Эколог Лаура Мәлікова тағы 5 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады. Жақындары Лаура Мәлікова 13 қарашада шығады деп күткен еді. Енді оның жазасына тағы 5 тәулік қосылып отыр.
Ақпаратқа қарағанда, Лаура Мәлікованың үстінен 434-бап 1-бөлік ("Ұсақ бұзақылық") бойынша хаттама толтырылған.
"2 қарашада Instagram желісіне мониторинг жасау кезінде "laura.malikova_ecolog" есімді қолданушының парақшасында қорлау сипатындағы, нақтырақ айтсақ, "биліктегі ақымақтар" ("дебилы во власти") деген сөз айтылған видеожазба анықталды" деп жазылған 12 қараша күнгі хаттамада. Онда экологтың осылайша "қоршаған ортаға құрметсіздік танытқаны" айтылған.
Сот кезінде Лаура Мәлікова өзіне тағылған айыппен келіспеген.
3 қарашада Лаура Мәлікова “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 10 тәулікке қамалған еді. Оған желідегі жазбасы түрткі болған.
2 қарашада Лаура Мәлікова әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы реформалар мен экологиялық проблемалар туралы сөз қозғаған. Ол сондай-ақ Маңғыстау және Атырау тұрғындарына банктердегі депозиттерін қайтарып алуға және митингіге шығуға құқылы екенін түсіндірген.
"Сіздердің бұған құқықтарыңыз бар, біздің де бұған құқығымыз бар, бәріміздің де құқығымыз бар. Мен де табысы мен мүлік жағдайына қарай адамдарды осылай әлеуметтік санаттарға бөлуге қарсы шығатынымыз туралы әкімдікке хабарлама жіберемін" деген ол бейнежазбада.
Сол жазбасында эколог дәл сол күні полиция қызметкерлері өзін куәгер ретінде жауап алуға шақырту жібергенін, алайда олардың өздері істің мән-жайын білмегенін айтқан. Адвокат Досқараевтың сөзінше, іс жүзінде полиция тәуелсіз экологтан ешқандай жауап алмаған, ал Мәлікова шақырту бойынша барған кезде оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Бұған дейін Астана қалалық полиция департаменті Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында эколог Лаура Мәліковаға қатысты "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын да хабарлаған. Полиция тергеу құпиялығына байланысты басқа мәлімет айтылмайтынын жеткізді.