Accessibility links

Гүлнара Каримованың мүлкі мен мұрагерлері


Швейцария банкінің арнайы ұяшығында сақталған өсиетхатында Гүлнара Каримова бүкіл дүние-мүлкін ұлы Ислам мен қызы Иманға мұраға қалдыратынын көрсеткен.
Швейцария банкінің арнайы ұяшығында сақталған өсиетхатында Гүлнара Каримова бүкіл дүние-мүлкін ұлы Ислам мен қызы Иманға мұраға қалдыратынын көрсеткен.

Қыркүйектің 4-і күні Стокгольм сотында басталған процесс кезінде швед прокуроры Гуннар Стетлер Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованың қасында жүргендердің (Гаяне Авакян мен Рустам Мадумаров) атына тіркелген оффшорлық компания мен оған тиесілі акциялардың нақты иегері Каримованың өзі екенін растайтын деректер ұсынды.

Желтоқсанның 14-іне дейін жалғасатын Стокгольм сотында Telia (бұрынғы Telia Sonera) телекоммуникациялық компаниясының бұрынғы үш жетекшісіне Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға 400 миллион АҚШ доллары көлемінде пара берген деген айып тағылған.

Айыптау қорытындысы бойынша, Гүлнара Каримова Өзбекстанның телекоммуникациялық саласын және гибралтарлық Takilant фирмасын толықтай бақылауда ұстаған, үш шетелдік компания түрлі әдіспен миллиондаған долларды мемлекеттің ұялы байланыс нарығына шығу үшін Каримованың шотына аударған. Сот процесі кезінде айыптау қорытындысын қолдау үшін жарияланған құжаттар көшірмесін Азаттықтың Өзбек редакциясына Стокгольм соты мен прокурор Гуннар Стетлер ұсынды.

Бұлардың арасында Гүлнара Каримова мен оған жақын адамдардың "соңғы қалауы мен өсиетхаты" бар. Каримованың жақындарының атына тіркелген оффшорлық аймақтағы түрлі компаниялардың банк шотына Швейцария, Голландия, АҚШ және Швеция бақылау органдарының деректері бойынша, жүздеген миллион доллар салынған, әлемнің бірнеше елінен жылжымайтын мүлік сатып алынған.

Takilant фирмасының иегері ретінде Гаяне Авакян қол қойған өсиетхат көшірмесі.
Takilant фирмасының иегері ретінде Гаяне Авакян қол қойған өсиетхат көшірмесі.

​Стокгольм сотында жарияланған құжаттарға сай, Гүлнара Каримова Гаяне Авакян, Рустам Мадумаров және Марина Клюеваның атына тіркелген өз дүние-мүлкінің олардың қолына өтпеуін алдын ала ойластырып қойған.

Швед сотына ұсынылған құжаттар 2004 жылы рәсімделген, Швейцария прокуратурасы Каримованың банк шоттарын бұғаттап қойған соң тәркіленіп, арнайы ұяшықта сақталған. Бұл "құнды қағаздар" "соңғы өсиетхат" деп аталады.

Сот процесі кезінде прокурор Гуннар Стетлер төрт құжатты көрсетті.

Рустам Мадумаровтың өсиетхаты.
Рустам Мадумаровтың өсиетхаты.

Сот процесі кезінде прокурор Гуннар Стетлер төрт құжатты көрсетті. Олар Гүлнара Каримованың бұрынғы азаматтық некедегі ері Рустам Мадумаровтың, көмекшілері Гаяне Авакян мен Марина Клюеваның аттарына жазылған өсиетхаттар, олардың атынан бірнеше банк шоты, оффшорлық компаниялар ашылып, жылжымайтын мүліктер сатып алынғанын айғақтайды.

Авакян, Мадумаров пен Клюева қол қойған құжат мәтіндері мүлікке қатысты бұрынғы өсиетхаттан бас тартудан басталады. Онда өсиетхаттың жалғыз әрі соңғы екені баса айтылады.

Өз өсиетхаттарында Авакян, Мадумаров пен Клюева өз аттарына тіркелген Takilant, Swisdorn және Marvelgate компанияларының жалғыз әрі соңғы иегері Гүлнара Каримова екенін жазады, бұл компаниялар мен оған тиесілі мүлікті Ислам Каримовтің үлкен қызына табыстайтындарын көрсетеді.

Марина Клюеваның өсиетхаты.
Марина Клюеваның өсиетхаты.

Швед прокуроры бұл өсиетхаттарды Takilant пен Swisdorn Limited (Telia Sonera және Vimpel Com телекоммуникациялық компанияларымен келісімге отырған "серіктестер") нақты иегері ресми тіркеуде көрсетілгендей Авакян мен Мадумаров емес екенін сотта дәлелдеу үшін айыптау құжатына қоса тіркеген.

Азаттыққа прокурор Гуннар Стетлер айтқандай, тәркіленген швейцариялық прокуратуралық банк ұяшықтарында бұған ұқсас құжаттар әлі көп.

Бұл құжаттармен бірге арнайы банк ұяшығында Гүлнара Каримова өзінің "соңғы әрі жалғыз өсиетхатын" сақтаған, онда өзінің бар дүние-мүлкінің соңғы әрі нақты иегерлері – 26 жастағы ұлы Ислам мен 20 жастағы қызы Иман екенін көрсеткен.

Азаттық қазіргі жағдайда Гүлнара Каримованың өсиетхаты қандай заңдық күшке ие екенін зерттеуге тырысады. Өзбекстан Гүлнара Каримованы ұрлық және бопсалау қылмыстары үшін айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған, ал Еуропа шетелдік телекоммуникациялық компаниялардан миллиондаған доллар пара алған деп айыптайды.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG