Accessibility links

Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Мелания Трамптан көмек сұрады

Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайына арналған баспасөз жиыны (солдан оңға қарай): заңгер Маржан Аспандиярова, Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Қалимаш Тілепова және мәжілістің бұрынғы депутаты Гаухар Танашева. Алматы, 2 қыркүйек 2026
Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайына арналған баспасөз жиыны (солдан оңға қарай): заңгер Маржан Аспандиярова, Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Қалимаш Тілепова және мәжілістің бұрынғы депутаты Гаухар Танашева. Алматы, 2 қыркүйек 2026

Түрмедегі журналист Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Қалимаш Тілепова АҚШ президенті Дональд Трамптың әйелі Мелания Трампқа қайырылып, ұлының құқығын қорғауға көмектесуін сұрады. 2 қыркүйек күнгі баспасөз жиынында журналистің жақындары мен құқық қорғаушылар түрмедегі Мұхаммедкәрімнің жағдайы ауыр екенін айтты.

"Жалғыз ұлымның денсаулығы бітті, құрыды. Көмектессе екен деймін. Жан айқайымды білдіріп отырмын..." деді көзіне жас алған Қалимаш Тілепова жиын кезінде.

Оның мәлімдемесін оқыған заңгер Маржан Аспандиярова Мелания Трамптың бұған дейін Украинадағы соғыс кезінде жақындарынан күштеп әкетілген ондаған баланың отбасына қауышуына көмектескенін еске салды.

Заңгер жиын кезінде халықаралық адам құқығын қорғаушылардың Думан Мұхаммедкәрімнің ісінен тапқан заңсыздықтарды атап өтті. Атап айтқанда, Думан Мұхаммедкәрімге тағылған айыптың негізсіздігі, оған қатысты қолданылған азаптау мен қатігез әрекеттері (осы тұста заңгер қарауылдардың Мұхаммедкәрімді қақаған аязда Қонаевтан 1200 шақырым жердегі Қызылордаға жартылай ашық, іші жылымайтын көлікте қолы кісенделген күйі жеткізгенін айтты), тиісті медициналық көмек бермеуін де айтты. Бұған дейін Human Rights Watch ұйымы да Думан Мұхаммедкәрімді босатуды талап еткен еді.

Қалимаш Тілепова жиын кезінде ұлын көрмегеніне, тіпті дауысын естімегеніне екі жыл болғанын айтып, оның жағдайы мүшкіл екендігі жөнінде адвокаттарынан хабар алғанын айтты.

"Біз қартайған ата-аналармыз. Бізге саясат немесе қақтығыс та керек жоқ. Біздің әншейін ұлымыздың аман-есен қауіпсіз күйде екенін, қандай жағдайда екенін бір сәтке де болса да көруіміз қажет" деп жазылған мәлімдемеде.

Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеде өзінің құқықтарының бұзылуына қарсылық ретінде өзіне зиян келтіруге әрекеттенгені туралы ақпарат тараған еді. Адвокатпен әңгімеде журналист түрмеде өзінің құқықтарының бұзылуына қарсылық ретінде денсаулыққа зиян келтіретін заттарды – батерея, оттық жұтқанын айтқан. Мұхаммедкәрім асқазанынан әлі күнге дейін оттық алынбағанын жеткізген.

Сәрсенбі күнгі жиында заңгер Маржан Аспандиярова журналистің асқазанынан әлі күнге дейін зиян келтіретін заттар алынбағанын айтып, оған ота жасауды талап етті.

"Думанның адвокаттарына нақты жауап берілмеді. Ол заттар әлі Думанның асқазанында. Ультрадыбыстық зерттеу қорытындысына қол жеткізе алмай отыр. Оның көлемі, салмағы, ұзындығы, қандай материалдан жасалған, білмейміз. Қазір тамақты қабылдап жатқан жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі, ішкі істер министрлігі, бас прокуратураның адамның өміріне қатер төнгенін біле тұра, ешқандай шара қолданбай отырғанына наразымыз. Тексеру жүргізіліп, ота жасалуы керек. Және ол ота түрменің жанындағы изоляторда, процедуралық кабинетте емес, кәдімгі Алматы немесе Астанаға апарып, білікті дәрігерлердің қадағалауымен жасатуды талап етеміз" деді Маржан Аспандиярова.

  • Журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 2024 жылы тамызда жеті жылға сотталған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Сол жылы қарашада апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.
  • Мұхаммедкәрімнің үстінен қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған онлайн-сұхбат себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ"-ны "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
  • 20 жылға жуық уақыт мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, біраз уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялады. Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар қырғыны кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
  • Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
  • Халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түсіп, Қазақстан билігін оны босатуға үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті журналистің сұхбатқа бола сотталғанын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебіне қосқан.
Айдар
XS
SM
MD
LG