Accessibility links

Crew-11 ғарыш экипажы Жерге мерзімінен бұрын оралды


Crew-11 ғарыш экипажының Жерге оралған сәті (видеодан скриншот)
Crew-11 ғарыш экипажының Жерге оралған сәті (видеодан скриншот)

Халықаралық ғарыш станциясының экипажы бейсенбі күні Жерге жоспарланған мерзімінен бұрын оралды. Миссияға қатысушылардың бірінің денсаулық жағдайын байланысты осындай шешім қабылданған, алайда ол адамның аты-жөні жария етілмеді.

Crew-11 экипажы 14 қаңтар күні Халықаралық ғарыш станциясынан Жерге аттанған. Келесі күні, Астана уақытымен сағат 13:41 кезінде экипаж мүшелері SpaceX компаниясы капсуласымен Сан-Диего қаласына таяу маңда, Тынық мұхитына қонды.

165 күн бойы орбиталық зертханада болған америкалық көп мәрте пайдаланылатын Crew Dragon ғарыш кемесі америкалық NASA астронавтары Зена Кардман мен Майк Финкті, жапон астронавты Кимия Юиді және ресейлік "Роскосмос" ғарышкері Олег Платоновты Жерге аман-есен жеткізді.

Денсаулық жағдайына байланысты ғарыштан ерте оралуға мәжбүр болған экипаж мүшесі жөнінде әзірге нақты мәліметтер жарияланған жоқ. Бұл – Халықаралық ғарыш станциясы пайдалануға берілген кейінгі ширек ғасырда медициналық себептерге байланысты алғашқы эвакуация екені айтылып отыр.

Қазір ғарышта NASA астронавты Кристофер Уильямс пен "Роскосмос" ғарышкерлері – Халықаралық ғарыш станциясы командирі болып тағайындалған Сергей Кудь-Сверчков және Сергей Микаев жұмысын жалғастырып жатыр. Келесі Crew-12 миссиясы ХҒС-қа биыл ақпан айында аттанбақ.

XS
SM
MD
LG