Accessibility links

Ислам Каримовсіз өткен президент сайлауы


Өзбекстан президенттігіне кандидат, қазіргі премьер-министр әрі президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев (сол жақта) отбасы мүшелерімен бірге сайлау учаскесіне дауыс беруге келді. Ташкент, 4 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстан азаматтары желтоқсанның 4-і күні президент сайлауына дауыс берді. Елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің орнын үкімет басшысы Шавкат Мирзияев басады деген болжам басым.

Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер арасында халқының саны бойынша алда тұрған Өзбекстан азаматтары соңғы 27 жыл авторитарлық тәсілмен ел басқарған, қыркүйектің басында 78 жасында қайтыс болған Ислам Каримовтен соң бес жыл мерзімге президент болатын келесі адамның билікке келуіне дауыс берді.

Өзбекстандағы 9 мыңнан астам сайлау учаскесінде дауыс беру жексенбі күні таңертең жергілікті сағат 6-дан басталды. Арада бес сағат өткенде Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 33,77 пайызы дауыс бергенін жариялап, «сайлау заңды күшіне ие» деп мәлімдеген.

Олардың бірсыпырасы президент сайлауына алдын ала, қарашаның 24-інен бастап дауыс беріп тастаған.

Өзбекстан заңы бойынша, сайлаушылар тізіміне енген азаматтардың 33 пайызы дауыс беруге қатысқан жағдайда сайлау өткен болып саналады.

Президент сайлауы өткен күні шетелдегі өзбекстандық сайлаушылар дауыс берген 44 сайлау учаскесінің бірі Алматыдағы Өзбекстан елшілігінде ашылған.

Алматыда дауыс берген өзбекстандықтардың пікірі:

ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТТАР

Президент сайлауына түскен төрт кандидаттың арасынан сайлау науқаны барысында өзгелермен салыстырғанда белсенділігі ерекше көзге түскен қазіргі премьер-министр әрі президент міндетін атқарушы 59 жастағы Шавкат Мирзияевтің жеңіске жететініне талдаушылар шек келтірмейді.

2003 жылдан бері үкіметті басқарып келе жатқан Мирзияев бұрынғы президент Каримовтің саяси бағытын ұстанатынын мәлімдеген.

1989 жылы Өзбекстан Коммунистік партиясы орталық комитеті басшылығына келген соң өле-өлгенше билік басында отырған Ислам Каримов 30 миллионға жуық тұрғыны бар елдегі саяси оппозиция мен тәуелсіз ой-пікір иелерін аяусыз жазалаған авторитарлық режим иесі ретінде танылған.

Мирзияевтар отбасы президент сайлауы күні. Ташкент, 4 желтоқсан 2016 жыл. (Daryo.uz сайтындағы сурет.)
Мирзияевтар отбасы президент сайлауы күні. Ташкент, 4 желтоқсан 2016 жыл. (Daryo.uz сайтындағы сурет.)

Үкімет сыншыларының кейбірі Мирзияев билігінің Каримов кезіндегіден өзгешелігі болмайды деп санайды. Шетелде тұратын кей өзбек диссиденттері Шавкат Мирзияев экономикалық реформалар жүргізіп, бұрынғыға қарағанда біршама еркіндікке жол ашады деп үміттенеді.

Сайлау бюллетеніне президенттікке кандидат ретінде тағы үш адамның аты-жөні енгізілген - Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан ұсынылған Хотамжон Кетмонов, «Милли тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») партиясы үміткері Сарвар Отамурадов және «Адолат» социал-демократиялық партиясынан түсіп жатқан Наримон Умаров. Үшеуі де үкіметті қолдайтын адамдар.

47 жастағы Хотамжон Кетмоновтың мамандығы - орыс тілі мұғалімі. 2014 жылы депутаттыққа сайланғанға дейін Әндіжан облысы әкімінің қоғаммен байланыс және діни істер бойынша орынбасары болған.

64 жастағы инженер-геолог Наримон Умаров 2009 жылы мемлекеттік табиғат қорғау комитетін басқарған.

43 жастағы Сарвар Отамурадов – әлеуметтанушы. 2009 жылдан 2014 жылға дейін парламент мүшесі болып сайланып, спикердің орынбасары қызметін атқарған.

Кетмонов пен Умаров бұған дейін де, 2015 жылы президент сайлауына қатысқан, билікті сынайтындар ол екеуі негізгі кандидат Ислам Каримовке «балама сайлау көзбояушылығын» жасауға жәрдемдесу үшін сайлауға қатысты деп мәлімдеген.

КАРИМОВСІЗ ӨЗБЕКСТАН

Шавкат Мирзияев президент міндетін атқаруға кіріскен күні Өзбекстанның ешқандай халықаралық әскери одаққа қосылмау, өз жерінде ешбір елдің әскери базасын және шетелде өз әскери базасын орналастырмау саясатын жалғастыратыны туралы мәлімдеген.

Орталық Азияда Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен шектесетін Өзбекстанның сыртқа шығаратын негізгі өнімдері - мақта мен табиғи газ. Қытай және Ресейдің әрқайсысы ықпалын жүргізгісі келетін стратегиялық маңызды аймақта орналасқан бұл ел сол екі мемлекетпен бірге Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше.

Қыркүйектің 8-і күні Мирзияев Орталық Азиядағы көрші елдермен байланыстарды нығайту – Өзбекстан сыртқы саясатындағы «басты басымдылық» деп мәлімдеген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримовтің суреті алдында марқұмды еске алып тұр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримовтің суреті алдында марқұмды еске алып тұр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.

Каримов қайтыс болған соң бірнеше күннен кейін Ташкент Қырғызтанмен шекараның даулы тұсына жіберген жасағын кері шақырып алып, ұсталған төрт қырғыз азаматын босатты. Қырызстан мен Өзбекстанның көп адамнан тұратын делегациялары бір-біріне барып қайтты.

Қыркүйектің 23-інде Тәжікстан Душанбе мен Ташкент арасында 1992 жылы тоқтап қалған әуе қатынасын қайта бастау туралы екі ел келісімге келгені туралы мәлімдеді.

Қазақстандық ақпарат құралдары қазақ және өзбек үкіметтері екі елдің шекарасын демаркациялау мәселесіне байланысты көптен бері жалғасып келе жатқан келіссөздерде мәмілеге қол жеткізуге жақын қалғаны туралы хабарлаған.

Бұл оқиғаларды талдаушылардың кейбірі Каримовтің кезінде аймақтық ынтымақтастықты дамытуға құлық танытпаған Ташкенттің көзқарасының өзгере бастауының нышаны ретінде қабылдайды.

ЕСКІ СҮРЛЕУМЕН ӨТІП ЖАТҚАН САЙЛАУ

Өзбекстанда ширек ғасырдан астам уақыттан бері алғаш рет Ислам Каримовсіз өтіп жатқанымен, президенттік сайлаудың өту барысында бұрынғылардан айырмашылық байқалмайды.

Мемлекеттік ақпарат құралдарында Ислам Каримовтің ізбасары ретінде сипатталған Шавкат Мирзияевтың елді аралап, сайлаушылармен өткізген кездесулері кеңінен көрсетілді. Ол жиындарда елдің экономикалық дамуының болашағы сөз болғанымен, адам құқықтары мен бостандықтарының жайы, демократиялық сипаты бар өзгерістер жасау туралы ешнәрсе айтылмады.

Өзбекстан президенті сайлауына дауыс беруге сайлау учаскесіне келген адамдар. Ташкент, 4 желтоқсан 2016 жыл.
Өзбекстан президенті сайлауына дауыс беруге сайлау учаскесіне келген адамдар. Ташкент, 4 желтоқсан 2016 жыл.

Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқығы бюросы (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Өзбекстандағы осы жолғы сайлау барысын бақылауға өкілдерін жібергенін мәлімдеген. Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін өткізген сайлаулардың ешбірін ЕҚЫҰ ДИАҚБ халықаралық стандарттар мен демократиялық прнициптерге сәйкес келеді деп таныған емес. Ұйым 2015 жылғы президент сайлауы да Каримовтің «айқын басымдылығымен» өткенін атап көрсеткен.

Орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні сағат 20.00-да сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғаннан кейін Өзбекстан президент сайлауының алғашқы алдын ала нәтижесін жарияламақ.

Өзбекстан конституциясы бойынша мемлекетте жоғарғы билік президент құзырына берілген. Негізгі заңға соңғы енгізілген өзгертулерге сәйкес, президент бес жыл мерзімге сайланады және бір адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG