Өзбекстанда коронавирустан қайтыс болғандар 15 адамға жетті
Ташкентте коронавирус инфекциясы жұққан 63 жастағы әйел қайтыс болды. Бұл туралы 1 маусымда Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
COVID-19 жұқтырғаны 30 мамырда анықталғаннан кейін оны Ташкент медицина академиясына жатқызған. Ресми хабарламада науқастың биыл қаңтарда инсульт деген диагнозбен ем қабылдағаны айтылған.
Дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқанымен, миының қан айналымы бұзылған сырқат ауруханада жан тапсырды деп хабарлады министрлік.
Өзбекстанда, ресми мәлімет бойынша, 3623 адам COVID-19 жұқтырған. 2837 адам дерттен жазылған.
Армения премьер-министрі COVID-2019 жұқтырғанын айтты
Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен оның отбасына коронавирус жұққан. Бұл туралы Пашинян Facebook парақшасында хабарлады.
"Өкінішке қарай, тест нәтижесі [вирус барын] анықтады", - деді Армения үкіметінің премьер-министрі.
Пашинянның сөзінше, тест қорытындысы жексенбіде белгілі болған. Ол COVID-19 ауруының еш белгісі байқалмаса да, алдағы іссапар алдында коронавирусқа тест тапсыруды жөн көргенін айтты.
Тест қорытындысы Пашиянның әйелі Анна Акопян мен үш қызынан да вирус белгілерін анықтаған. Пашинянның қыздарынан бөлек ұлы да бар. Ол қазір әскерде борышын өтеп жатыр.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Арменияда коронавирус 9282 адамнан табылып, 131 адам қайтыс болған.
Тәжікстанда COVID-19 жұқтырғандар 4 мыңға таяды
Кейінгі бір тәулікте Тәжікстанда коронавирус жұқтырғандар 123 адамға көбейді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ресми ақпаратқа сай, Тәжікстанда вирус жұқтырғандар саны 3930 адамға жеткен. 2004 адам дерттен жазылып, 47 адам көз жұмған.
Тәжікстанда коронавирус жұқтырғандар туралы ресми ақпаратқа жұрттың көбі күмәнмен қарайды. Олар вирус жұқтырғандар бұдан да көп деп санайды. БАҚ, әлеуметтік желі және қайтыс болғандардың туыстарының хабарларының негізінде есеп жүргізетін kvtj.info сайтының дерегінше, 29 мамырға дейін елде COVID-19 және пневмония салдарынан 360 адам қайтыс болған. Билік мұндай ақпаратты жоққа шығарады.
Денсаулық сақтау министрлігі «31 мамырдағы мәлімет бойынша, ауруханада дәрігердің бақылауында 1886 адам жатыр, 377 адам үйіне шықты» деп хабарлады.
Сауд Арабиясы мен Иерусалимде мешіттер қайта ашылды
Сауд Арабиясында коронавирус пандемиясына байланысты кейінгі екі ай жабық болған мыңдаған мешіт қайта ашылды. Мешітке келген адам коронавирустан сақтану ережесін бұлжытпай орындауға міндетті. Меккедегі мұсылмандардың қасиетті орны әзірге жабық тұр.
Мұсылмандар үшін Мекке мен Мәдинеден кейінгі қасиетті орын — Иерусалимдегі әл-Ақса мешіті де қайта ашылды.
Әлем елдері бірнеше айға созылған карантин шектеулерін босаңсыта бастады. Сауд Арабиясы үкіметі елде санитарлық жұмыстардан кейін 90 мыңға жуық мешіт қайта ашылатынын хабарлады.