Accessibility links

Энергетика министрлігі: Қазақстан Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндірісті азайтты

Каспий құбыр консорциумының ресми сайтынан
Каспий құбыр консорциумының ресми сайтынан

Қазақстан Қара теңізде мұнай тиеу операцияларын тоқтатты және мұнай өндіруді уақытша төмендетті. Бұған Қара теңіздегі қауіпті ахуал себеп. Бұл жөнінде энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрлік "кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" осындай шешім қабылдаған.

"Консорциумның (Каспий құбыр консорциумынының – ред.) барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды жағдайда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын", – делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстан энерегетика министрлігі резервуарларда мұнай шектен тыс толып кетпеуі үшін мұнай өндіруші компаниялар өндіріс көлемін азайту туралы шешім шығарған.

"Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", – делінген энергетика министрлігінің мәлімдемесінде.

Мұнай өндірісі қаншалық азаятыны туралы нақты айтылмайды.

"Қазіргі уақытта кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға тұрақты түрде мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге қажетті жағдайларды жасау жөнінде үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр", – деді энергетика министрлігі.

Бұдан бұрын Financial Times басылымы мен Reuters агенттігі КҚК Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін Қазақстаннан мұнай қабылдауды уақытша тоқтатқанын хабарлаған. Reuters дереккөздері Новороссийск маңында КҚК терминалындағы резервуарлар "шикізатқа лықа толып қалғанын" айтқан. Консорциум өкілі бұл ақпаратқа қатысты FT-ға пікір білдіруден бас тартқан.

Шілденің 17, 19 және 20 күндері Новороссийскідегі терминалдарға мұнай тиеп алуға барған бірнеше танкер дрон шабуылына ұшыраған.

Кемелерге дрон шабуылдағаннан кейін жасаған мәлімдемесінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап еткен.

Ресми Астана: "Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз" деп мәлімдеген. Бірақ шабуылдардың артында кім тұрғанын атын атап айтпаған.

Трамп әкімшілігі де сейсенбіде Киевті Ресейдікінен өзге кемелерге шабуылды тоқтатуға шақырған. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сілтеп Wall Street Journal хабарлады.

Ресей билігі бұл шабуылдарға Украинаны айыптап, оның мақсаты – әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандыру деп мәлімдеді.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі бағытқа жасалған шабуылға Киевтің қатысы жоқ деп мәлімдеген . Times of Central Asia басылымына сұхбатында украин дипломаты КҚК терминалынан мұнай тиемек болған танкерлерге шабуылға Киевтің қатысы барын дәлелдейтін айғақ жоғын айтып, өз елі бұған дейін Мәскеу осындай шабуылдарды арандатуға пайдалануы мүмкін деп ескерткенін еске салды.

КҚК акциясының 15 пайызына иелік ететін Chevron компаниясы жағдайды бақылап отырғанын және қызметкерлердің қауіпсіздігіне басымдық беретінін мәлімдеді.

Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы желісі арқылы тасымалданады. Қазақстан, Ресей және Батыстың кен өндіруші компанияларының еншілес құрылымдары бірлесіп иелік ететін консорциум Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі терминалға жеткізіп, одан әрі әлемдік нарықтарға жөнелтеді. 2025 жылы ҚҚК 70 миллион тонна мұнай тасымалдаған, оның 63 миллионға жуығы – экспортқа шығарылған қазақстандық шикізат, ал қалғаны Каспий жағалауындағы кен орындарынан өндірілген ресейлік мұнай болды.

  • Халықаралық консорциум нысанына алғаш рет соққы жасалып отырған жоқ. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған.
  • Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
  • АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. АҚШ-тың бұл жөнінде демарш жазғанын Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина биыл ақпанда айтқан.
Айдар
XS
SM
MD
LG