Еуроодақтан кейін Швейцария да ресейлік кәсіпкерлер Әлішер Усманов пен Михаил Фридманды санкция тізімінен алып тастады. Швейцария бір мезетте Ресей мен Беларуське қарсы ЕО-ның 21-санкциялық пакетіне қосылды. Бұл жөнінде Швейцария үкіметі хабарлады.
22 қыркүйекте осындай шешімді Еуроодақ та қабылдаған. ЕО кеңесінің құжатында Усманов пен Фридманды санкция тізімінен алу себебі түсіндірілмеген.
Швейцария билігі тағы 254 жеке және заңды тұлғаға санкция салды. Олардың активтері бұғатталады. Ал тізімге енген азаматтар Швейцарияға бара алмайды және ел аумағы арқылы транзитпен өте алмайды.
Бұдан бөлек, Швейцария үкіметі Ресейдің 33 банкі, үшінші елдегі бір банк, 17 қаржы мекемесі және криптовалюта қызметін көрсететін бір мекеме, бес шетелдік компания, Ресейдің төрт әуежайы және екі портымен қаржылық операция жүргізуге тыйым салды.
Ресейдің «тасадағы флотына» қатысы бар 41 кемеге де шектеу қойылды. Оларды сатып алуға, сатуға және қызмет көрсетуге тыйым салынды. Тағы 41 компанияға қатысты экспорттық бақылау күшейтілді.
Швейцария Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін нығайтуға пайдаланылуы мүмкін тауарларды, соның ішінде авиация өнеркәсібі мен дрон өндіруге қажетті өнімдерді экспорттауға қойылған тыйымды ұлғайтты.
2026 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша, Швейцарияда жеке және заңды тұлғалардың 8,5 млрд швейцар франкі көлеміндегі қаржылай активтері бұғатталған. Сонымен қатар 14 жылжымайтын мүлік, автокөлік, ұшақ, өнер туындылары және басқа да құнды заттарға шектеу қойылды.
Усманов пен Фридманды санкциядан босату олардың активтерін де шектеуден босатуға мүмкіндік беруі мүмкін. Швейцария билігі мұндай активтердің көлемін жариялаған жоқ.
Қыркүйекте Франция Әзербайжанның қысымымен Әлішер Усмановқа салынған санкцияны алып тастауға күш салғаны туралы ақпарат тараған еді. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, бұл мәселе Әзербайжанда тыңшылық жасады деген айыппен сотталған Франция азаматы Мартин Райанды босату мәселесімен байланысты талқыланған. Баку Парижге қысым жасады деген айыпты жоққа шығарды.
Financial Times басылымының мәліметінше, Михаил Фридманға салынған санкцияны алып тастауға Люксембург те күш салған. Кәсіпкер бұғатталған активтері үшін елден шамамен 16 млрд доллар өтемақы талап етіп отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Еуродақтың ресейлік кәсіпкерлерді санкция тізімінен шығару туралы шешімін сынға алып, мұндай қадамдарды кері нәтиже беретін әрекет деп атаған. Оның пікірінше, Мәскеуге қысымды әлсіретпей, керісінше күшейту қажет.