бойынша, бейнекөрініс тамыздың 1-інде түсірілген. Түркіменстан президенті туралы түпнұсқа бейнебаянда көзіне күннен қорғайтын көзілдірік тағып, әскери киім киген, қабағы қатулы Бердімұхамедовтің жүзінен шаршаңқы екені аңғарылады.

Оның әскери винтовкамен нысананы көздеп тұрғаны, бұдан соң баскетбол ойнап жүргені бейнеленген: бір сәт допты сәтсіз лақтырғаны байқалғанымен, кенеттен кадр доптың шеңберге дөп түскенін көрсетеді.

Бейнекадрлерге қарап Бердімұхамедовтің оқты нысанаға дәл тигізгенін болмаса мүлт кеткенін айта алмайсыз. Соңғы көріністе ол сұқ саусағымен нысананың дәл ортасына тиген бірнеше оқтың ізін көрсетіп тұр. Бір уақытта кадрде тамсана қол соғып, қаз-қатар тұрған әскерилер көрінеді.

Түркіменстан мемлекеттік телеарнасынан президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің кітабын таныстырып тұр. (Видеодан скриншот.)
Түркіменстан мемлекеттік телеарнасынан президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің кітабын таныстырып тұр. (Видеодан скриншот.)

Енді бір сәтте президент қолына тапанша алып, бір қырынан тұрып атып, нысанаға тағы да дәл тигізеді. Мұнан соң әскери қанжар алып, бір қолынан екіншісіне салады, содан соң үш қанжарды бірінен соң бірін лақтырып, үшеуінде де нысанаға дәл қадайды (үшіншісінде қағаздан жасалған бейненің бас киіміне тиеді). Бұдан соң оның нысанаға қадалған қанжарды суырып алып жатқаны бейнеленген.

Видеоның соңында бұрынғы советтік республиканың шөл даласында өткен әскери дайындық туралы есептен соң президент Бердімұхамедовтің өзі атқан қағаз нысанаға қол қойып жатқан сәті көрсетіледі.

Бұрынғы тіс дәрігері Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы газға бай мемлекет билігіне 2006 жылы, бұрынғы автократ басшы Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін келген. Ниязов өзін "Түркіменбашы" (түркімендердің әкесі) деп атаса, 60 жастағы Бердімұхамедов "Арқадағ" (қамқоршы, жарылқаушы) деген атау иеленді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Бердімұхамедов Ниязовтың біраз мұрасын жойды, оған қойылған көптеген ескерткіштерді алғызып тастады. 2015 жылы Ашғабатта президент Бердімұхамедовтің 21 метрлік мәрмардан жасалған алтын түсті ескерткіші бой көтерді.

Мемлекеттік телеарналардың президент туралы мақтау мен мадаққа құралған хабарларында Бердімұхамедовті талантты спортшы, суретші, өзі жазған әндерді орындаушы ретінде көрсетеді. Биылғы наурызда түркіменстандық танымал әнші Бердімұхамедовтің анасына арналған ән шырқап, "қаһарманды өмірге әкелгені" үшін алғыс айтты.

Президент жазған ән биыл қыркүйек айында Түркіменстанда ашылатын Азия әскери ойындарының әнұранына өткен байқауда жеңімпаз деп жарияланған. Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер Гурбангулы Бердімұхаммедов пен оның үкіметін оппоненттерін аяусыз жазалап, елде сөз бостандығын қатаң шектейді деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG