Accessibility links

Экологиялық айыппұл: Қашаған операторының мүлкі мен көлігіне тыйым салынды

Қашаған кеніші.
Қашаған кеніші.

Қашаған кенішінің операторы North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының мүлкі мен көліктеріне тыйым салынды. Қазақстан әділет министрлігінің атқару өндірісінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде осыны көрсететін құжат жарияланды.

Тізімде нақты қандай мүлік пен көліктерге тыйым салынғаны көрсетілмеген. Тыйым салынған күн - 21 шілде деп жазылған.

Әділет министрлігі өкілдері "Интерфакс" агенттігіне берген түсініктемесінде қозғалған атқару өндірісі аясында сот орындаушы шешімді күштеп орындату үшін заңда көрсетілген барлық шараны қолданатынын айтқан.

Бұған дейін Қазақстан билігі 21 шілдеде Қашаған операторынан 2,3 трлн теңге өндіріп алу бойынша атқару өндірісін қозғаған еді.

Атқару құжатын Атырау облысының экология департаменті шығарған. NCOC-тың Қазақстан алдындағы қарызы – 2,3 трлн теңге.

Бұған дейін Қазақстан әділет вице-министрі Даниель Ваисов NCOC консорциумы 2026 жылдың 20 шілдесіне дейін айыппұлды өтеуі керек екенін, әйтпесе компаниядан күштеп өндіріп алу шаралары қолданылатынын айтқан еді.

Қазақстан билігі мен NCOC бірнеше жылдан бері Қашағанда 2022 жылы экологтар анықтаған заңсыздыққа байланысты соттасып келеді.

Сол кезде жүргізілген тексеріске қарағанда, NCOC кеніште мөлшерден тыс көп – 1,2 млн тоннадан астам күкірт сақтаған болуы мүмкін. Экологтар сол кезде сонымен бірге NCOC-тың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар жоспарын (лас судың тиісінше тазартылмай құйылатыны және тағы басқа) толық көлемде орындамайтынын да айтқан еді.

NCOC тексерістің нәтижесін даулап, Қазақстан соттарына жүгінген. Алайда бірнеше инстанция, Жоғарғы сот та, Қашағанның шағымдарын кері қайтарды.

Ақпан айында Қашағанды игерушілер экологиялық айыппұлды даулау үшін халықаралық сотқа жүгінген.

Бұған дейін NCOC халықаралық сот Қазақстанға сот аяқталғанға дейін айыппұлды күштеп өндіру шараларын қолдануға тыйым салатын қаулы шығарғанын хабарлаған. Алайда Қазақстан әділет министрлігі шетелдік арбитраждың уақытша шарасы республика заңнамасының міндетті ережелерінен басым еместігін айтқан.

Батыс компаниялары Қарашығанақ пен Қашағанды игеруге 1990-жылдары кіріскен. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекет пен инвесторлар арасында өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған. Бұл келісімдердің қандай шартпен жасалғаны әлі күнге белгісіз. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды "тендер тәртібін бұзды", "Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындамады" деп айыптағаны белгілі болды. Bloomberg агенттігі сол жылы көктемде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.

Қашаған кеніші соңғы онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі ретінде аталады. Оның қоры 9-13 млрд баррель деп бағаланған.

NCOC консорциумының акционерлері – "Қазмұнайгаз" (16,88%), Eni — 16,81%, Shell — 16,81%, ExxonMobil — 16,81%, TotalEnergies — 16,81%, қытайлық CNPC — 8,33%, Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Айдар
XS
SM
MD
LG