Accessibility links

ЕО-ның бес мемлекеті одақтан тыс аумақта мигранттар орталығын ашуға келісті

Австрия, Германия, Грекия, Дания және Нидерланды Еуроодақ аумағынан тыс жерде бірыңғай мигранттар орталығын ашуға келісті. Associated Press жазуынша, мұндай орталықтар пана сұрау туралы өтініштері қабылданбаған мигранттарды 2027 жылы қабылдай бастауы мүмкін.

Агенттіктің жазуынша, келіссөз Африка елдерімен жүргізіліп жатыр. Мұндай орталықтарды жұмысын БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы мен көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымдар қадағаламақ. Дегенмен БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы AP агентігіне әзірге ол елдерден бұл жөнінде тиісті ұсыныс түспегенін, сондықтан әзірге түсініктеме бере алмайтындықтарын айтқан.

1 маусымда Еуроодақ құжатсыз мигранттарды одақтан тыс аумаққа депортациялауға және оларды тінтуге рұқсат беретін жаңа заңды мақұлдады. Талқылау барысында көші-қон жөніндегі еуропалық комиссар Магнус Бруннер депортациялануы тиіс жүздеген мың мигранттың іс жүзінде үштен бірі ғана одақ аумағынан шығарылатындығына еуропалықтар наразы екенін айтқан. Оның мәліметі бойынша, былтыр ЕО-дан шығуы керек болған 491 мың адамның 135 мыңы ғана депортацияланған.

Осы жылдың маусым айында Politico басылымы ЕО дипломаттары арасындағы жасырын дереккөздерге сүйене отырып, ЕО-да тұруға рұқсаты жоқ мигранттарды орналастыратын орталықтар ашылуы ықтимал елдердің арасында Қазақстан мен Өзбекстан барын жазған еді.

Алайда кейінірек Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы істер министрліктері ақпаратты жоққа шығарды.

Еуроодақтың мұндай орталық ашу туралы жоспарын адам құқығын қорғау ұйымдары сынаған. Себебі мұндай шаралар құжатсыз мигранттарды өздері мүлде білмейтін елдерге депортациялауға мүмкіндік береді.

Айдар
XS
SM
MD
LG