Accessibility links

Дубайдан шыққан екі жолаушы ұшағы Қазақстанға келіп қонды

Астананың халықаралық әуежайы
Астананың халықаралық әуежайы

АҚШ пен Израиль Иранға әуеден шабуылдап, Таяу Шығыс аймағында жағдай күрт шиеленісіп кеткен өткен сенбіден бері алғаш рет Қазақстанға Дубайдан жолаушы ұшағы келді.

Әуе қозғалысын тікелей режимде бақылайтын flightradar24.com сайтының дерегінше, Дубайдан ұшып шыққан FlyDubai әуе компаниясының ұшағы 3 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8:30 Астананың халықаралық әуежайына қонған.



Ұшу бағыты картасына қарағанда Дубайдан Қазақстанды бетке алып шыққан ұшақ Пәкістан, Ауғанстан мен Өзбекстанның әуе кеңістігі арқылы ұшып жеткен. Ұшақпен кімдер және неше адам келгені жайлы ақпарат әзірге айтылған жоқ.

Сейсенбі күні Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыға да Дубайдан жолаушы ұшағы келіп қонғаны белгілі болды. Мұндай ақпаратты сол ұшақпен жеткен адамдар әлеуметтік желіде жариялады.

Бұған дейін Қазақстанның көлік министрлігі 3 наурызға қараған түні Дубайдан Алматы (FZ1533) мен Астанаға (FZ1395) FlyDubai компаниясының екі ұшағы жолға шығады, әрқайсысында 170 орын бар деп хабарлаған.

3 наурызда Астанада өткен үкімет отырысынан кейін Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Дубайдан әуе қатынасы шектеулі болғандықтан, сондағы қазақстандықтарды көршілес Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар арқылы елге жеткізу көзделіп отырғанын айтқан.

Бақаев сейсенбіде қазақстандықтар мінген автобустардың алғашқы легі Дубайдан Оман сұлтанатына қарай шыққанын, күн аяғына дейін 467 азаматты Оманнан Қазақстанға жеткізу жоспарлап отырғанын айтты деп жазды ҚазАқпарат.

Шенеуніктің сөзінше, Қатардағы қазақстандықтар автобуспен Сауд Арабиясы астанасы Эр-Ридяқа, одан Жиддаға жеткізіліп, сондағы әуе компаниялары ұшағымен Қазақстанға оралмақ.

"Ал Иранның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, ол елдегі қазақстандықтар құрлық жолымен Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы ғана шығады", дейді вице-министр.

СІМ өкілінің айтуынша, дүйсенбі күні Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған оннан астам адам, Түркіменстан билігінің рұқсаты бойынша, Иран шекарасынан Түркіменстан аумағына өткен.

Бұған дейін Air Astana компаниясы егер Сауд Арабиясы мен Египеттің авиация саласын басқаратын ұйымдарынан тиісті рұқсат алған жағдайда 3 наурыз күні қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Мединаға екі рейс және Жиддаға екі рейс аттандыруды жоспарлап отырғанын айтқан.

Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарында бірнеше мың Қазақстан азаматы бар: шамамен 3,5 мыңы – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 3 мыңға жуығы – Сауд Арабиясында және 1,5 мыңға жуық адам – Қатарда.

XS
SM
MD
LG