31 шілдеге қараған түні украин дрондары Ресейдің Волгоград облысындағы Wildberries-дің логистикалық орталығы мен мұнай өңдеу зауытына, сонымен бірге Татарстандағы тағы бір Wildberries қоймасына шабуыл жасады.
Волгоград облысының губернаторы Андрей Бочаров аймақтағы нысандарға «жаппай» дрон шабуылы жасалғанын хабарлады. Ол Волгоградтың Тракторозавод ауданындағы көпқабатты үй мен Красноармейск ауданындағы жеке үй бүлінгенін айтты. Губернатор бес адамның зардап шеккенін хабарлады.
«Волгоградтың оңтүстігіндегі отын-энергетикалық кешендегі өнеркәсіптік нысанда, сонымен бірге Дзержинский ауданындағы қоймаларда өрт болды» деп жазылған оның мәлімдемесінде.
Wildberries өкілдері Волгоградтағы қоймада өрт болғанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл кезінде ешкім зардап шекпеген.
Украинаның мониторингтік Exilenova+, Supernova+ және Astra телеграм арналары Ресейдің оңтүстігіндегі ең ірі мұнай өнімдерін өндіруші "Лукойл-Волгограднефтепереработка" мұнай өңдеу зауытында болған өрттің кадрларын жариялап жатыр. 2025 жылы аталған зауыт 13,7 миллион тонна мұнай өңдеді, бұл – елдегі жалпы мұнай өңдеу көлемінің шамамен 5%-ы. Украинаның қарулы күштері мұнай өңдеу зауытына бірнеше рет шабуыл жасаған. Украинаның шабуылынан кейін мамыр айының соңында зауыт жұмысын тоқтатты.
Телеграм арналар сонымен бірге Wildberries-дің Зеленодольскідегі (Татарстан) логистикалық нысанына шабуыл болғанын хабарлады. Интернетте жарияланған видеоларға қарағанда, шабуылдан кейін түтін шыққан, бірақ ірі өрт болмаған. Жергілікті тұрғындар Қазанда да жарылыс болғанын хабарлады.
Wildberries өкілдері кейін ондағы қойма "қалыпты" істеп жатқанын хабарлады. Жергілікті билік дрон шабуылына тойтарыс берілгенін мәлімдеді.
Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь Гуково қаласында көп қабатты үйге жасалған шабуылдан бір адам қаза болғанын хабарлады. Оның сөзінше, едендер қирап, тұрғындар эвакуацияланған. Батайскіде «дрон қалдықтары» жеке үйлер мен дүкенге түсіп, ғимаратты зақымдаған. Ал Ростовта орман өрті болды.
Ресей қорғаныс министрлігі Татарстан мен Дағыстанды қоса алғанда, бірнеше аймақта 371 украин дроны атып түсірілгенін хабарлады. Әзірге мұны растайтын тәуелсіз дереккөз табылған жоқ.