"SaveKokzhailau" қозғалысының белсенділері Көкжайлауда салынатын шаңғы курорты жобасының қоршаған ортаға әсеріне қатысты биыл мамырда өткен тыңдаудың нәтижесін сот арқылы жарамсыз танытуға күш салмақ. Бұл жөнінде 3 қыркүйекте Алматыда Адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз жиыны кезінде белсенділер мәлімдеді.
Белсенділердің пікірінше, курорттың қоршаған ортаға әсері бойынша тыңдау өткізу кезінде ережелер бұзылған. Құрылысқа қарсы белсенділер тыңдау нәтижесіне соттан тыс тәртіпте шағым түсірмек болған, бірақ Алматы әкімдігіне қарасты экология басқармасы тыңдауды жарамсыз тану және жаңасын тағайындау жөнінде өкілеті жоғын айтқан.
"Сол себепті әкімшілік сотқа Көкжайлау бойынша және Көкжайлаудағы жолға қатысты тыңдау нәтижесін жарамсыз тану туралы шағым түсіреміз" деді экология құқығы бойынша заңгер Вадим Ни.
Бүгін, 3 қыркүйекте экобелсенділер мен заңгерлер әуелі өткен аптада Көкжайлаудағы құрылысқа байланысты аудиожазба жариялап, ізінше 15 тәулікке қамалған Аруна Ортаеваның ісі бойынша пікір білдіруді жоспарлаған. Алайда ұйымдастырушылардың сөзінше, жиынның басталуына жарты сағат қалғанда изолятордан Аруна қатысушыларға хабарласып, оны өткізбеуді ұсынған.
"Біз жиынды шегере алмаймыз. Бірақ Арунаға зиян келмес үшін жиынның фокусын өзгертеміз, Көкжайлау бойынша жалпы айтамыз. Аруна бойынша сұрақтарға адвокат қана жауап береді" деді ұйымдастырушылардың бірі.
Вадим Нидің сөзінше, аталған даулы аудиожазба желіде бұған дейін, тіпті мамырдың өзінде жарияланғанын, бірақ оның шын аудио екеніне толық сенім болмаған. Кейінгі оқиғаларға қарағанда аудио шын сияқты дейді.
Оның айтуынша, Қызыл кітапқа енген ағашты кесу Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша жазаланатын қылмыс. Ондай ағашты кесу үшін үкіметтің арнайы рұқсаты керек, бірақ белсенділердің дерегінше, жоба өкілдері үкіметтен рұқсат сұрамаған.
Экобелсенді Салтанат Ташимованың айтуынша, қоғамдық тыңдау кезінде белсенділерге жобаның өзін көрсетпеген, ешқандай сараптама нәтижесін де бермеген, аспалы жолдарды салу құны немесе жобаның өтелу мерзімі бойынша есептеулер көрсетілмеген.
Жоба өкілдері мұндай құжаттарды кейін көрсететінін айтқан. Бірақ әлі күнге дейін ондай ақпарат берілмеген. Бұған дейін белсенділер президентке қайырылып, курорт құрылысын тоқтатуды талап еткен еді.
- Жуырда Көкжайлауда курорт құрылысы басталғанына қарамастан қоғамда тұрғындар мен экобелсенділер құрылысқа қарсылық білдіріп келеді. Жоба өкілдері құрылыс жергілікті туризмді дамытып, көп пайда әкелетінін, Шымбұлақ курортына салмақ артып жатқанын айтқан. Ал белсенділер мен қала тұрғындары курорт экожүйеге орасан зиян келтіретінін айтады.
- Биыл 26 мамырда Алматыда Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Құрылысқа қарсылар жиында сұрақ қоя алмағанын айтып шағынды. Белсенді Абай Ерекеновті қоғамдық талқылау өтіп жатқан Оқушылар сарайы залынан мәжбүрлеп шығарып, Медеу аудандық полиция бөліміне апарған. Сол күні кешке әкімшілік сот оған "қоғамдық тәртіпті бұзғаны" үшін айыппұл салды. Дәл сол күні қоршаған ортаға әсерге қатысты қалада бірнеше тыңдау өткен.
- Маусымда Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкіметтік брифингте Almaty SuperSki жобасы экологиялық бағалаудан, ғылыми талдаудан және қоғамдық тыңдаулардан өтті деп мәлімдеді.
- Көкжайлау шатқалындағы курорт салу жобасы бойынша пікірталас 2018 жылы басталған. Тәуелсіз экологтар мен белсенділер аспалы жолдар, қонақ үйлер және түрлі туристік инфрақұрылымдар салуды көздеген Алматы тау кластерін дамыту жоспарына қарсы болды. Олар мұндай өрескел араласу экологиялық жүйелерді тоздырып, флора мен фаунаның жойылуына және Қазақстанның ең ірі қаласы мен айналасындағы таулардағы жалпы экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғады деп қауіптенеді. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал экологтардың пікірлеріне сүйеніп, құрылыс жүргізуге жария түрде тыйым салды. Бірақ, арада жеті жыл өткенде ол қарамағындағы шенеуніктерге Алматы мен Алматы облысында шаңғы туризмі инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.