Accessibility links

CNN: Уиткофф пен Кушнер Иранмен келіссөз жүргізу үшін Исламабадқа барды

АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф (оң жақта) және Дональд Трамптың кеңесшісі Джаред Кушнер
АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф (оң жақта) және Дональд Трамптың кеңесшісі Джаред Кушнер

АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың кеңесшісі Джаред Кушнер Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен кездесу үшін Исламабадқа барды. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген CNN хабарлады.

Бұған дейін Тегеранмен келіссөз кезінде америкалық делегацияға жетекшілік еткен вице-президент Джей Ди Вэнстің сапары әзірге жоспарланбаған, себебі келіссөзге Иран парламентінің спикері Мұхаммад-Багер Галибаф қатыспайды. Дегенмен келіссөзден қандай да бір нәтиже шығып жатса, Вэнс Исламабадқа ұшуға дайын дейді дереккөз.

Аракчи Пәкістаннан бөлек, Ресей мен Оманға да бармақ. «Сапарымның мақсаты - серіктестерімізбен екіжақты ынтымақтастықты тығыз үйлестіру және аймақтағы оқиғалар бойынша кеңесу. Біздің көршілеріміз - біздің басымдығымыз», - деп жазды Аракчи X әлеуметтік желісінде.

Алдын ала мәлімет бойынша, Исламабадта Иранның сыртқы істер министрі Тегеранның ұстанымын жеткізбек. Пәкістанда бұған дейін де америкалық делегация да болған, бірақ ол қосымша функция атқарады, келіссөз жүргізуге уәкілеті жоқ.

Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Аракчидің Исламабадқа сапары аясында Америка өкілдерімен ешқандай келіссөз жоспарланбаған.

Иран бұрынғыша Америкадан порттарды ашуды талап етіп отыр. Бұл келіссөзді жалғастырудағы негізгі шарт.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Галибаф келіссөз тобынан шығып кеткен болуы мүмкін. Израиль және Иранның оппозициялық дереккөздерінің айтуынша, бұған ислам революциясы сақшылар корпусымен арадағы қайшылық себеп болуы мүмкін

Иранның ресми ақпарат құралдары Галибафтың отставкасын жоққа шығарды және оның парламентте жұмысын жалғастырып жатқанын жазды. Ал келіссөзге қатысатын делегацияның құрамы әлі анық емес.

Делегация жетекшілігінен үміткерлер қатарында ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бұрынғы хатшысы Саид Джалили бар. Ол 2007-2013 жылдары ядролық бағдарлама бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері және Германиямен кездесу кезінде қатаң ұстанымдарымен танылған.

Айдар
XS
SM
MD
LG