Accessibility links

ДДСҰ: Судандағы ауруханаға жасалған соққыдан 64 адам қаза болды

Шабуылдан кейінгі аурухана.
Шабуылдан кейінгі аурухана.

Суданда Әл-Деайн университетінің ауруханасына жасалған ракета соққысынан 64 адам қаза болды, 13-і – бала деп хабарлады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Қаза болғандар арасында екі медбике, дәрігер және науқастар бар деді ДДСҰ. Соққы 21 наурызда түнде жасалған. Кейбір мәліметке қарағанда, соққыны азаматтық соғыс кезінде Судан әскері жасауы мүмкін.

90-ға жуық адам жарақаттанған. Соққының салдарынан педиатрия бөлімі, перзентхана және жедел көмек көрсету бөлімі ішанара қираған. ДДСҰ-ның хабарлауынша, аурухана жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

"Көп қан төгілді. Жеткілікті азап келтірілді. Судандағы қақтығысты аяқтап, бейбіт халық, медицина қызметкерлер мен гуманитарлық қызметкерлерді қорғауды қамтамасыз ететін уақыт жетті. Денсаулық сақтау саласы ешқашан нысанаға айналмауы керек" деп жазды ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Гебрейесус.

2023 жылы көктемде Суданда билік пен "Жедел қимылдау күштерінің" тобы (RSF) арасында азаматтық соғыс басталған.

Аурухана орналасқан Дарфур аймағының батысын RSF бақылап отыр деп хабарлады Associated Press. Олар шабуылға Судан әскерін айыптаған.

Судан әскері ресми түрде айыпты жоққа шығарды, алайда Судан әскеріндегі екі анонимді дереккөз журналистерге шабуылдың нысанасы аурухана маңындағы полиция бөлімі болғанын айтты.

БҰҰ-ның мәліметінше, әскери қимылдың салдарынан 40 мыңнан астам адам қаза болған, 8 миллионнан астамы басқа елге кетуге мәжбүр болған. Тараптар бір-бірін әскери қылмыс жасады деп айыптады. RSF тобының әрекетінде сонымен бірге "геноцид белгілері" бар деді БҰҰ өкілдері. Суданда халықтың жартысына жуығы әскери қимылға байланысты аштықтың алдында тұр. Гуманитарлық миссия қызметкерлері де шабуылдан жиі зардап шегеді.

XS
SM
MD
LG