Accessibility links

ЕАЭО: Қазақстан Қырғызстаннан заңсыз кіретін тауарларға байланысты шекара бақылауын күшейткен

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірі (көрнекі сурет)
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірі (көрнекі сурет)

Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада жүк көліктері кезегі пайда болуына байланысты түсініктеме берді. Ұйымның мәлімдеуінше, Қазақстан билігі Қырғызстаннан заңсыз тауар тасымалданғаны анықталғанын хабарлап, тексеру шаралары белгіленген мерзімде аяқталатынын айтқан.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген өткізу бекеттерінде жүк көліктері жиналып қалуына себеп болған шекаралық рәсімдеу уақытының ұзаруын Еуразия экономикалық комиссиясы жоспарлы бақылау іс-шараларының жүргізілуімен байланысты деп түсіндірген.

ЕАЭО Қазақстанның уәкілетті органдарына сілтеп, "жүргізіліп жатқан шаралар нақты мақсаты бар және уақытша сипатта" деп мәлімдеді. Ұйым таратқан ақпаратта бұл іс-шаралар "мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесу арқылы шекарадағы тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтіні" айтылған.

Сондай-ақ Қазақстан тарапы бұл шараларға әріптестер түсіністік танытады және заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге ықылас білдіреді деп үміттенеді делінген.

"Мұнлай шаралар Еуразия экономика одағына мүше мемлекеттердің ұлттық құзыретіне жататындығына және еуразиялық интеграцияға әсер етпейтіндігіне назар аударғымыз келеді. Сонымен қатар ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасы одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасында кеден, көлік, санитарлық, ветеринарлық және карантиндік-фитосанитарлық бақылауды алып тастауды көздейді (ЕАЭО құқығында көзделген жағдайларды қоспағанда). Жалпы алғанда, мемлекеттер арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді әріптестік үкіметтер мен уәкілетті органдардың заңды әрекеттеріне негізделуі тиіс. Ал контрабанда – мемлекетаралық қатынастарға, ол елдердің экономикасына да, интеграциялық үдерістер тұрақтылығына да зиян келтіреді", – делінген жарияланған ақпаратта.

Былтыр қыркүйек айында Қырғызстан билігі ел аумағына заңсыз енгізілмек болған 44 тонна сәбіз бен қызылшаны Қазақстанға кері қайтарғанын хабарлаған. Тергеу барысында аталған ауыл шаруашылығы өнімдеріне қажетті фитосанитарлық сертификат болмағаны анықталған.

Бұған дейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "Чалдыбар" өткізу бекетінде сыбайлас жемқорлық схемасы әшкереленді деп мәлімдеген. Комитет дерегінше, лауазымды тұлғалар делдалдармен сөз байласып, жалған құжаттар жасап, ЕАЭО-ға мүше елдерден тауарларды заңсыз енгізген. Тергеу аясында түрлі мемлекеттік органдардың 20-дан астам қызметкері ұсталып, қамауға алынған.

Еуразия экономика одағы – мүше мемлекеттердің экономикалық интеграциясын көздейтін халықаралық ұйым. Одаққа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүше.

XS
SM
MD
LG