Қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың шетелден қаржы алуын реттеу және “шетел агенті” тізімін енгізу ықтималдығы төңірегінде талқылау жүріп жатыр.
“Диабеттік ата-аналар комитетінің” жетекшісі Руслан Закиев Facebook желісінде ашықтық идеясын қолдап, бірақ бұл тұрғыда халықаралық көмек алатын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың бәріне бірдей көзқарас керектігін атап өтті.
“Неге үкіметтік емес ұйымдар халықаралық көмек алған кезде мұны “шетел ықпалы” деп атауды ұсынып, мемлекетке төнетін қатерге теңеуге аз қалады? Ал халықаралық қаржыны мемлекеттік құрылымдар, министрліктер, комитеттер мен ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік ұйымдар алған кезде бұл “серіктестік”, “техникалық көмек”, “инвестиция”, “дамуға арналған қарыз”, “халықаралық әріптестік” деп аталады” деп сұрақ қояды комитет жетекшісі.
Ол жазбасында Open Society Foundations, NED және European Endowment for Democracy сияқты халықаралық донорлардың құқықтық шеңберде жұмысі істеп, ашық есеп беретінін атап өтеді. Ол өз кезегінде Қазақстан үкіметінің UNDP немесе Ислам даму банкі сияқты түрлі халықаралық ұйымдардан қаржы алатынын атап өтіп, нақты мысал мен цифрлар келтіреді.
Оның пікірінше, нақты жағдайда мәселе ақшаның қайдан алынғандығында емес – оны пайдаланудағы ашықтық пен оны қаншалықты тиімді пайдалануда.
Закиев жазбасында Қазақстандағы саяси партиялардың ашықтық мәселесіне де тоқталады. Оның сөзінше, “ашықтық” мәселесін қозғаған депутат Магеррам Магеррамов мүше Қазақстан халық партиясының жылдық қаржы есебін ашық ресурстардан таппаған. Ал заң бойынша олар жылдық есепті жариялауға міндеті. Ол сөзінің аяғында азаматтық секторды, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттің “жауына” айналдырмауға шақырған.
"Азаматтық секторды мемлекеттің жауына айналдырудың қажеті жоқ. Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар – "жеккөрушіліктің құралы" емес. Бұл күн сайын балалармен, пациенттермен, мүгедектігі бар адамдармен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылармен, экология, адам құқығы, білім, медицина, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік жүйе қамтуға үлгермей жатқан ондаған мәселемен айналысатын адамдар" деді Закиев.
Бір күн бұрын депутат Магеррам Магеррамов шетелден қаржы алатын құқық қорғау ұйымдар “адам құқығын желеу етіп, жылдар бойы азаматтарды өз елін жек көруге баулып келеді” деп мәлімдеген еді.
Оның сөзінше, мұндай ұйымдар мемлекеттік институттарға деген сенімге "селкеу түсіріп", қоғамды "тұрақсыздыққа" "жетелейді".
"Шын мәнінде мұндай ұйымдардың көбі ондаған жыл бойы өз елдерінде жеккөрушіліктің рупоры сияқты әрекет етіп, құқық қорғауды жамылып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне жүйелі түрде селкеу түсіріп, тұрақсыздыққа жағдай жасап, ондаған жыл бойы құқықтық тұрғыда тиісінше реттелмей, де-факто экстремистік қызметтің белгілері бар әрекет жасап келеді" деді Магеррамов.
Бірақ ол мәлімдемесінде нақты мысал келтірмеген.
Қазақстанның қаржы министрлігі 2023 жылдан бері шетелден қаржы алғандарды арнайы реестрге енгізіп келеді. Бірақ депутаттың сөзінше, бұл жеткіліксіз. Ол талаптарды күшейту қажеттігін айтқан.
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда "шетел агенті" туралы заң қабылдау мәселесі жиі айтыла бастады. Бұған дейін әділет министрлігі Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында парламент тарапынан мұндай заң жобасын әзірлеу ұсынысы түспегенін жазған.