Accessibility links

Днепропетровск облысында автобусқа дрон түсіп, 12 кенші қаза тапқан

Ресейлік дрон шабуылына ұшыраған автобус. Украинаның төтенше жағдайлар қызметі жариялаған фото. 1 ақпан, 2026 жыл.
Ресейлік дрон шабуылына ұшыраған автобус. Украинаның төтенше жағдайлар қызметі жариялаған фото. 1 ақпан, 2026 жыл.

Ресей әскері Украинаның Днепропетровск облысы Павлоград қаласындағы көмір өндіретін кәсіпорынға жасаған дрон шабуылынан көп адам қаза тапты. Бұл туралы Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.

Дрондардың бірі шахта жұмысшылары отырған автобустың дәл қасына түсіп жарылған. Днепропетровск облыстық әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа кемінде 12 адам мерт болып, жеті адам жараланды деген. Кейінірек ДТЭК компаниясы қаза тапқандар саны 15 адам деп хабарлады, алайда артынан деректі қайта нақтылады. Соңғы ресми мәлімет бойынша, 12 адам қаза тауып, 16 кісі зардап шеккен.

Павлоград ауданы Терновка қаласы мэрінің орынбасары Вадим Добровольский өртенген автобустың фотосын жариялады.

Украина кеншілерінің тәуелсіз кәсіподағы басшысы Михаил Волынец кемінде төрт "Шахед" дроны шабуылдады деп хабарлады. Ресей әскері әзірге бұл оқиға жөнінде ештеңе айтқан жоқ.

Оған дейін, жексенбі күні ресейлік күштер Запорожье қаласындағы перзентханаға шабуылдаған. Салдарынан алты адам зардап шеккен, арасында осы перзентханада жатқан екі әйел бар.

1 ақпандағы таңертеңгі дерек бойынша, алдыңғы күні Украинада Ресей күштерінің шабуылынан кемінде үш бейбіт адам қаза тапқан, бәрі – Днепропетровск обласында шабуылға ұшыраған.

Айдар
XS
SM
MD
LG