Чехияның құқық қорғау органдары цифрлық такси платформаларындағы ең ірі алаяқтық схемасын әшкереледі. Тергеу мәліметі бойынша, ұйымдасқан топ қосылған құн салығын төлеуден жүйелі түрде жалтарып, Uber және Bolt компанияларының шетелдік жүргізушілерінің еңбегін заңсыз пайдаланған ондаған фирмалар желісін құрған. Полиция, кеден және салық қызметтерінің бірлескен операциясы нәтижесінде 10 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полиция ұсталғандардың азаматтығын жариялаған жоқ, алайда чехиялық БАҚ пен өзбек қауымдастығының өкілдері істі болып жатқандар Өзбекстан азаматтары екенін айтты.
"Салық кобрасы" операциясы
Арнайы операция "Daňová Kobra" ("Салық кобрасы") деген атаумен өтті. Оны Чехияның ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық орталығы (NCOZ), кеден қызметі және Чехияның қаржы басқармасының бірлесіп ұйымдастырды.
Тінту барысында құқық қорғау органдары құжаттар мен электронды ақпарат тасымалдаушыларды, 6 миллионнан астам крон қолма-қол ақшаны тәркіледі, сондай-ақ 8 миллион кроннан асатын ақша бар шоттарды анықтады. Чехия БАҚ-тары бірнеше автокөлік те тәркіленгенін хабарлады.
Полицияның мәліметі бойынша, мемлекеттік бюджетке келтірілген шығын кемі 300 миллион крон болған, бірақ тергеу барысында бұл сома өсуі мүмкін. Тергеу органдары бұл шығынды кем дегенде екі ұйымдасқан топ келтірген деп есептейді, бірақ іске қатысы бар топтардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Чехия полициясы күдікті шетелдіктердің азаматтығын ашып айтқан жоқ, алайда кейбір чехиялық ақпарат құралдары олардың біразы Өзбекстан азаматы екенін жазды.
"Ұйымдасқан топ коммерциялық компаниялар желісін құрып, оны басқарған. Бұл компаниялар 2022-2026 жылдар аралығында такси қызметін көрсететін цифрлық платформаларды пайдалана отырып, шарттық негізде жолаушылар тасымалын жүзеге асырған. Бұл құрылымның мақсаты — салық міндеттемелерін жүйелі түрде азайту және бәсекелестер алдында заңсыз экономикалық басымдыққа ие болу", — деді Чехия полициясының баспасөз қызметінің өкілі Ярослав Ибегей.
Өзбекстан елшілігі Чехия заңдарын сақтауға шақырды
"Daňová Kobra" рейдтерінен кейін Өзбекстанның Чехиядағы елшілігі отандастарын жергілікті заңдарды қатаң сақтауға шақырды.
Өзбек дипломаттары Прагадағы "Түркістан" халықаралық мәдени орталығына барып, такси саласында жұмыс істейтін өзбекстандықтармен кездесу өткізді. Кездесуде оларға салықты уақтылы төлейтін, елдің еңбек және көші-қон заңдарын сақтайтын компаниялармен ғана бірлесіп жұмыс істеу қажет екенін түсіндірген.
"Өзбекстанның Чехия Республикасындағы елшілігі бұл жағдайды жіті қадағалап отыр. Біз үшін ең маңызды мәселе — Чехия Республикасында тұратын және жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтарының құқықтарын, заңды мүдделерін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, әрбір азамат қабылдаушы елдің заңдарын, салық процедураларын, еңбек нормалары мен лицензиялық талаптарын бұлжытпай сақтауға міндетті", — деді Өзбекстанның Чехиядағы консулы Дилшод Собиров.
Ол сондай-ақ БАҚ пен Чехияның ресми дереккөздерінде тараған, Өзбекстан азаматтарының ұйымдасқан топқа қатысы бар деген ақпаратты зерттеп жатқанын атап өтті.
"Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана кінәлілер анықталатынын баса айтқым келеді. Сондықтан кез келген жағдайда кінәсіздік презумпциясын сақтау қажет. Егер бұл процестерге Өзбекстан азаматтары тартылған болса, елшілік өз өкілеті шеңберінде оларға қажетті құқықтық және консулдық көмек көрсетуге дайын. Азаматтар немесе олардың туыстары елшіліктің консулдық бөліміне хабарласа алады", — деді өзбек дипломаты.
"Флотилия" қалай жұмыс істеді?
Тергеу мәліметі бойынша, 2022 жылдан 2026 жылға дейін екі ұйымдасқан топ цифрлық платформалардағы қызметтен түскен нақты табысты жасырып келген. Ол үшін "флотилия" деп аталатын жүйе пайдаланылған. Яғни, жүзден астам автокөлігі бар және Uber мен Bolt арқылы жұмыс істеу үшін жүргізушілерді жалдайтын жеке компаниялар желісі жұмыс істеген.
Чехияға келетін көп өзбекстандық үшін басты күнкөріс көзінің бірі — такси жүргізу. Олардың басым бөлігі дәл осы цифрлық платформалар арқылы жолаушы тасымалымен айналысады.
Uber және Bolt сервистері өз қызметі үшін әдетте жол жүру құнының 10-нан 20 пайызына дейінгі мөлшерде комиссия ұстайды. Ал Өзбекстаннан және Орталық Азияның басқа елдерінен келген жүргізушілерді жұмысқа алатын флотилиялар қосымша тағы 5–9 пайыз көлемінде өз комиссиясын алады.
Өзбекстандық жүргізушілердің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик) жеке компания ретінде тіркелген флотилиялардың бір схема бойынша жұмыс істегенін айтып берді:
"Жүргізушілерді жұмысқа қабылдаған кезде флотилиялар әдетте көліктерімен такси қызметін атқаруға рұқсат ететін “сары картаны” береді. Олар жүргізушілерден 5-9 пайыз көлемінде комиссия ұстап, олар үшін салықты өздері төлейміз деп уәде береді. Бірақ олар салық төлеудің орнына бұл қаржыны өздеріне иемденіп келгенін түсініп отырмыз, біз бұл туралы білген жоқпыз".
Әндіжан тумасы, бұған дейін Чехияда такси жүргізуші болып жұмыс істеген Хаётулла Байбаев 2016-2019 жылдары қазір Прагада тергеліп жатқан флотилиялармен серіктес болғанын айтады. Оның айтуынша, кей компаниялар жүргізушілердің табысынан алынатын салық төлемінің үлесін 5 пайызға дейін төмендетіп, нарықтан бәсекелестерін ығыстыруға тырысқан; бұл ретте жалақы көбіне қолма-қол төленіп келген.
"Біздің шотымызда бір аптаның ақшасы жиналатын. Апта соңында флотилиялар өз пайыздарын ұстап қалып, содан кейін бізбен есептесетін. Онда жүзден астам өзбек, украин, әзербайжан және басқа да ұлт өкілдері жұмыс істеді. Бір таксист аптасына 10 мыңнан 15 мың кронға дейін табыс тапса, флотилиялар өз пайызын алып, оның ақшасын қолма-қол беретін", — дейді әндіжандық азамат.
Компанияларды жалған тұлғалардың атына тіркеген
Тергеу барысында күдіктілердің өзара байланысты ондаған компаниялар желісін құрғаны анықталды. Көпшілігі бір-екі жылдан кейін жабылып, содан кейін жаңа фирмалар ашылып отырған, бұл салық тексерулерінен жалтаруға мүмкіндік берген.
Тергеу барысымен таныс және атын атамауды өтінген чехиялық адвокат Азаттыққа компаниялардың көбіне жалған адамдарға, негізінен еліне қайтып кеткен Өзбекстан азаматтарының атына тіркелгенін айтты.
"Чехия полициясы Өзбекстанға сұрау жіберді. Бұл адамдардың Чехиядан өз еліне бірнеше жыл бұрын кетіп қалғаны анықталды. Көпшілігі өз аттарына компания ашылғанынан бейхабар екенін айтқан. Бұл адамдардың заңсыз әрекеттерге өз еркімен қатысқан-қатыспағанын немесе алданып қалғанын тергеу анықтайды", — деді адвокат.
Заңгерлердің айтуынша, кінәлары дәлелденген жағдайда ұсталғандар 10 жылдан 13 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Әрине, бұл біз үшін жағымсыз жағдай, ол өзбек мигранттарының өміріне әсерін тигізеді", — дейді заңгер Әбдусами Рахмонов.
Жаңа ережелер
Ресми мәлімет бойынша, кейінгі жылдары Чехияда, әсіресе Прагада такси жүргізушілер саны едәуір артты. Uber және Bolt платформалары танымал бола түсіп, онда көбіне шетелден келгендер жұмысқа тұрды. Такси жүргізушілер арасында Украина, Өзбекстан және Нигерия азаматтары өте көп: Чехияда берілген 14 808 такси жүргізушісі лицензиясының 6 мыңдайы Украина, 1153-і Өзбекстан, ал 117-сі Нигерия азаматтарына берілген.
Прага әкімшілігі шетелдік жүргізушілердің кейбірі қаланы және жол ережелерін нашар білетінін, бұл жол қауіпсіздігіне кері әсер ететінін айтады. Осыған байланысты Чехия парламенті "Автомобиль көлігі туралы" заңға түзетулер енгізуді қарастырып жатыр. Ол бойынша:
- такси жүргізушілерінің Чехияда немесе Еуроодақтың басқа елінде берілген жүргізуші куәлігі болуы тиіс;
- такси лицензиясы тек елде заңды түрде тұру кезеңінде ғана жарамды болады;
- жүргізуші тек ресми тіркелген такси автокөлігін ғана пайдалана алады;
- муниципалдық полиция таксилерді тексеру өкілетіне ие болады.
Жаңа ережелер президент қол қойғаннан кейін 2026 жылдың шілдесінде күшіне енбек. "Такси саласында елеулі өзгерістер болды. Салықтан жалтару мен заңсыз жұмыспен қамту түп-тамырымен жойылады. Атап айтқанда, полиция Uber және Bolt сервистерімен бірлесіп салық төлеу жүйесін жолға қояды. Жаңа ережелерге сәйкес, 2021 жылға дейін шығарылған автокөліктердің такси ретінде жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді, сондай-ақ жұмыс уақыты да реттеледі", — дейді заңгер Әбдусами Рахмонов.
Қазір Чехияда 30 мыңнан астам такси жүргізуші жұмыс істейді, олардың көпшілігі — Прагада.
Чехияның құқық қорғау органдары елдің цифрлық экономикасындағы ұйымдасқан салықтық қылмысқа қарсы ең ірі операция деп аталып үлгерген бұл істі әлі тергеп жатыр. Тергеу қашан аяқталары, сотқа тартылып жатқан адамдардың нақты саны әзірге белгісіз. Тергеуге жақын дереккөздердің мәліметі бойынша, күдіктілер арасында ондаған адам бар.