"Шекарасыз тілшілер" Нұр-Сұлтанды ТЖ кезінде журналистерді қудаламауға шақырды
Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" баспасөз қорғау ұйымы (RSF) Қазақстан билігін індет жайлы хабар таратқан журналистерді қудаламауға шақырды. Ұйым өкілдері журналистерді "тергеп, сотпен қудалау және дерек құпиялылығын бұзуға" жол беруге болмайды деді.
"Қоғамда дүрбелең тудырмауды желеу етіп Қазақстан билігі журналистер мен блогерлерді қудалап жатыр, эпидемия туралы [блогерлер таратқан] хабарламалар ресми ақпаратпен сәйкес келмейді" деді 30 сәуірде ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бюро жетекшісі Жанна Кавелье.
"Төтенше жағдайды пайдалану Қазақстандағы сөз бостандығына зиян тигізеді" деді ол.
Ұйым өкілдері мәлімдемеде Facebook-тағы жазбасы үшін өткен аптада полицияға шақыртылып, жеті сағат бойы тергелген шымкенттік журналист әрі блогер Зәуре Мырзақожаева туралы айтқан. Журналистің сөзіне қарағанда полиция "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату" ісін зерттеп жатқанын айтып, ол жайлы мәлімет бермеу туралы қолхат алған.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының пікірінше, 16 наурыздан бері төтенше жағдай жарияланған Қазақстанда ақпарат құралдары сотпен қудаланады. Штаб-пәтері Парижде шоғырланған ұйым билік "әлеметтік желілер мен ақпарат құралдарындағы үкімет жұмысын өткір сынаған жазбаларды мұқият бақылап отыр" деп санайды.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының өткен аптада жарияланған "Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 157 орында тұр.
Қазақстанда коронавирус жұққан 102 адам анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 1 мамыр таңертеңгі сағат 10.40-та коронавирус инфекциясы тағы 102 адамнан табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 5, Алматы қаласында - 79, Алматы облысында - 2, Шымкентте - 1, Шығыс Қазақстан облысында - 3, Батыс Қазақстан облысында - 6, Жамбыл облысында - 2, Маңғыстау облысында - 1, Түркістан облысында 3 адамға вирус жұққаны анықталған.
Барлығы 3504 адамға вирус жұққан. 866 адам жазылған. 25 адам қайтыс болған.
Коронавирус жұқтырған 3504 адам мына аймақта:
- Алматы қаласы – 1130
- Нұр-Сұлтан қаласы – 650
- Қызылорда облысы – 201
- Шымкент қаласы – 193
- Қарағанды облысы – 149
- Атырау облысы – 139
- Батыс Қазақстан облысы – 152
- Түркістан облысы – 127
- Павлодар облысы – 129
- Алматы облысы – 138
- Жамбыл облысы – 132
- Ақмола облысы – 99
- Ақтөбе облысы – 109
- Қостанай облысы – 50
- Маңғыстау облысы – 49
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Шығыс Қазақстан облысы – 23
Трамп коронавирустың қытай зертханасымен байланысы туралы дәлел барын айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус Қытайдағы вирусология зертханасынан тарады деп сеніммен айтуға болатындай дәлел барын айтты. Бұған дейін кейбір ғалымдар әлемде жүздеген мың адамның өліміне себеп болған қауіпті вирустың жасанды пайда болуы туралы болжам жасаған еді. Трамп мәлімдемесі солардың айтқанына ұқсас.
30 сәуірде Ақ үйдегі баспасөз мәслихаты кезінде Трамп дәлел барын айтқанмен жай-жапсарына тоқталмады. "Мұны айта алмаймын. Айтуға құқығым жоқ" деді ол.
Трамп мәлімдемесі АҚШ пен Қытай арасындағы коронавирустың шығуына байланысты туындаған салқын қарым-қатынасты одан сайын тереңдете түсуі мүмкін. Дегенмен президент бұл жолы да коронавирус қателіктің кесірінен зертхана аумағынан тарап, Қытай оны тоқтата алмаған болуы мүмкін деген болжамын қайталады.
АҚШ президенті "коронавирустың пайда болуы туралы ақпараттың бұрмалануына Қытай басшысы Си Цзиньпин жауапты ма" деген сұраққа жауап бермеді, бірақ Қытай тауарларына жаңадан баж салығы енгізіледі деп сес көрсетті.
Трамп мәлімдемесінен бұрын АҚШ барлау қызметі коронавирус індеті қытай зертханасында кеткен қателіктен тарауы мүмкін деген болжамды зерттеп жатқанын хабарлаған. Барлау қызметі өкілдері вирус "қолдан жасалмаған, генетикалық тұрғыда өзгермеген, зерттеу осыны дәлелдеді" деп мәлімдеген.
ILO: Әлемде 1,5 млрд адам карантин кесірінен нәпақасыз қалуы мүмкін
Әлем елдері коронавирусқа байланысты карантин мерзімін ұзартса, шамамен 1,5 миллиардтан астам адам нәпақасыз қалуы мүмкін. Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) арнайы баяндамасында осындай болжам айтылады.
Баяндама авторларының ойынша, бірінші кезекте экономиканың көлеңкелі және ресми емес секторында жұмыс істеп жүргендер жұмысынан айрылуы мүмкін. Алайда заңды жұмысы бар шамамен 300 млн адамға да жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр.
ILO бағалауынша, індеттің кесірінен әлемде 436 млн компания қиындыққа ұшыраған. Олардың арасында 232 млн сауда фирмалары, 111 млн өңдеу өнеркәсіп орындары, қызмет көрсету саласындағы 51 млн компания, жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын 42 млн агенттік, фирма бар.
Эпидемия басталғаннан кейін бір айдан соң АҚШ-та 20 млн-нан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақыға өтініш берген. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
Соңғы мәлімет бойынша, әлемде үш миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. 230 мың адам қайтыс болған.