Accessibility links

Душанбе саяси тұтқындарды босата ма?


Душанбедегі орталық түрме. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанда 182 саяси тұтқынның туыстары көп ұзамай олар бостандыққа шығып қалар деп үміттенеді. Кей мәлімет бойынша, билік Конституцияның қабылданғанына 24 жыл толуына байланысты амнистия жарияламақ. Алайда ресми тұлғалар ондайды естімегендерін айтады.

"ҚУАНЫШТАН ӨЗІМДІ ҚОЯР ЖЕР ТАППАЙ ЖҮРМІН"

Тәжікстан сотының үкімімен 28 жылға сотталған адвокат Бузургмехр Ёровтың зайыбы Зарина Набиева билік түрмеде отырғандарға рақымшылық жариялайды екен деген жаңалықты естігелі бері қуанышы қойнына сыймай жүргенін жасырмайды.

Адвокат Бузургмехр Ёров. 19 желтоқсан 2016 жыл.
Адвокат Бузургмехр Ёров. 19 желтоқсан 2016 жыл.

Экстремизм, сотты құрметтемеу және билік өкілін қорлау айыптары бойынша сотталған Бузургмехр Ёровты туыстары түрмеде отырған саяси тұтқындардың бірі деп санайды.

Қыркүйектің 12-і күні Азаттықтың Тәжік қызметіне (Радио Озоди) берген сұхбатында Зарина Набиева түрмедегі ері Бузургмехрді бостандыққа шығаруы мүмкін екені туралы жақсы хабарды күйеуінің қазір шетелде тұратын бауыры мен қарындасынан естігенін айтты.

Олардың сөзінше, бұл жаңалықты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавадағы кеңесінің сессияларының бірінде Тәжікстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы директорының бірінші орынбасары Сайфулло Сафаров хабарлаған.

Зарина Набиева.
Зарина Набиева.

- Жамшед Ёров Варшавада Сайфулло Сафаровтан рақымшылық жарияланатын адамдардың тізімінде Бузургмехр бар ма деп сұрағанда ол бар деп жауап берген. Бүгін оның қарындасы Хосият та хабарласып, Бузургмехрді босату туралы әңгімелер жүріп жатқаны туралы айтты. Қуаныштан өзімді қояр жер таппай жүрмін, - дейді Зарина Набиева.

Түрмеде отырған тағы бірнеше адамның туыстары рақымшылық туралы ресми хабар алмағандарын, бірақ билік оларды абақтыдан босатуы немесе жаза мерзімін қысқартуы мүмкін деген жақсы хабарды естіп, көңілдері жылып отырғанын айтты.

"АМНИСТИЯ ЖАРИЯЛАНА МА?"

Тәжікстан билігі елде саяси тұтқындар барын үнемі жоққа шығарып келеді. Олардың сөзінше, халықаралық ұйымдар түрлі қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды саяси тұтқын деп атайды.

182 саяси тұтқынға рақымшылық жариялануы мүмкін екені туралы хабарлаған кей БАҚ сілтеме жасаған Сайфулло Сафаров қыркүйектің 11-і күні Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында тұтқындарды босату туралы талапты Варшавада тәжік оппозициясының өкілдері қойғанын айтты.

Сайфулло Сафаров.
Сайфулло Сафаров.

- Осының қарсаңында біз мәжіліс залынан шыққан кезде Мухиддин Кабири (қуғындағы тәжік оппозициясының жетекшісі – ред.) маған "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деп жазылған қағазды ұсынып, "мынаған қараңызшы" деді. Мен оған олай істеу дұрыс емес екенін айттым. Амнистия өткізу туралы арнайы комиссия құрған үкіметтің бұған қатысты өз пікірі бар. Материалдарды әзірлеу қажет. Рақымшылық жариялаудың белгілі бір шарттары бар. Егер нақты тұлғаның амнистиясы Тәжікстан заңдарына сай болса, ол өтініш берсе, онда сотталған адамға бостандық беріледі, - дейді Сайфулло Сафаров.

"ШЕТЕЛДЕГІ АЗАМАТТАРЫМЫЗҒА АРНАЛҒАН"

Сайфулло Сафаров бұл мәселені үкіметтің қарастырып жатқанын нақты білмейтінін, рақымшылық жариялауға дайындық жүріп жатқаны жайлы БАҚ-тан хабардар болғанын айтады.

"Егер қолымызда үкіметтен ақпарат болса біз ол туралы кеңесте хабарлар едік. Бұл әңгімелердің барлығы кеңес кезінде оңашада айтылған және БАҚ-та жариялау үшін емес, қазір шетелде жүрген, қылмыс жасамаған азаматтарымызға арналған еді. Бұл оларға елге қайтуға болады деген белгі болатын", - дейді ол.


Қыркүйектің 11-і күні "Азия-Плюс" агенттігі Тәжікстан Әділет министрлігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, елде сотталғандарға рақымшылық жариялауға әзірлік жүріп жатқаны және саяси тұтқындар деп аталып жүрген азаматтар бостандыққа шығуы ықтимал екені туралы хабарлаған. Амнистия туралы құжатта 182 адам бар, ол тізім Әділет министрлігі мен Бас прокуратурада деп жазды басылым.

"ОНДАЙ АҚПАРАТ ЖОҚ"

Алайда Тәжікстандағы кей ресми тұлғалар рақымшылық жарияланатыны туралы естімегендерін айтады.

Изатулло Шарипов.
Изатулло Шарипов.

Әділет министрінің орынбасары әрі пенитенциарлық басқарма басшысы Иззатулло Шарипов Озоди радиосына:

- Бірінші рет сізден естіп отырмын. Мұндай әңгімелер негізсіз, - деді.

Тәжікстан президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Махмадали Ватанзода да әлгіндей ақпараттан бейхабар екенін айтады.

Махмадали Ватанзода.
Махмадали Ватанзода.

- Менде ондай ақпарат жоқ, сондықтан ешкімді жаңылыстырғым келмейді. Мұндай ақпаратты таратқандар кімге сілтеме жасаған? - деді президент көмекшісі.

Тәжікстан тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен уақыт ішінде 15 рет амнистия жариялаған. 2016 жылы тамыздағы амнистия 12 мың жаза өтеуші мен тергеуде жүрген азаматтарға қолданылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG