Сенбі күні Данияда мыңдаған адам АҚШ-тың Гренландияға бақылау орнатуына қарсы наразылық акциясына шықты. Копенгагенде наразылар әуелі қала орталығына жиналып, ізінше АҚШ елшілігіне қарай жылжыды.
Reuters-тің жазуынша, наразылар "Гренландия сатылмайды" деп айқайлап, "Гренландиядан қолыңды тарт!", "Біргеміз" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған.
Акция АҚШ президенті Дональд Трамп Американың Гренландияға бақылау орнатуына қарсы елдерге қосымша салық саламыз деп сес көрсеткен шақта өтіп отыр.
Копенгагенде Дания және Гренландия басшыларымен кездесу үшін келген АҚШ делегациясы жүр. Делегация жетекшісі сенатор Крис Кунс баспасөз жиыны кезінде АҚШ "осы уақыт бойы бірге қимылдап келгені үшін" Дания мен НАТО-ны құрметтейтінін айтты. "Дат корольдігі халқының Америка халқына деген сеніміне селкеу түспеді деп үміттенемін" деді Кунс.
- Трамп Гренландияға бақылау орнатқысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Бұл жөнінде алғаш рет 2019 жылы бірінші президенттігі тұсында айтқан. Трамптың айтуынша, Гренландия Америка әскері үшін өте маңызды және Дания оны қорғау үшін жеткілікті дәрежеде күш салмаған.
- 57 мың халқы бар әлемдегі ең ірі аралдардың бірі Гренландия НАТО-ға мүше болмаса да әскери блок құрамындағы Дания қорғауында.