Accessibility links

Covid бойынша антирекорд: 6,5 мың жаңа науқас, 74 өлім


23 шілдеде Қазақстанда 6 521 адамның коронавирусқа тапсырған анализі оң нәтиже көрсеткен. Елдің ең ірі екі қаласы Нұр-Сұлтан мен Алматыда вирус жұқтырғандар саны мыңнан асып тұр. Астанада - 1522, ал Алматыда – 1080 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Басқа өңірлердегі көрсеткіштер:

Шымкент қаласы - 507, Ақмола облысы - 193, Ақтөбе облысы - 250, Алматы облысы - 220, Атырау облысы - 446, Шығыс Қазақстан облысы - 101, Жамбыл облысы - 108, Батыс Қазақстан облысы - 309, Қарағанды облысы - 750, Қостанай облысы - 167, Қызылорда облысы - 170, Маңғыстау облысы - 255, Павлодар облысы - 211, Солтүстік Қазақстан облысы - 123, Түркістан облысы - 109.

Былтырғы наурыздан бері жалпы ел бойынша 522 638 адам Covid-ке шалдыққан.

Жаңа антирекорд Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың 14 шілдеде айтқан пессимистік сценариінің орын алып жатқанын растайды. Министр шілде-қыркүйек айларында Қазақстанда 400 мыңға жуық адам коронавирус инфекциясын жұқтырады, тамыздағы шарықтау шегі кезінде тәулігіне 6 мыңнан астам жаңа науқас тіркеліп отырады деп болжаған. Тамыз айы басталмай жатып, бір тәулікте жұқтырғандар саны 6,5 мыңнан асып кетті.

Ресми мәлімет бойынша, 22 шілдеде 225 адамға "коронавирус белгілері бар пневмония" диагнозы қойылған. Былтыр тамыздан бергі санақ бойынша, ПТР анализі Covid-тің барын растамаса да, клиникалық белгілері бойынша "коронавирус пневмониясы" диагнозы қойылғандар саны 53 886 адамға жеткен.

22 шілдеде 64 адам коронавирустан, 10 адам "коронавирустекті пневмониядан" көз жұмған.

Жаңа науқас саны емделіп шыққандардан екі еседей көп. Өткен тәулікте Қазақстанда 2 802 адам коронавирустан емделіп шыққан.

Қазір елде 75 мыңдай адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр, олардың ішінде 21 681 пациент стационарда. 1 325 науқастың жағдайы ауыр, 287-сінің халі өте ауыр, ал 175 адам өкпе желдеткіш аппаратқа қосылған.

Індеттің өршуіне байланысты Қазақстанның көп аймағында карантин күшейтілген. Нұр-Сұлтанда инфекциялық ауруханалар 72 пайызға толып, жоспарлы емдеу тоқтаған. Қазақстан аймақтарындағы эпидемия матрицасы бойынша тек Түркістан облысы "сары аймақта" қалды, қалған өңірдің бәрі ең қауіпті деген "қызыл аймаққа" өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG