15 қарашада Прагада үкіметтің бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру жүйесін өзгерту жоспарына қарсы жаппай наразылық акциясы өтті.
Ұйымдастырушылардың есебінше, шеруге 350-400 мың адам жиналған. Олардың басым бөлігі Прагаға елдің өзге өңірлерінен арнайы келген.
Жұрттың наразылығына 24 қазанда Чехия парламенті бірінші оқылымда мақұлдаған бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру туралы заң жобасы түрткі болды. Құжатқа сәйкес, елдегі негізгі қоғамдық медиалар — Чех телевидениесі мен Чех радиосы қоғамдық қаржыландыру жүйесінен мемлекеттік бюджетке көшірілмек.
Қазіргі кезде Чехиядағы әрбір үй ұлттық телерадио хабарларын таратуды қолдау үшін ай сайын 205 крона (шамамен 9,5 доллар) көлемінде міндетті жарна төлейді. Заң шығарушылар бұл төлемді жойып, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыруға көшіруді ұсынып отыр. Бастамаға қарсы шыққандар мұндай өзгеріс сөз еркіндігі мен БАҚ тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Бұл – Чехия 1993 жылы Словакиядан бөлініп, тәуелсіз мемлекет атанғалы бері өткен ең ірі наразылық шеруі. Бұған дейін, 3 қарашада Чех радиосы мен Чех телевидениесі қызметкерлері ереуілге шыққан еді. Соның салдарынан хабар тарату ісінде іркілістер болғанымен, қоғам журналистердің бұл қадамын қолдаған.