Accessibility links

Ең кішкентай домбыра жасаған шебер енді «таудай аспапқа» кіріспек


Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра. Ұзындығы - 4,5 сантиметр.
Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра. Ұзындығы - 4,5 сантиметр.
Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Домбыраның ұзындығы – 4 сантиметр 5 миллиметр, ені – 1 сантиметр 4 миллиметр.

Оны жасаған 29 жастағы Болатбек Кәрімханұлы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы Егізтөбе ауылында дүниеге келген. Мамандығы – электрик.

ҚАРАЖИДЕДЕН ЖАСАЛҒАН АСПАП

- Ауылда қарапайым тоқшы (электрик) болып жұмыс істеп жүрмін, - деді Болатбек Азаттық тілшісіне.

Өзінің айтуынша қолөнермен бала күнінен әуестенген.
Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбырасының Гиннестің рекордтар кітабына енгені жөніндегі құжатты көрсетіп тұр.
Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбырасының Гиннестің рекордтар кітабына енгені жөніндегі құжатты көрсетіп тұр.

– Мен ағаштан бұйымдар жасаумен бала күнімнен айналыстым. Бірақ орта мектепті бітіргеннен кейін басқа мамандық бойынша білім алдым, қазір сол алған білімім бойынша жұмыс істеп жүрмін, - деді ол.

Болатбек интернетті жиі қарайтынын айтты.

– Торапқа (интернетке-ред.) шықсам басқа ұлттардың аспабы бар екен де, тек қазақтың домбырасы ғана жоқ екен. Қазақ болғаннан кейін қазақтың домбырасын таныту қажет. Басында Гиннестің рекорттар кітабына енгізу үшін үлкен домбыра жасамақшы болғанмын. Бірақ оған көп қаржы кетеді екен. Ал менде ондай дүние жасауға ақша жоқ. Сонан кейін неғұрлым кішкентай етіп жасауды қолға алдым. Онда да Гиннестің рекордтар кітабына енудің талаптарына сай етіп жасауға кірістім, - дейді шебер жігіт.

Шебердің айтуынша домбыраны жасауға бір ай уақыт кетіпті.

– Алдымен домбыраның сыртқы қабын жасадым. Сонан кейін барып домбыраның өзін жасадым. Дауысы дұрыс шығу үшін қаражиде ағашын алып, әрбір бөлшегін жеке жонып, бір-бірімен қиюластырып шықтым. Сыртына қазақы ою-өрнектерді қондырдым, - деді Азаттық тілшісіне Болатбек телефон арқылы.

«БОЛАШАҚТА ТАУДАЙ ДОМБЫРА ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ»

– Мен осы домбыраны алғаш жасай бастаған кезде әкем қатты науқастанып қалды да, қолдағы қаржыны сол кісіні емдетуге жұмсадым. Сосын ойға алған ісімді жүзеге асырайын деп домбыраны барынша кішкентай еттім. Екі ішекті тоғыз пернелі кішкентай домбыраны қолмен ойнау мүмкін емес, бірақ комиссия сараптамасы бойынша күй тартудың барлық талаптарына сай кепті. Өзім де бұл істі бастамас бұрын басты шарттарымен танысқан болатынмын, - дейді Болатбек.

Осы домбыраны жасай бастағанда әкем қатты науқастанып, қаржыны сол кісіні емдетуге жұмсадым. Сосын ісімді аяқтайын деп домбыраны барынша кішкентай қылдым.
Болатбек Кәрімханұлы Гинннестің рекордтарын саралайтын коммиссияның Қытайдағы өкіліне өткен жылдың қараша айында домбырасын құжаттарымен қоса тапсырыпты.

– Осыдан бір ай бұрын шамасында домбырамның Гиннестің рекордтар кітабына №01-1201-09541 болып тіркелгені туралы сертификат алдым. Қуанышымда шек жоқ. Жіберуін жіберсем де, уақыт өткен сайын күдерімді үзе бастаған едім, - деді шебер.

Ол болашақта егер қаржыдан көмектесетін адам болса, таудай домбыра жасауды ойлап жүргенін айтты.

Қытай қазақтары бұған дейін де Гиннестің рекордтар кітабына кірген. 2009 жылғы тамыздың 30-ында осы Алтай аймағындағы Шіңгіл ауылында қазақтар бастап түрлі этникалық топ өкілдерінен құралған 13 мың 288 адам бір мезетте «Қара жорға» биін билеп, рекордтар кітабына енген. Ал 2010 жылғы мамырдың 30-ында Толы ауданына жиналған 10 450 домбырашы бір мезгілде күй тартып, тағы да осы рекордтар жинағына ілінген болатын.
XS
SM
MD
LG