Украина қорғаныс министрлігіне жақын DeepState жобасының есебінше, 2025 жылы Ресей 4 336 шаршы шақырым немесе Украина жерінің 0,72 пайызын басып алған.
2023 жылдың 1 қаңтарынан 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басып алынған жалпы аумақ 7 463 шаршы шақырымды құрады. Бұл Украина жерінің 1,28 пайызы.
«Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 2025 жыл Украина қарулы күштері үшін шынымен де күрделі жыл болды» дейді жоба сарапшылары.
Жоба өкілдері басып алынған облыстар бойынша статистиканы жариялады:
- Днепропетровск — 0,6 пайыз;
- Сумы — 1 пайыз;
- Харьков — 4,7 пайыз;
- Херсон — 72 пайыз;
- Запорожье — 74,8 пайыз;
- Донецк — 78,1 пайыз;
- Луганск — 99,6 пайыз.
Бұған қоса, тұтас аннексияланған Қырым түбегі де бар.
DeepState мәліметінше, жалпы Украина жерінің 19,25 пайызы немесе 116 165 шаршы шақырым басып алынған.
Желтоқсан айының соңында Украина билігі Чернигов облысының шекаралық аумақтарынан халық күштеп эвакуацияланғанын хабарлаған.
Бейбітшілік жоспары аясында Украина Ресей әскерін Днепропетровск, Николаев, Сумы және Харьков облыстарынан шығаруды ұсынып отыр. Ал Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарындағы майдан сызығын іс жүзінде мойындауды талап етеді деген еді Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін.
Кремль украин күштерін Донбастан шығаруды талап етеді. Ал АҚШ онда экономикалық аймақ құруды ұсынады. Ал Украина бұл мәселе тек референдум арқылы шешілуі керек деп санайды.