Freedom Ticketon сервисі қарайтын Freedom Holding-тің басшысы Тимур Турлов Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билет сатуда не себепті ақау болғанын түсіндірді.
Турловтың түсіндіруінше, Ticketon комиссия үшін билеттерді тарататын агент ретінде таңдалған. Концертке сұраныс көп болғандықтан билеттерді сату кезінде сайт салмақты көтере алмай, істен шыққан. Техникалық ақаудың нәтижесінде көптеген орындар қайталанып сатылып кеткен. Кейін бұл белгілі болған кезде сатылым тоқтатылған.
Турлов өз жазбасында барлықтарына сервистік жарнаны қайтарып беруге уәде берген. Оның сөзінше, "сатылып кеткен орындарды" сатып алғандарға және бағасы жағынан одан да нашар балама ұсынылғандарға Ticketon өз есебінен ұйымдастырушылардан билет сатып алып, ақшаларын қайтарады. Олар концертке тегін бара алады. Бұған қоса орындары ауысып, қымбатырақ билет ұсынылғандарға билет бағасындағы айырмашылықты компания төлеп бермек. Балама орын таба алмаған және ваучер берілмеген азаматтар билеттің бағасын қайтара алады деді Турлов.
"Осының салдарынан бізге бірнеше жүз миллион теңге шығын келеді. Бұл шешім сервистің бір жылдық табысымен пара-пар және біздің команда оған лайықты екеніне сенімдімін. Техникалық есептер туралы кейінірек жазамыз. Ендігәрі мұндай концерттер қандай техникалық мәселе туындататынын білетін боламыз" деді кәсіпкер.
Сәуір басында үкімет отырысы кезінде 1 тамызда Астанада америкалық әнші Дженнифер Лопестің концерті өтетіні, соған орай сырттан 15 мың турист келетіні және қаладағы қонақүй, мейрамхана, тамақтану желілеріне 6,5 млрд теңге кіріс және бюджетке 400 млн теңге көлемінде тікелей салық түсетіні айтылған еді.
Дженнифер Лопес Қазақстанда бұған дейін кемінде екі рет болған. 2010 жылы ол экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның туған күнінде ән айтқан. Екінші рет жаңа жылдық кешке қатысқан деп айтылады. Дженнифер Лопес 2013 жылы Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күнінде өнер көрсетіп, құқық қорғаушылардың сынына қалған еді.