Accessibility links

Дрон шабуылынан бүлінген Орынбор газ өңдеу зауыты қазақстандық Қарашығанақтан қайта газ қабылдай бастады


Орынбордағы газ өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.
Орынбордағы газ өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.

Өткен аптада дрон шабуылынан бүлінген ресейлік Орынбор газ өңдеу зауыты қазақстандық Қарашығанақтан қайтадан газ қабылдай бастады

Бұл жөнінде сәрсенбі күні Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

“Газ қабылдай бастады. Меніңше, 200 мың [текше метр]. Кеше уәде бергенімдей, біртіндеп қалпына келтіріп жатырмыз. Бәрі дұрыс сияқты” деді Ақкенженов.

Ол сонымен бірге кеніште де газ өндіру қалпына келтірілетінін айтты.

19 қазанда дрон шабуылынан Орынбор газ өңдеу зауытының Қарашығанақ кенішінен мұнайды қабылдау тоқтатылғаны белгілі болған. Ізінше Қазақстанның Қарашығанақ кенішінде газ өндіруді 25–30%-ға қысқартқаны хабарланған еді.

Ақпаратқа қарағанда, украин дрондарының шабуылынан кейін Орынбор газ өңдеу зауытында цехтардың бірінен өрт шыққан. Әзірге зауыт толық қалпына келтірілмеген деп айтылады.

Орынбор газ өңдеу зауыты әлемдегі ірі газ-химия кешендерінің бірі ретінде аталады. Зауыт жылына 37,5 млрд текшеметр газ өңдейді.

Қазақстан аталған зауытқа жылына шамамен 9 млрд текше метр шикізат тасымалдайды, тазаланғаннан кейін газ республикаға қайта экспортталады. Қазақстан энергетика министрлігі жергілікті тұрғындарға газ тасымалдау тоқтамағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG