Accessibility links

Давосқа ұшып шыққан Трамптың ұшағы "ұсақ ақауға" бола кері оралуға мәжбүр болды


Швейцарияға ұшып шыққан соң көп ұзамай қайтып оралған АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы Эндрюс әуе базасында тұр. АҚШ, Мэриленд штаты, 2026 жыл.
Швейцарияға ұшып шыққан соң көп ұзамай қайтып оралған АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы Эндрюс әуе базасында тұр. АҚШ, Мэриленд штаты, 2026 жыл.

Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу үшін Швейцарияға ұшып шыққан АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай "электр жүйесіндегі ұсақ ақауға" байланысты Мэриленд штатындағы Эндрюс әскери базасына қайта оралған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитттің айтуынша, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай экипаж "сақтық үшін" кері қайтқан жөн деп ұйғарған. Ұшақтың бірнеше жарық шамы істемей қалған. Трамп Швейцарияға басқа ұшақпен аттанады деп айтылды. АҚШ президенті мен оның кабинет мүшелері Давоста еуропалық лидерлермен бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр деген ақпарат болған. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – Гренландия жайлы болмақ деген болжам айтылған. Трамп АҚШ қауіпсіздік мүддесіне байланысты бұл аумақты өз бақылауына алуы тиіс деп есептейді.

Трамп АҚШ-та 1990-жылдардың басынан бері президент ұшағы ретінде пайдаланылып келе жатқан Boeing-747 ұшағының техникалық жай-күйіне байланысты бұған дейін бірнеше рет наразылық білдірген. Бірнеше жыл бұрын Boeing компаниясына екі жаңа президенттік ұшақ жасауға тапсырыс берілгенімен, олар Дональд Трамптың президент қызметіндегі өкілет мерзімі аяқталғанға дейін дайын болмауы мүмкін деген пікір бар.

Былтыр көктемде Трамп әкімшілігі Қатар үкіметі сыйға тартқан жаңа Boeing-747-8 ұшағын қабылдаған еді. Алайда оны президенттік ұшақ ретінде пайдалануға бейімдеп қайта жаңартуға едәуір уақыт қажет болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG