АҚШ президенті болып сайланған Джо Байден Деб Хааландты елдің ішкі істер министрі қызметіне ұсынбақ. Бұл туралы The Washington Post басылымы жазды.
60 жастағы Халанд – АҚШ-тың оңтүстік-батысында тұратын пуэбло үндістерінің өкілі. Кандидатурасы бекітілсе, ол Америка тарихындағы ішкі істер министрлігін бақаратын алғашқы үндіс болмақ.
Деб Хааланд – АҚШ-тың өкілдер палатасының әрі Демократиялық партияның мүшесі. Конгрестің төменгі палатасының басшысы Нэнси Пелоси Байденнің таңдауын құптайтынын мәлімдеді.
Мұның алдында Байден сан түрлі мәдениет пен ұлттан тұратын Американың әралуандығын паш ететін кабинет құруға уәде берген. Президент болып сайланған Байден қорғаныс министрі қызметіне Ллойд Остинді ұсынған. Бекітіліп жатса, ол АҚШ тарихындағы Пентагонды басқаратын алғашқы афроамерикалық болмақ. Американың қаржы министрі лауазымына алғаш рет әйел адам – Джанет Йеллен тағайындалады деген болжам бар. Ал АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік министрлігін алғаш рет иммигрант Алехандро Майоркас басқармақ.
Демократиялық партия өкілі Джо Байден биылғы 3 қарашадағы сайлауда сайлаушылар алқасының 306 дауысымен жеңіске жетті деп жарияланған. Оның қарсыласы – Республикалық партия атынан додаға түскен Дональд Трамп 232 дауыс алды. Трамп «сайлауда көп бұрмалау болды» деп нәтижені мойындаудан бас тартты.
14 желтоқсанда сайлаушылар алқасы 306 дауыспен Джо Байденді АҚШ президенті етіп ресми түрде сайлады. Конгресс бұл нәтижесі қаңтардың басында бекітуі керек. 2021 жылғы 20 қаңтарда Джо Байден АҚШ президенті қызметіне кіріседі.
ПІКІРЛЕР