Accessibility links

Дрондар Новороссийск түбінде КҚК терминалына шабуыл жасады

Дрондар Новороссийск түбінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына шабуылдады. Бұл жөнінде компания хабарлады. Екі танкер зардап шеккен: Либерия туын іліп алған ASIA және Маршалл аралдары туын ілген NISSOS IOS кемесі.

Шабуыл шикізатты тиеу кезінде болған, қазір тиеу жұмыстары тоқтатылған. Соққының салдарынан ASIA кемесінде өрт тұтанған. Кейін өрт сөндірілген.

Компанияның хабарлауынша, терминал экипажы мен қызметкерлері арасында жараланғандар мен қаза болғандар жоқ. Мұнай төгілмеген. Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум нысанына алғаш рет соққы жасалып отырған жоқ.

Ставропольск өлкесінде дрон шабуылы салдарынан өнеркәсіп нысандарында өрт болды деп хабарлады аймақ губернаторы Владимир Владимиров.

“Өрттің салдарынан өнеркәсіп нысандарында тез жанатын материалдар тұтанады – Ставропольде [жарылыс] дыбысы естілді. Қазіргі кезде тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Вязники қаласында жұрт қауіпсіз орынға көшірілді. Өрт сөндірушілер өртпен күресіп жатыр” деп жазды губернатор телеграмда.

Astra басылымының OSINT-сарапшыларының хабарлауынша, Ставрополь мен оның маңында үш мұнай қоймасы өртенген болуы мүмкін. Арасында “Роснефть” мұнай қоймасы да бар. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Губернатор Александр Хинштейннің сөзінше, Курскіде дрондар көп қабатты үйлерге құлаған. Оның сөзінше, бір үйде пәтер өртенген, екі үйдің алдыңғы бөліктері қираған.

Льгов қаласында Хинштейннің сөзінше, автобус, азық-түлік дүкені мен аялдамаға соққы жасалған. Автобустың жүргізушісі мен дүкеннің жанында тұрған ер адам зардап шеккен.

Ресей қорғаныс министрлігі 19 шілдеге қараған түні 140 украин дроны шабуылдағанын хабарлады. Қаншасы атып түсірілгенін ведомство айтпаған.

Кейінгі кезде Украина қарулы күштері Азов және Қара теңізде ресейлік және Ресейге қатысы бар кемелер мен өзге де нысандарға шабуылды үдетті. Ресми мәлімет бойынша, кейінгі 12 күнде украин дрондары Ресейдің 150-ден астам кемесіне соққы берген. Оның ішінде 42 кеме Қара теңізде, қалғандары Азов теңізінде шабуылға ұшыраған.

Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы КҚК желісі арқылы әлемдік нарыққа жол тартады. Ұзындығы 1500 шақырым КҚК желісі былтыр бірнеше рет шабуылға ұшырап, құбыр жұмысында кідіріс болған. Атап айтқанда, 29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған кезде КҚК-ға тиесілі портқа да дрон тиген. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан.

Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының іс-әрекетін тежеу екенін айтқан.

Былтыр 11 желтоқсанда елдің энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты деп мәлімдеген. Ол Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоғын айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG