Accessibility links

Түркіменстанның "темір ханымы" және коррупциямен күрес


Құрбанбибі Атажанованың Түркіменстан бас прокуроры болған кездегі суреті.
Құрбанбибі Атажанованың Түркіменстан бас прокуроры болған кездегі суреті.

Құрбанбибі Атажанова туралы бір кездері ол түрме кілтін қолына ұстап туған деп айтуға болар еді. Ол Түркіменстанда басшы қызметте отырғандарды жиі ауыстыратындығымен танылған елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың тұсында он жыл бойы бас прокурор болып істеген.

Түркіменстанда Құрбанбибі Атажанова бас прокурор болып тұрған кезде оның алдына «қылмыс жасаған» деген айып тағылып барғандардың сотталмай қайтқандары некен-саяқ. Иығында алтын түсті эполеті бар қара көк түсті форма мен дәл сондай түспен жиектеліп, жетон тағылған фуражка киген Атажанова үнемі сұсты кейіпте жүретін.

1991 жылдың соңында СССР тараған кезде Құрбанбибі Атажанова Түркіменстан бас прокуратурасында жұмыс істеп жүрген. Түркіменстан тәуелсіздік алған соң көп ұзамай ол бас прокурордың көмекшісі болады, ал 1995 жылғы сәуірдің 3-інен бастап бас прокурор қызметіне тағайындалды.

Бұдан кейін Құрбанбибі Атажанова он жыл бойы түркімен үкіметінің сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын басқарды. Осы аралықта оның пәрменімен мыңдаған адам түрмеге қамалды, олардың арасында жемқорлықпен айыпталған мемлекеттік қызметкерлер де көп болды. Ниязов қарамағындағыларды жемқорлық қылмысына жиі айыптайтын, сөйтіп оларды өзіне бағынышты етіп отырды. Сарапшылардың пікірінше, өзінен басқалар тым ықпалды я атақты болып кетпеуі үшін ол осындай саясат ұстанған.

Түркіменстанда сол кезде мемлекеттік телеарналар жемқорлық айыбы тағылып, сүмірейген үкімет өкілін сөгіп тұрған Құрбанбибі Атажанованы жиі көрсететін. Әдетте ол әлгі адамға тағылған айыптарды немесе оған кесілген жаза түрлерін салқынқандылықпен тізіп шығатын. Айыпты деп танылған көбіне мүлкі тәркіленіп, түрмеге қамалатын немесе Түркіменстанның шалғай аудандарына жер аударылатын.

Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) пен кейін ол қайтыс болған соң билік басына келген Гурбангулы Бердімұхаммедов.
Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) пен кейін ол қайтыс болған соң билік басына келген Гурбангулы Бердімұхаммедов.

2002 жылғы қарашаның 25-інде президент Ниязовқа қастандық жасау әрекеті болғаны туралы ақпарат тараған соң Құрбанбибі Атажанова істі тергеуді қолына алды. Ол тек күдіктілерді ғана емес, олардың отбасы мүшелерін де абақтыға қамады.

Атажанова үкіметтің жоғары лауазымды мүшелерін де аяған жоқ. 2003 жылғы наурызда ол үкіметте лауазымды қызмет атқарған 34 адамның "жемқорлық қылмысын жасап, ақшаны орынсыз жұмсады" деп айыпталғаны туралы мәлімдеді. Айыптылардың арасында премьер-министрдің екі орынбасары, қорғаныс министрі, энергетика министрі және оның орынбасарлары аталды. Олардың бәрін алыс аймаққа жер аударды.

2003 жылғы желтоқсанда "Құрбанбибі Атажанованың өзі заңсыз есірткі тасымалына қатысы бар деген күдікпен үйқамаққа алынған-мыс" деген сыбыс тарады. Алайда сол айдың соңында теледидардан оның үкімет мәжілісіне қатысып отырғаны көрсетілді. Дегенмен сол қаңқу сөз негізсіз емес болып шықты.

Құрбанбибі Атажанова 2005 жылдың соңында 58 жасында зейнетке шыққаннан кейін көп ұзамай басынан бағы тайды.

2006 жылдың сәуірінде ол "заңсыз есірткі тасымалына қатысы бар" деген күдікпен қамауға алынды. Арада аз уақыт өткенде құқық органдары Атажанованың 13 үйін, кірпіш зауытын, күріш диірменін, бес көлігін, үш тракторы мен бульдозерін, екі құрылыс кранын, 40 гектар жерін, 6 миллион долларын, екі мың сиырын және 30 мың шелегін тәркілегені туралы хабарлады.

30 мың шелек деген тым ерсі көрінетіні рас. Атажанова жылап тұрып кешірім сұраған кезде президент Ниязовтың одан: "30 мың шелекті неге ұрладың?" деп сұраған. Атажанованың сонша көп шелекті неге жинағанын ешкім ресми түрде түсіндірген жоқ. Жұрт арасында "шелектерге алтын салып сақтапты", "героинге толтырып қойыпты" деген қаңқу сөз тараған.

Көп ұзамай Құрбанбибі Атажанова қамауға алынып, сотталды. Бірақ оның жыры мұнымен бітпеді.

Құрбанбибі Атажанованың қылмысын Түркіменстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің есірткімен күрес департаментіндегі Николай Гаврилов әшкерелеген деген дерек бар.

2006 жылғы қарашаның 8-і күні Гаврилов пен оның әйелін Ашғабатта белгісіз біреулер өлтіріп кетті. Бұл қылмыс сол күйі ашылған жоқ.

Құрбанбибі Атажанованың оқиғасы Орталық Азиядағы жемқорлықпен күрестің ахуалын паш етеді. Ол жемқорлықпен күрес шарасына басшылық жасап, жүздеген лауазымды адамды соттауға қатысты. Ал өзінен тәркіленген мүлікке қарасақ, жылдар бойы жемқорлықпен күресе жүріп, түрмеге қамаған адамдардың дүниесін иеленгендей әсер қалдырады.

Құрбанбибі Атажанованың не істеп жүргенін ешкімнің байқамауы мүмкін емес.

Оның "үйқамаққа алынғаны" туралы 2003 жылғы қаңқу сөз расталмады, алайда сол кезде оның бауыры мен асырап алған баласы есірткі тасымалы үшін қамалған тәрізді. Атажанованың өзі түрмеге жабылғанда оның жақындарының көбі, соның ішінде бауыры мен асыраған баласы да қамалғанға ұқсайды.

Құрбанбибі Атажанова 2006 жылы Дашогуздағы әйелдер түрмесіне қамалған. Түркіменстанның "темір ханымы" туралы ең соңғы сенімді ақпарат – осы.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

(Блогты ағылшын тілінен тәржімалаған - Мұхтар Екей.)

XS
SM
MD
LG