Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:47 15.10.2020

Франция сенбіден бастап комендант сағатын енгізеді. Шара Covid-пен күрес аясында қабылданды

Франция дәрігерлері пандемия кезінде.
Франция дәрігерлері пандемия кезінде.

Франция коронавирус індетінің екінші толқынымен күрес аясында комендант сағатын енгізгелі отыр. Ел президенті Эммануэль Макрон халқын кешкі сағат 9.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейінгі аралықта көшеге шықпауға шақырды. Шара Covid індетінің тарауын тежеу үшін қабылданды. Комендант сағаты тәртібі Парижде және одан өзге сегіз қалада орнайды. Олар: Марсель, Лилль, Сент-Этьен, Руан, Тулуза, Гренобль және Монпелье. Бұл туралы BBC хабарлады.

Комендант сағаты сенбі, 17 қазаннан бастап күшіне енеді. Әзірге бұл шара төрт аптаға созылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай тәртібі енгізіліп отыр. Бірақ мектептер бұрынғыша жұмыс істей береді, күн жарықта қалааралық сапарға шығуға болады.

Сәрсенбі, 14 қазан күні Францияда 23 мың адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Еуропа елдерінің көбі аурудың тарауын тежеу үшін карантин шектеулерін қайта енгізіп жатыр. Нидерландыда кафелер, барлар және ресторандар жабылды. Дәл осындай шара Испанияның Каталония аймағында да қабылданды.

Чехия Республикасында кейінгі аптада вирус жұқтырғандар саны артып, 14 қазаннан бастап мектептегі оқу қашықтан жүргізіле бастады. Барлар мен ресторандар мұнда да жабылды.

Еуропада вирус жұқтырғандар саны тәулік сайын 100 мың адамға артып отыр. Чехия мен Франциядан бөлек жоғарғы көрсеткіштер Италия мен Швейцарияда да тіркеліп отыр.

09:34 15.10.2020

Covid тесті 110 науқасты анықтады. Тәулік саны бойынша бірінші орында - Нұр-Сұлтан

Covid зертханасы. Көрнекі сурет.
Covid зертханасы. Көрнекі сурет.

14 қазан күні Қазақстанда 110 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Бұл – 30 тамыздан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Тәулік көрсеткіші бойынша Нұр-Сұлтан қаласы кейінгі айларда тұрақты түрде бірінші орыннан табылып жүрген Шығыс Қазақстан облысынан озды.

Тәулік көрсеткіші бойынша, аймақтар бойынша бірінші орында – Нұр-Сұлтан. Қалада бір күнде 18 науқас тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысында 14 адамның вирус жұқтырғаны расталды. Ал кейінгі айларда күн сайын бірінші орыннан көрінген Шығыс Қазақстан облысында 12 науқас анықталды. Павлодар облысында 11, Алматы қаласында 10 және Атырау облысында 10 науқас тіркелді. Түркістан және Қызылорда облыстарында әдеттегідей Covid науқасы анықталған жоқ.

Аурудан бір күнде 179 адам жазылып шыққан.

Қазақстанда вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған адамдар саны 109 094-ке жетті. Оның ішінде 104 525 науқас аурудан айыққан, 1776 адам қайтыс болған. Коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға Covid тестімен расталмаған бірақ белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония дерегі де қосылмай отыр. Үкімет мұндай пневмонияның есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Осы күнге дейін 35 234 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Оның 27 978-і жазылып шықты, 373-і қайтыс болды.

Коронавирус пневмониясы науқастары 1 тамызға дейін де анықталған, бірақ оның жалпы санын денсаулық сақтау министрлігі нақтыламады. Министрліктің мәлімдеуінше, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болған. Мұның ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмады.

20:51 14.10.2020

Цой "парламент сайлауы онлайн өтуі мүмкін" дейді. Интернетте бұл идеяға қарсы петиция шықты

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пандемиясына байланысты келер жылғы парламент сайлауы онлайн форматта өтуі мүмкін екенін айтты. 14 қазандағы брифингте Цой "эпидемиологиялық жағдайға қарай дауыс берудің түрлі форматы қарастырылып жатқанын" хабарлады.

Цойдың сөзінше, министрлік осы жағдайға байланысты Орталық сайлау комиссиясымен бірнеше рет жиналыс өткізген.

- Біздің мақсатымыз – сайлау кезінде [медициналық] қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сайлау қандай әдіспен өтсе де, біз үшін барлық санитарлық норма орындалғаны маңызды. Біз [дауыс берудің] барлық мүмкіндігін – онлайнды да, дәстүрлі әдісті де қарастырып отырмыз. Талап бәріне ортақ. Адамдар көп жиналса, арақашықтық сақтап, маска тағып, қолғап киіп, дезинфекция құралдарын қолдану керек. Денсаулық сақтау министрлігі қауіпсіздікке жауап береді. Сайлауда эпиджағдайды сақтау үшін, дауыс беруді қауіпсіз өткізу үшін барлық шараны қарастырамыз, - деді ол.

Осыдан бірер күн бұрын Аvaaz.org сайтында парламент сайлауында онлайн дауыс беруге қарсы петиция жарияланған. Петиция авторлары пандемия кезінде сайлауды кейінге қалдыруды, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан заң жүзінде онлайн және аралас дауыс беруге тыйым салуды сұрайды.

"Жақында өткен праймериз мұндай сайлау жүйесінің қаншалықты ашық емесін көрсетті. Біздің цифрлық жүйе техникалық жағынан, заң тұрғысынан мұндай дауыс беруге дайын емес. Қазақстан Конституциясы мен "Сайлау туралы заңында" электронды дауыс беру интернет арқылы дауыс берумен теңестірілмейді. Біздің заңнама құпия дауыс беру принципін бұзатын мұндай әдіске тыйым салады. Сондықтан алдағы сайлауды тек учаскеде дауыс беру арқылы өткізуді талап етеміз" деп жазылған петицияда.

Қазір петицияға 218 адам қол қойған. Қазақстан заңнамасына сай, парламент сайлауы 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін өтуі тиіс. Сайлау қашан өтетіні анық емес. Ал биліктегі "Нұр Отан" партиясы қазанның басында праймериз өткізген.

Праймеризге қатысушылар мен бақылаушылар "Нұр Отанның" бұл науқанын "әділ өтпеді" "үміткерлерге тең мүмкіндік бермеді" деп сынаған.

20:49 14.10.2020

Путин: Ресей коронавирусқа қарсы екінші вакцинаны тіркеді

Ресейде коронавирусқа қарсы екінші вакцина тіркелді. Бұл жөнінде 14 қазанда үкімет мүшелерімен болған жиында Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді.

"[Жиынды] басқа бір жағымды ақпараттан бастағым келіп тұр. Новосібірдегі "Вектор" орталығы бүгін Ресейдің коронавирусқа қарсы "ЭпиВакКорона" деп аталатын екінші вакцинасын тіркеді" деді ол.

Оның айтуынша, Ресей ғылым академиясына қарасты иммунобиологиялық дәрі-дәрмекті зерттеу және әзірлеу федералдық ғылыми орталығы дайындап жатқан үшінші вакцина да тіркелер күн жақын.

Вице-премьер Татьяна Голикова "Вектор" орталығының тіркеу куәлігін алғанын хабарлады. Оның айтуынша, вакцинаның клиникалық сынағына 100 ерікті қатысқан.

"Векторлық, яғни аденовирус негізінде әзірленген ресейлік алғашқы вакцина Sputnik V-дан айырмасы, жаңа вакцина болашағы зор синтетикалық платформалардың бірінде дайындалды, ол пептидтік вакцина саналады, яғни вирустық белок – пептидтің жасанды жолмен синтезделген қысқа фрагменттерінен тұрады. Иммундық жүйе сол арқылы үйреніп, вирусты танып, оны бейтараптандыруға дағдыланады. Вакцина реактогенді емес әрі қауіпсіздік деңгейі өте жоғары" деді ол.

Ресей әзірлеген коронавирусқа қарсы "тұңғыш вакцина" - Sputnik V-нің де тіркелгенін алғаш болып Путин айтқан. Ресей президентінің сөзіне сенсек, вакцинаны сынап көрген еріктілердің арасында оның қызы да болған.

"Вектор" институтының вакцинасы туралы айтқан ол бұл екпені "керемет препарат" деп сипаттады және Ресейдегі вакциналар бір-бірінен бірі өткен, сондықтан олар қауіпсіздігі мен тиімділігі бойынша өзара бәсекеге түсе алады деді.

Бұдан бұрын бір топ ғалым коронавирусқа қарсы Sputnik V вакцинасын сынаудың нәтижелері туралы мақалаға қатысты Ресейдегі әріптестеріне және беделді ғылыми журнал – Lancet редакторына ашық хат жолдаған. Онда ғалымдар мақалада көрсетілген мәліметтердің сенімділігіне күмән келтірген.

16 шілдеде Ұлыбритания, АҚШ және Канада Ресей билігінің қолдауына сүйенетін хакерлерді әлемдік ғылыми және фармацевтикалық компаниялардың коронавирус вакцинасы мен еміне қатысты зерттеу нәтижелерін ұрлауға тырысты деп айыптаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG