"Сот үкімін орындамағаны үшін" (430-бап) үстінен қылмыстық іс қозғалған белсенді Ермек Нарымбаевтың қамау мерзімі 3 мамырға дейін ұзартылды. Бұл жөнінде адвокаты Василий Садықов Азаттыққа хабарлады.
Адвокаттың сөзінше, 1 сәуір күнгі сот отырысында қорғау жағы Ермек Нарымбаевтың қарауында 81 жастағы сырқат әкесі барын айтып, бұлтартпас жазасын өзгертуді сұраған. Алайда "сот уәжімізді қабылдамады" дейді адвокат.
Биыл 5 ақпанда Астананың тергеу соты Ермек Нарымбаевты екі айға қамауға рұқсат берген еді. Ол тергеу жалғасқанша қамауда болады.
Наурыздың басында ол өзіне қолданылған бұлтартпас жазасына келіспей, аштық жариялаған еді. Адвокатының сөзінше, ол әлі аштығын тоқтатпаған.
Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.
2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.
Ермек Нарымбаев бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған еді. Адвокатының сөзінше, бұл жолы оған қылмыстық бап қолданылып отыр.