Accessibility links

Онкологияға шалдыққан Қарағанды тұрғыны құжаты болмағандықтан емделе алмай келеді


 Тамара Дунаева
Тамара Дунаева

Қатерлі ісіктің үшінші дәрежесімен ауыратын Қарағанды тұрғыны, 42 жастағы Тамара Дунаеваға құжаты жоқ деген себеппен медициналық көмек көрсетілмей жатыр.

"Ауру қатты жаныма батады" деген әйелге тек жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болмағандықтан ғана ем-дом жасалмай келген. Қазір оның ЖСН-ы бар, бірақ жеке куәлігі дайын емес. Соңғы бірнеше ай оған тек жедел жәрдем қызметкерлері ауруды басатын ине салып жүр.

– "Жедел жәрдемді" бірнеше күн қатарынан күніне екі-үш мәрте шақыратын кездерім болады. Емханаға барып, мені онкологиялық аурулар бөліміне емдеуге жіберуді сұрадым. Алдымен ЖСН-ым болмағандықтан емдемеді. Қазір ЖСН бар, енді жеке куәлік алу ғана қалып тұр. Сонда да ем-дом жасамайды. Енді медициналық сақтандыру жарнасын төле деп жатыр, әйтпесе бәрібір емдемейді екен, – деді Тамара Дунаева Азаттыққа.

Облыстық денсаулық басқармасы құжат болмайынша, ем жасалмайтынын, бірақ шұғыл көмек қажет болса, Дунаеваға тиісті медициналық жәрдем көрсетілетінін айтты. Құжатын алған бойда ол емдеуге жіберіледі дейді басқарма өкілі.

БҰҰ-ның босқындар бойынша жоғары комиссарының "Босқындарға және азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек" бағдарламасы аясында Дунаеваға көмектесіп жатқан құқық қорғаушылар бұл жағдайды адам құқықтарын бұзу деп санайды. Олардың айтуынша, бұл іс тығырыққа тіреліп тұр.

– Заңда құжаты жоқ адамдардың қандай жеңілдігі бары нақтыланбаған. Оның (Дуанаеваның – Ред.) қазіргі басты мәселесі – осы. Бұл – адамның емделу құқығын бұзу, себебі оған ем керек. Бұл жөнінде денсаулық басқармасына сәуір айында хат жазғанбыз, бірақ әлі жауап болмады. Жақында облыстық денсаулық басқармасына тағы қоңырау шалдым, сол ұсыныс хаттың көшірмесін тағы жіберуімді сұрады. Тағы да күтіп отырмыз. Хатымыздың неге қараусыз қалғаны түсініксіз. Мұның алдында не хосписке жатқызуды, не қандай да бір медициналық көмек көрсетуді сұрап Қазақстандағы "Қызыл жарты ай" ұйымына хабарласқанбыз. Өкінішке қарай, олар да үнсіз қалды. Түсінгенім, олар көмектесе алмайды, себебі онкологияны емдеу өте қымбат, – деді Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро заңгері Данияр Ахмади.

Адам құқықтары бюросының мәліметі бойынша, оларға жыл сайын құжаты жоқ екі мыңға жуық адам хабарласады. Олардың көбі – Совет одағы тараған соң құжатын ауыстыруды сұрап, дер кезінде миграциялық полицияға өтініш жазбаған адамдар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG