Accessibility links

Дағдарыс ушыққан шақта Иран су импорттауға көшпек


Су тапшы аймақта су таратып жүрген көлік. Иран
Су тапшы аймақта су таратып жүрген көлік. Иран

Иранның энергетика министрі Аббас Әлиабади 3 желтоқсанда Тегеран су импорттауды су дағдарысын шешудің ресми стратегиясы ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Иран қазіргі заман тарихындағы ірі су дағдарысына тап болып отыр.

Иран билігі кейінгі 50 жылдағы ең құрғақ жыл болып жатқанын айтқан шақта осындай қадамға барайын деп отыр.

Тұтас елде жауын-шашын мөлшері күрт азайған, ірі қоймалардағы су деңгейі ең төменгі межеге дейін түсуге аз қалды, ал жылдар бойғы ысырапшылдық суды жинақтап, өткізетін жерасты қабатындағы ылғалды сарқыған.

Тегеран сияқты ірі қалаларда су пайдалануға шектеу қойылды.

Жаңа стратегия көрші елдерден артық суды сатып алуды және "виртуалды су" деген атпен танымал ішкі ресурсты үнемдеу мақсатында суды көп талап ететін тауарлар импортын кеңейтуді қарастырады.

Көп мөлшерде суды қажет ететін дақылдарды немесе өнімдерді көптеп импорттау арқылы ішкі ресурсты үнемдеуді білдіретін "виртуалды су" концепциясы Иранның ауыл шаруашылығына басым берген ел ретіндегі ұстанымынан айтарлықтай ауытқығандығын білдіреді.

Иранның көршілері, арасында Ауғанстан, Ирак пен Пәкістанның шекаралас аймақтары да бар, олар да қазір қуаңшылық және су тапшылығын бастан кешіріп жатыр. Иранның солтүстік батысындағы Арменияда салыстырмалы түрде су ресурсы қоры жеткілікті.

Норвегияда тұратын климатолог Насер Карами Азат Еуропа/Азаттықтың Фарда радиосына Иран бұл бағытта Ауғанстанға қайырылып, сауда немесе тауар алмасу келісімін жасауға тырысуы мүмкін дейді.

"Ауғанстан арқылы өтетін көп өзен бар, үшеуі Иранға барады. Және олар халықаралық суға қол жеткізу сияқты көп шығын әкелмейтін нәрселерде біздің көмегімізге зәру" деді ол.

Карами сонымен бірге Иранға айтарлықтай су импорттамайынша 90 млн тұрғынын асырауына шамасы жетпейтінін айтып, осылайша оның ауыл шаруашылық саласында өзін-өзі қамтамасыз етуге ұмтылып жүрген ұзақ жылғы талпынысына күмән келтірді.

"Біздің тым болмағанда 100 млн адам үшін азық-түлік өндіруге қауқарымыз жоқ. Біздегі құнарлы жер және сумен ең көп дегенде 40-50 млн адамды асырай аламыз, ал қалғанын импорттауға тура келеді. Бұл ақылға қонымды қадам" деді ол.

Дағдарысты сонымен бірге жергілікті БАҚ пен экологтар "су мафиясы" деп атап жүрген жайт та ушықтырып отыр. Бұл саяси тұрғыда өзара байланысты ауыл шаруашылығы лоббистері, бөгет мердігерлері және ұзақ жылдар бойы суды шексіз пайдаланудан, жер асты суларын шамадан тыс қолданудан және ауыл шаруашылығына бөлінген ірі субсидиялардың қызығын көріп келе жатқандардан құралған желі.

Су сатып алу идеясы көптеген ирандықтың жағасын ұстатты, бұл сонымен бірге тәуелсіздік пен тұрақтылық төңірегіндегі ұлттық нарративке де нұқсан келтіреді. Бірақ сарапшылар жағдай осындай қадамға мәжбүрлеп отыр деп санайды. Ирандағы су тапшылығы мәселесі ұзақ қуаңшылық қана емес, ондаған жылдар бойғы су ресурсын тиімсіз басқару мен климат өзгеруінің жылдамдығымен де ұштасып жатыр.

XS
SM
MD
LG