Accessibility links

"Пекин бізге демократия бере алмайды". Қытай мен Тайвань арасында не болып жатыр?


Тайвань туы мен фригаты ұлт күні қарсаңында. 9 қазан 2021 жыл.
Тайвань туы мен фригаты ұлт күні қарсаңында. 9 қазан 2021 жыл.

Си Цзиньпин Тайваньды Қытайға "бейбіт жолмен қайта қосуға" уәде берді. Ал Тайбэй Қытайға бас имейтінін, демократиялық жолмен жүре беретінін мәлімдеді. Азаттық радиосы оқиғаның жай-жапсарын түсіндіреді.

Сенбі, 9 қазан күні Қытай президенті Си Цзиньпин Тайвань туралы тағы бір мәлімдеме жасап, онысы үлкен дауға ұласты.

"Отанды толық біріктіру деген тарихи міндетімізді орындау керек және мұны орындаймыз да" деді ол Тайваньды Қытайға қосып алу жөнінде.

Алдыңғы мәлімдемелеріне қарағанда жұмсақтау сөйлеген Си Цзиньпин бұл жолы "бейбіт жолмен біріктіреміз деді, бірақ Қытайдың сепаратизмге қарсы тұратын "атақты дәстүрі бар" деп сес көрсетті.

Қытай президенті Тайвань туралы кейінгі мәлімдемесін Синьхай революциясының 110 жылдығына арналған жиында айтты. Пекин, 9 қазан 2021 жыл.
Қытай президенті Тайвань туралы кейінгі мәлімдемесін Синьхай революциясының 110 жылдығына арналған жиында айтты. Пекин, 9 қазан 2021 жыл.

Пекиннен шыққан бұл сөз Тайваньнің ашуына тап болып, ел президенті Цай Инвэнь мемлекет болашағын тек халық шешетінін айтты.

"Ұлттық қорғанысты нығайтып, өзімізді қорғай береміз. Тайваньды ешкім Қытай салған соқпақпен жүруге мәжбүрлей алмайды. Себебі Қытай 23 миллион халқы бар елге не бостандық, не демократия, не егемендік бере алмайды, – деді ол. – Байланыс жақсарады деп үміттенеміз, асығыс әрекет етпейміз. Алайда Тайвань халқы қысымға бас иеді деген иллюзия болмауы керек".

Тайвань президенті Цай Инвэнь ұлт күнін атап өту кезінде. Тайбэй, 10 қазан 2021 жыл.
Тайвань президенті Цай Инвэнь ұлт күнін атап өту кезінде. Тайбэй, 10 қазан 2021 жыл.

Тайвань президенті Қытаймен тең дәрежеде сөйлескісі келетінін мәлімдеді. Ал бұған көнбеген Қытай "мемлекет біртұтас болуы керегін, ал тәуелсіздікке ұмтылу келіссөздерге жол ашпайтынын" айтқан. Қытай Тайваньға "бір ел, екі жүйе" саясатын, яғни автономия үлгісін ұсынған. Қазір Гонконг осы саясатты ұстанып отыр. Бірақ Тайваньдағы негізгі партиялар бұған келіспеген.

ӘСКЕРИ ҰШАҚ ДАУЫ

Тайваньның қорғаныс министрі Чиу Куо Чэн Қытай мен Тайвань 40 жылдың ішіндегі ең шиеленісті жағдайға жеткенін айтып, екі ел арасында қақтығыс болуы мүмкін деп ескертті. Оның бұлай сөйлеуіне Қытайдың Тайвань әуе кеңістігі арқылы біршама әскери ұшағын ұшыруы түрткі болған.

Министр Пекиннің бұл қадамын бөтен елге басып кіру әрекеті деп бағалаған.

Сарапшылар Тайвань аралы АҚШ пен Қытайдың бәсеке алаңына айналғанын, бұл әскери қақтығысқа әкелуі мүмкін екенін айтады.

ШИЕЛЕНІС НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Тайвань өзін тәуелсіз мемлекет санайды. Ал Қытай оны бөлініп кеткен аудан көріп, елге қайта қосуды көздейді.

Кейінгі күндері шиеленістің күшейгеніне қарамастан, қазіргі жағдай 1996 жылға қарағанда жақсырақ. Ол кезде Қытай зымыран сынағын өткізіп, Тайваньдағы президент сайлауын болдырмауға тырысқан. Бұған жауап ретінде АҚШ Тайваньға әуе тасығыш кемесін жіберіп, осыдан кейін Қытай райынан қайтқандай болды.

Тайвань мен Қытай 1949 жылдан бастап бөлінген. Сол жылы елде революция болып, Мао Цзедун бастаған коммунистер билікке келді де, Чан Кайши бастаған бұрынғы билік Тайваньға қашқан.

Екі ел де Қытай мемлекеті атануға таласып, басында АҚШ тек Тайваньмен жұмыс істеген. Оған капиталистік және социалистік әлем арасындағы теке-тірес түрткі болған. Бірақ ішкі Қытайдың халықаралық аренадағы салмағы артып, 1970 жылдары АҚШ дипөкілдігін Пекинге ауыстырды да, компартия басқаратын Қытаймен әріптестік орнатты.

Бірақ Тайвань өзін бөлек мемлекет деп санай берді. Елде демократиялық жолмен сайланатын билік органдары, 300 мыңнан астам сарбаздан тұратын әскері бар. Экономикасы жағынан дамыған саналады. Бірақ Қытаймен қандай да бір байланысы бар мемлекеттер Тайваньды тәуелсіз мемлекет деп мойындаудан қашқақтайды. Салдарынан Тайвань халықаралық қауымдастықтан оқшауланып отыр.

Алайда АҚШ Тайваньды әлі де қолдайды. Тіпті оған арнайы заң аясында қару-жарақ та сатады.

Қытай мен Тайвань арасындағы кейінгі дау басталғанда, журналистер АҚШ президенті Джо Байденге осы жөнінде сұрақ қойды. Ол "Си Цзиньпинмен Тайвань жөнінде сөйлестім. Біз Тайвань мәмілесін ұстану жөнінде келістік" деді ол. Бірақ Ақ үй басшысының мәміле деп нені атағаны белгісіз.

BBC, Reuters, New York Times мақалалары негізінде дайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG