Accessibility links

Депутат шетелдегі соғысқа қатысқандарға жазаны жұмсартуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, Қазақстанда шетелдегі соғысқа қатысқандар саны артып жатыр. 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы – 141 іс тіркелген. 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 азамат сотталған.

Депутаттың айтуынша, “бірі әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі адасу мен алдану арқылы” баруы мүмкін, енді бірін “мәжбүрлеуі мүмкін”.

"Осындай жағдайға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта, шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап, ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады" деді сәрсенбі күні бас прокурор мен ішкі істер министріне сауалын бағыттаған депутат.

Ол қылмыстық саясатты қайта қарастыруды ұсынып, тек терроризм мен әскери қылмыс жасағандарды ғана қатаң жазалауды ұсынды.

Қазақстанда шетелге соғысқа кеткен азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан, ел азаматтарының Украинадағы соғысқа кеткендер аз еместігі бұған дейін де айтылған. Бұған дейін елде мұндай үгіт-насихатқа неге тосқауыл қойылмады деген сұрақ та көтерілген еді.

Қазіргі заңнама бойынша шетелдегі соғысқа қатысқандарға 5-9 жыл аралығында түрме жазасы берілуі мүмкін.

Ақпан соңында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны "шетелдегі қақтығысқа қатысқаны үшін" алты жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Былтыр "Медиазона" Қазақстанда бір жылда Украинада Ресей әскері қатарында соғысқандарға қарсы 700 қылмыстық іс қозғалғанын жазған еді. Билік бұл ақпаратқа реакция білдірмеген.

XS
SM
MD
LG