Accessibility links

"Цифрлық соғыс". Қытай мен АҚШ арасында хай-тек бәсеке қалай күшейді?


Джонатан Хиллман жаңа кітабында Қытай мен АҚШ арасында дамушы елдердегі нарыққа бағытталған желілер мен жүйелер үшін цифрлық соғыс басталғанын жазады.

Қытайды ықпалын күшейтуге талпынып отыр дегенде әдетте құбыр желісін, жол құрылысын және инфрақұрылым жобаларын айтады. Бірақ Джонатан Хиллман өзінің жаңа кітабында Пекиннің цифрлық бастамаларды да құрал ретінде көріп отырғанын жазады.

Кітапта автор Қытайдың Пәкістан мен Джибутиді байланыстыратын суасты кабелі, Сербиядағы "Қауіпсіз қала" бастамасы, адамның түр-тұлғасын тануға арналған камералары туралы жазып, соғыстың жаңа алаңы жайлы айтады.

"АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық күрестің бірінші кезеңіне ғана куә болдық. Бұл негізінен дамыған елдерді қамтыды. Бірақ нағыз соғыс дамушы елдерде өрбиді" деп жазады кітап ("The Digital Silk Road: China's Quest To Wire The World and Win The Future") авторы.

"Бұл көзге көрінбейді, бірақ жер-жерде бар. Тіпті дәстүрлі инфрақұрылым жобаларының өзінде цифрлық компонент бар" дейді Вашингтонда орналасқан стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығындағы Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман.

Пекин мен Вашингтон болашақ желілерді бақылауға алу үшін күресіп жатыр. Цифрлық соғыс басталды деп жазады Хиллман кітабында. Бұл желілер 5G-ден бастап жасанды интеллектіге негізделген бақылау жүйесін, талшықты-оптикалық кабельдерді қамтиды.

"Бұл қиын кезең және бәсеке қиындап барады" дейді ол.

ХУАВЕЙ МЕН МЕРДІГЕР ДАУЫ

Тамызда Қытайдағы Хуавей коммуникация компаниясы мен АҚШ-тағы кішігірім мердігер арасындағы көп жылдық дау Америка федералды сотына өтті. Мердігер Хуавей оның технологиясын ұрлағанын, Пәкістандағы құқық қорғау қызметі жобасына қол жеткізу "тетігін" жасауға итермелегенін мәлімдеді.

АҚШ ресми өкілдері Қытай билігі Хуавей компаниясының өнімдерін сол технологияны орнатқан елдерде тыңшылық мақсатта пайдалануы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп келеді. Хуавей мұны бірнеше рет жоққа шығарды.

Алайда Business Efficiency Solutions мердігер компания арызында Хуавей Пәкістанның азаматтары мен шенеуніктері жайлы құпия ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін жүйе жасауға мәжбүрлегенін жазған. Компания бұған Пәкістанның ең ірі екінші қаласы Лахорда қолға алынған, Қытай қолдап отырған "Қауіпсіз қала" жобасы арқылы қол жеткізбек болған.

Іс әлі сотта қаралып жатыр. Бірақ бұл кішігірім көрініс Қытай мен АҚШ арасындағы соғыстың негізіне айналған мердігерлер, жаңа технологиялар мен ұлттық мүддені дөп басады.

Геосаяси кеудемсоқтық пен келесі буын технологияларының күрделі лабиринті 19 қазанда жарияланған кітаптың өзегіне айналған.

"ЖЕЛІДЕГІ СОҒЫС"

Қытайдың "Цифрлық Жібек жолы" Латын Америкасынан бастап Оңтүстік Азияға дейін қамтып, әлемге кең тараған сайын күмән да артып жатыр.

Пекиннің цифрлық басымдыққа ұмтылуы жоғарыдан шығады. Қытай президенті Си Цзиньпин елді 2025 жылға дейін өндіріс көшбасшысына, 2035 жылға дейін жаңа технологиялардың стандартын жасаушысына айналуға, 2050 жылы ең үлкен держава болуға шақырды.

Бұл мақсаттарға жету үшін Си Цзиньпин қытайлық компанияларды елдегі цифрлық инфрақұрылымға көп инвестиция салуға, "Бір белдеу – бір жол" аясында өнімін шетелдерге шығаруға итермеледі.

Қытай басшысы Си Цзиньпин Қытай коммунистік партияның 100 жылдығына арналған мерекелік жиында сөз сөйлеп тұр. Пекин, 1 шілде 2021 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Қытай коммунистік партияның 100 жылдығына арналған мерекелік жиында сөз сөйлеп тұр. Пекин, 1 шілде 2021 жыл.

Бұл жерде мәселе болашақ нарық үшін күреске келіп тіреледі.

Қытайдың жетістігі елге коммерциялық және стратегиялық пайда әкеліп, Пекинге жаһандық қаржы, коммуникация, мәліметтер легін басқару тетігін уысында ұстауға мүмкіндік береді. Мұның бәрін геосаяси мүддеге сай келуі үшін өзгертуге болады. Қазір осы артықшылықтардың бәріне АҚШ ие болып отыр.

Хиллман кітабында Вашингтон технология ақпараттың ашықтығы мен Қытайдың демократияға өтуіне көмектесе алады деп болжап, Қытайға технологиялық орталыққа айналуға қалай көмектескенін баяндайды.

"Технологияға қатысты ерекше оптимизм болды. Байланыс пен технологияның дамуы бостанықтың өрісін кеңейте алады деп болжады" деп жазады Хиллман. "Бірақ технология – құрал. Көріп отырғанымыздай, оны қысым көрсетіп, авторитарлыққа көмек ретінде де қолдана алады".

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының 2019 жылғы баяндамасына қарасақ, Хуавей "Қауіпсіз қала" жобаларына қатысты келісімшарттардың 71 пайызын адам құқықтары сақталмайды деп сынға ұшыраған елдермен жасаған.

ҚЫТАЙ ЖОБАЛАРЫ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Қытай компаниялары кейінгі жылдары жылдам дамыды. Өнімдері мен қызметін арзан бағаға ұсынып, нарықтың көп бөлігін иеленді. Батыстағы бәсекелесіне қарағанда бақылауды күшейтпей жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Орталық Азияда Қытайдың технологиялық компаниялары маңызды орынға ие.

2019 жылы Хуавей Өзбекстанмен 1 миллиард долларға бағаланған жол қозғалысына мониторинг жасау жүйесін жасауға келісті. Ал Hikvision Қазақстан қалаларына ұйғырларға бағытталған болуы мүмкін түр-тұлғаны тану бағдарламасын жеткізді.

2019 жылы Қырғызстан астанасы Бішкекте ашылған полиция орталығы да Қытай фирмаларынан түр-тұлғаны тану камераларын алған.

Өз бетімен жоғары сапалы жүйе жасай алмайтынын мойындаған Ресей де 5G телекоммуникация желілерінде Хуавейге жүгініп жатыр. Бұл қадам Қытай компанияларының Ресей нарығындағы орнын нығайтып қана қоймай, дамушы нарықтар үшін күресте де басымдық берді.

Хиллман кітабында жазғандай, технологиялық күрес енді басталды. Ол алдағы жылдары жаңа технологиялардың дамуы мен саяси оқиғалардың өрбуіне қарай күрт өзгеруі мүмкін.

АҚШ-тың дипломатиялық және санкция салу науқандарынан соң Батыс саяси алаңында бір кездері алпауыт саналған Хуавейдің аяғына тұсау салынғандай болды. Бұл Қытай компаниясын бизнестің жаңа салаларында тәжірибе жасауға, теңіздің арғы жағындағы нарықты беріп, АҚШ-қа тәуелді емес жеткізу тізбегін қалыптастыруға итермеледі.

Тамызда Хуавей 2021 жылдың біріші жартысында табысы 29 пайызға азайғанын мәлімдеді. Компания төрағасы "компания мақсаты – аман қалу" деді.

АҚШ, Еуроодақ, Үндістан, Жапония да "Бір белдеу – бір жолдың" баламасын жасауға кірісіп, цифрлық инфрақұрылымға басымдық берді. Алайда бұл бастамалар әлі қарастырылып жатыр.

Хиллман мұны Қытаймен әлемдегі цифрлық алаңда бәсекеге ұмтылған АҚШ үшін ең қиын міндеттердің біріне балайды. Алға жылжи отырып, АҚШ жаңа технологиялар жасау, ақпаратқа қолжетімділікті артыру секілді "шабуыл амалдарына" да көшуі керек болады дейді.

"Қытайдың әрекетін сынап, сенімді балама ұсынбау қаупі бар. Тек сынап қана қоймай, қалай күресу керегін ойлауымыз керек" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG