Accessibility links

Қытайда үкімет саясатына наразылық күшейді. Билік қалай жауап бермек?


Коронавирус шектеулеріне байланысты сыртынан жабылған тұрғын-үй кешенін күзетіп отырған қауіпсіздік қызметкерлері. Пекин, 26 қараша 2022 жыл.
Коронавирус шектеулеріне байланысты сыртынан жабылған тұрғын-үй кешенін күзетіп отырған қауіпсіздік қызметкерлері. Пекин, 26 қараша 2022 жыл.

Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжіде көпқабатты үйде өрт шығып, он адам қаза тапқанда жұрт биліктің коронавирусқа байланысты шектеулерін кінәлаған. Бұл оқиға Қытайда жаппай наразылыққа ұласты. Қытайда енді не болуы мүмкін?

Үш жыл бойы zero-Covid (нөл-Covid) саясатын қатаң ұстанып келген Қытай үлкен проблемаға тап болды: ондаған мың адам карантин шектеулеріне ғана емес, биліктің кейбір саясатына да наразылық білдіріп, көшеге шықты.

25 қарашада басталған наразылық Қытайдың кемінде он алты қаласына тарады. Оның ішінде Пекин мен қаржы орталығына айналған Шанхай да бар.

Наразылық Қытайдың карантин шектеулеріне қарсы бағытталды: биліктегі коммунистік партияның ережелерінен соң миллиондаған адам үйінде немесе карантин орталықтарында оқшаулануға мәжбүр болып, саяхаттай алмай қалды.

Бірақ азаматтардың наразылығы халықтың жылдар бойы ішінде сақтап келген әлеуметтік және экономикалық саясатқа көңілі толмайтынын да көрсеткендей болды. Әлем елдері карантин шектеулерінен бас тартып жатқанда, Қытайдағы қарапайым халық үшін бұл саясат бұлыңғырланып кеткен.

Наразылық басқа өңірлерге жылдам тарап жатыр. Видеолардан Шанхайдағы наразылардың "Си Цзиньпин, Кет! Қытай коммунистік партиясы таратылсын!" деп ұран көтергендерін естуге болады. Ал басқа видеолардан наразылардың демократиялық құқықтар мен сөз еркіндігіне шақырып жатқандары байқалады.

"Бұл коммунистік партияның ойын ережелерін өзгертеді" деді Азаттыққа Natixis инвестициялық банкінің Азия-Тынық мұхиты аймағы жөніндегі бас экономисі Алисиа Гарсиа-Херреро.

Халықтың ашық қарсылығы Қытай үшін өзгеріс кезеңі болмақ. Бұл жерде мәселе халықтың билікке ашуының өршіп жатқанында ғана емес. Елде коронавирустың жұқпалығы жоғары варианттары тарап жатыр. Наразылық күшейген тұста, үкімет вирустың тарауын қалай тежемек? Си Цзиньпин не істейді?

НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ НЕ?

Халықтың карантин шектеулеріне деген наразылығы бірнеше ай бойы қалыптасты. Үрімжіде өрт шығып, он адамның қаза табуы осы наразылықтың әрекетке ұласуына түрткі болды.

Тұрғындар өрт сөндірушілердің жұмысына карантин шектеулері кедергі келтіргенін айтады.

25 қарашада шенеуніктер адам өліміне карантин шектеулері себеп болғанын жоққа шығарып, "өзін-өзі құтқару қабілеті төмен" тұрғындардан көрген. Әлеуметтік желі қолданушылары бұған ызаланып, Үрімжіде наразылық басталған.

Ғимараттағы өрт шешуші кезеңге айналғанымен, Қытайдың коронавирусқа байланысты қатаң шектеу шаралары шиеленістің өршуіне алып келген.

Қыркүйекте адамдарды карантин орталығына апара жатқан автобус апатқа ұшырап, 27 адам қаза тапқан. Содан кейін Чжэнчжоудағы Apple компаниясының iPhone телефонын құрастыратын зауытында мыңдаған жұмысшы мен полиция арасында қақтығыс болып, жұмысшылар шектеу шараларын алып тастауды талап еткен.

Коронавирус шектеулеріне наразы адамдар сөз еркіндігіне шақырып тұр. Чэнду, Қытай, 27 қараша 2022 жыл.
Коронавирус шектеулеріне наразы адамдар сөз еркіндігіне шақырып тұр. Чэнду, Қытай, 27 қараша 2022 жыл.

Қытай билігі zero-Covid саясатын қорғаштап келеді. Бұл ұстаным коронавирустың таралуын тоқтатуды, вирус анықталғандардың бәрін оқшауландыруды, ауыр жағдайлар мен өлімнің алдын алуды көздейді.

Қытай вакцинация науқанын жүргізіп, отандық өнім вакцинасын салған. Бірақ ол коронавирустың омикрон дейтін вариантына қарсы тұра алмайтын болып шықты. Ал шенеуніктер шектеулерді әлсіретуден қорқып отыр. Осылайша 1,4 млрд адамға табиғи иммунитет тұрғысынан қауіп төніп тұр.

ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ МӘНІ

Наразылық Қытайдың біршама қаласына тарап, кейбір университет кампустары халық жиналатын негізгі орындарға айналды.

Әлеуметтік желідегі хабарламаларға сәйкес, Сиань өнер академиясы алдында жиналған халық Үрімжіде қаза тапқандардың құрметіне телефондарын көтеріп шыққан. Университеттердің веб-сайттары басқа жерлерде студенттердің гүл мен ақ парақ ұстап тұрғанын көрсетеді.

Қытайда банк секторына, жемқорлыққа, жұмысшылар құқығына байланысты наразылықтар жиі болып тұрады. Бірақ осы жолғы наразылықтардың ауқымы оған басқа сипат береді дейді сарапшылар.

"Бұл наразылықтардың түпкі себебі – қандай да бір жергілікті проблема емес, билік пен Си Цзиньпиннің коронавирус саясатына тікелей қарсылық" дейді Германиядағы Джордж Маршалл атындағы Еуропа зерттеу орталығының қытай жөніндегі сарапшысы Сари Архо Хаврен. "Наразылықтардың ірі қалаларға жылдам тарауы – [коммунистік] партияға анық қарсы шығу".

Билік полиция, бақылау, цензураға негізделген репрессия жүйесін құрған. Бұған дейін ол өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуда жылдам әрекет еткен.

2019 жылы Гонконгте демократияны қолдаған үлкен наразылық өтті. Бірақ бұл 1989 жылдан бергі ең үлкен наразылық саналып отыр. Ол кезде Пекиннің Тяньаньмэнь алаңындағы наразылық қанды қырғынға ұласқан еді.

"Қытайдағылардың көбі Батыс стиліндегі демократияны аңсамайды" деді Лондондағы патша колледжінің Қытай Лау институтының директоры Керри Браун Азаттық радиосына. "Бірақ олар биліктің уәделерді орындағанын қалайды".

БИЛІКТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Көбі биліктің қалай әрекет ететінін бағамдап, "Коронавирус шектеулерін өзгертуге тырыса ма?" деген сұраққа назар аударып отыр.

"Алдағы уақытта наразылықтар өздігінен аяқталмаса, одан әрі тарай бастаса, қатаң репрессия болуы мүмкін" дейді Хаврен.

"Жэньмин жибао" мемлекеттік басылымында 27 қарашада жарияланған мақалада "коронавирус шектеулерін ұстануға" шақырса, сол күні өткен брифингте Үрімжі шенеуніктері шектеу шаралары біртіндеп алынатындықтан, қоғамдық көлік ішінара іске қосылып отыратынын айтты.

Қауіпсіздік органдарының қызметкерлері қамауға алынған тұрғы-үй кешенін күзетіп тұр. Пекин, 24 қараша 2022 жыл.
Қауіпсіздік органдарының қызметкерлері қамауға алынған тұрғы-үй кешенін күзетіп тұр. Пекин, 24 қараша 2022 жыл.

Шанхайда полиция наразылық өткен жерді қоршап, жолды жапты. 28 қараша күні таңертең Шанхай билігі наразылық өтіп жатқан жердегі жол бойына үлкен бөгет қойды.

Кей наразыларды бейбіт түрде таратса, кей жерде полицейлер митингті күштеп таратып, наразыларды фургонмен әкетіп жатыр.

Басқа жерлерде Қытай шенеуніктері наразылық туралы не үнсіз қалған, не оның барын жоққа шығарған.

28 қарашада Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі баспасөз конференциясында шетелде коронавирус саясатына қарсы наразылықтар өткенін білмейтінін, Қытай коронавируспен күрес билік пен халықтың әріптестігі арқылы сәтті жүзеге асырылады деп ойлайтынын айтты.

ZERO-COVID САЯСАТЫ АЯҚТАЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Кей сарапшылар Қытай билігінің қандай жағдайда zero-Covid саясатын әлсіретіп, наразылықтарды тоқтату үшін бұл ұстанымнан бас тартуы мүмкін екенін қарастырып жатыр.

Goldman Sachs инвестициялық банкі Қытайда 2023 жылдың екінші маусымына дейін қайта ашылуға отыз пайыз мүмкіндік бар екенін айтты. Қазір бұл саясат Қытай экономикасының дамуын әлсіретіп, инвесторларға кедергі келтіріп отыр.

"Zero-Covid саясаты сақталса, келесі жылы Қытайдағы өсім одан да бетер төмендейді. Бұл әлем экономикасын бәсеңдететіндіктен, әлем үшін де қолайсыз. Bloomberg баяндамасында айтылғандай, шектеу шараларын алып тастау коронавирусты өршітіп, 5,8 млн адамның реанимацияға түсуіне әкелуі мүмкін.

Гарсия Херреро секілді сарапшылар вакциналау науқаны болашақта шектеулерді әлсіретуге әсер ете алатынын айтады.

"Дереу өзгеріс жоспарда жоқ, бірақ жылдам вакциналау бағдарламасы, әсіресе, қарттарды қамту жоспарлануы мүмкін" дейді ол.

Жаппай наразылық кезінде кімді қолдау керек екенін Си Цзиньпин саяси есепке алады дейді Хаврен. Билік наразылықтардан назарды басқа жаққа бұру үшін кәніні жергілікті шенеуніктерге артуы мүмкін дейді ол.

"Кей қалалар ережелерді әлсіретті және ресми хабарламалар жергілікті деңгейде болған қателерге бағытталған" дейді ол.

Пекин өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу мен наразыларға билік оларды еститіндей кейіп таныту арасында тепе-теңдік ұстауға тырысады дейді бұрын Қытайда дипломат болған Браун.

"Билік репрессияшыл ұстанымда болса, жағдай ушығып, шиеленіс пен зорлық көп болады" дейді ол. "Бірақ билік қайта топтасып, әдеттегі ісіне көшеді деп ойлаймын: бір жағынан халықтың талабын ішінара орындаса, бір жағынан наразылыққа шыққандарды қудалайды".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG